Задында, рухани жаңғырудың, жан жарығымен кемелденудің, «сәулелі кісі» атанудың кілті – «ұлттық кодыңды сақтай білу», «ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттың салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ету», дейді Елбасы. Негізінде, ұлттық сана дегеніміздің өзі – мемлекеттік сана. Ұлттық-мемлекеттік сана бар жерде тіл, дәстүрлер, ұлы эпостар, тарих, ізгілік қағидаттары қорғалады, жоғары деңгейге көтеріледі. Сөйтіп, өркениетті елдердің санатында көрінуге жойқын серпін берері сөзсіз.
Жоғары ұлттық сана ақылды, арлы, ғылым-білімге ынтық, сұлу мінезді майталман маман болуға құлшындырады. Елшілдікті, мемлекетшілдікті, ізгілікті құнттап, адал қызмет жасауды мұрат етеді. Абай: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» десе, бәсекелік қабілетті де, адамшылыққа, биік санаға ие болуды да қозғап отыр. Бұл тұста ел Президентінің: «Адам баласы шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі» деген хикмет сөзін келтіруге болады. Құран Кәрімде «Адамды құт иесі қылдық» делінген. Демек, адам баласы ақыл-қайраттың, буырқанған жігердің, өнердің, білімнің, сезімнің, берекелі әрекеттің, биік сананың иесі. Рухани жаңғырудың өлшемі осылар. Ел көсегесінің көгеруіне де өлшеусіз қасиеттер қосатын, бәсеке-жарыста алға аршындап бастыратын, оздыратын осылар. Сонымен қатар, ел аузында «Халықтың ақылы – мұхит, Дананың ақылы – дария» деген даналық сөз бар. Ендеше, Елбасы тарихи тәжірибелерге, ұлттық-рухани құндылықтарға, «тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерге», тілге, әдебиетке, музыкаға, ұлттық рухқа, ұлттық болмысқа жүгіне отырып, жаңаша, тамаша, жарқын сипаттармен толықтыруды ерекше ескертеді.
Әрбір адамның интеллектуалдық мәдениетін, ұлттық санасын кемелдендіруді көздегенде уақытты үнемді, ұтымды қолдану, яғни еңбекті ғылыми тұрғыдан ұйымдастыру, қағазбастылықтан арылу, кәсіби біліктілігі жоғары таланттыны қолдап-қорғау, даңғыл жол ашу, әділетсіздік, опасыздық істерді терістеу, үйренген білімді ісіңде, сөзіңде, қимыл-әрекеттеріңде қолдану, «тіршілікке қажетті жарық сәулені сырттан алмай, өзің оған шырақшы болу, оған өз жаныңның сәулесін түсіріп, жана білу» (Саллютий) және Елбасы көрсеткендей, білім ордаларының аудиториясында толыққанды сапалы білім беріп, келешектің тұлғасын тәрбиелеп өсіру, гуманитарлық кафедралардың мәртебесі мен дәрежесін көтеру – басты парыз.
Елбасы қазақ әліпбиінің тарихын VІ-VІІ ғасырлардағы «Орхон-Енисей жазуларынан» бастап ой сабақтайды да, «латыншаға көшудің терең логикасын» бағамдаумен қатар, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын және Ұлттық аударма бюросын құру мәселесін қозғайды. Әлемнің таңдаулы, үздік, заманауи 100 оқулығының қазақ тілінде сөйлеуі дегеніміз олардың оқулық жазудағы шеберлігі, әдіс-тәсілдері, әдеби-мәдени, тарихи-философиялық айғақ-дәйектемелері сөзсіз қажет әрі төлтума оқулықтар туындатуға мұрындық болуға тиісті.
Ұлттың, ұрпақтың патриоттық рухын жаңғыртуда «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты бағдарламалардың мәні зор. «Туған жер» дегеніміздің өзі, тұтастай айтқанда, Ұлы Дала елі, республикамыздың аумағы. Өлкетану жұмыстарын жандандыру, туған жерді түлету айрықша бір кешенді шаруа. Ел қондыру, егін шаруашылығын дамыту, ел қоныстанған соң инфрақұрылымдар жүйесін жасақтау, төрт түлік мал өсіру, байырғы елді мекендердің атауларын қалпына келтіру, су-нуға, аң-құсқа, орман-тоғайға, тау-тасқа бақылау жасау, ен байлыққа ие болу. Тағы бір айта кететін нәрсе – сөздік қорымыздағы алуан сырлы ұғым-түсініктер, халықтық символдар, сөз-образдар қайтып оралуға тиісті.
Өлкетану жұмыстарын сәтімен жүргізер болсақ, онда облыс орталықтарындағы университеттердің оқу бағдарламаларына «Өлкетану» пәнін енгізіп, сол өлкенің тарихын, табиғатын, географиясын, археологиясын, экологиясын, демографиясын, руханиятын, ономастикасын түбегейлі зерттеп, қопара жазу керек. Сондай-ақ, бұған «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасы да енеді.
Тоқетері, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында сырлы-сымбатты тіліміздің, ұлттық санамыздың, ата тарихымыздың, ата жұртымыздың, ата дәстүріміздің, төлтума мәдениетіміздің жасампаз, өркендемпаз қуаты мен құдіреті шынайылықпен сипатталған. Осыны жүзеге асыруда рухани жаңғыру күретамырларын тап басып таба білейік.