Жасы келіп қалған кісіге ауыр тиген болса керек, сауда үйінің ішіне енген соң «Ана жігітті тоқтатшы» дегендей алға қарай қолын созып, белгі жасады. Түсіне қойдым. Әлгі жігіттің соңынан қуып барып, арқасынан қағып жүріп тоқтаттым-ау, әйтеуір. Сөйтсем, құлағында қыстырып алған құрылғы бар екен. Әуен тыңдап бара ма, жоқ әлде, біреумен телефон арқылы сөйлесіп бара ма, түсініксіз. Өйткені, мойынорағыш аузын бүркеп тұр. Арқасынан қаққан соң, амал жоқ, тоқтады. «Не керек?» дегендей маған бажырая қарады. Мен ақсақалды көрсеттім. Осылай көзбен «сөйлесіп» тұрғанда үлкен кісінің өзі де қасымызға келіп қалды. Ентігін басты. Қос қолын жігітке қарай созды.
−Ассалаумағалейкум, балам,− деді.
Жігіт сол кезде ғана ақсақалға бет бұрды. Созған қолды алды. Ақсақал «Ассалаумағалейкум, балам» деп тағы да қайталады. Жігіт жауап қатқан жоқ.
−Балам, саған айтарым, біз де сіздей болғанбыз, − деді. – Асығыс екеніңізді байқап тұрмын. Жауапты жұмыспен жүрген шығарсыз. Бірақ, қанша асығыс болсаңыз да, алдыңызда келе жатқан адамды қағып-соғып өтуге хақыңыз жоқ, балам. Ертең сіз де қартаясыз, біздің жасымызға келесіз, сол кезде өзіңіз секілді өрімдей жігіт екпіндеп келіп, қағып-соғып өте шықса қалай қарайсыз, қарағым? Үлкен адамға істеген қиянатыңыз алдыңыздан шықпасына кім кепіл?! Жолыңыздан, жұмысыңыз-
дан қалмағаныңыз дұрыс шығар, бірақ тәртіп сақтап, үлкенді сыйлағаннан қор болмайсыз.
Жігіт қазақшаны ұқпайтын болса керек, ләм-лим деп жауап қатқан жоқ. Кешірім де сұрамады. Бұрылып жүре берді.
Ақсақал айтарын асықпай-саспай, сабырлы түрде жеткізді. Ашуға да булыққан жоқ. «Сіз» деп сыпайы сөйледі.
Әлгі жігіт ақсақалдың сөзін құлағына құйып алды ма, жоқ па, ол басқа әңгіме, әйтеуір, адамның санасына жеткізетіндей етіп айтты. Әңгімесі маған да ой салды.
Бала күнімізде ата-әжелеріміз сәт сайын «Үлкендерді сыйлаңдар, алдынан кесіп өтпеңдер, сәлем беріп жүріңдер», «Ақсақалдардан қарғыс емес, алғыс алыңдар, ақ батасын алыңдар» деп айтып отырушы еді. Үйге қариялар келсе, қолына су құю үшін қарадомалақ балалар таласатынбыз. Өйткені, батасын аласың. «Таудай бол, үлкен жігіт бол!» деген бір ауыз батасының өзіне көңілің марқайып, мерейің өсіп қалады. «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ел көгереді» дейді халық даналығы. Еліміздің көркейіп жатқаны қариялардың ақ батасының арқасы. Осыны ұмытпағанымыз абзал. Ата-әжелеріміздің ақ батасы мен тілегі, тәлім-тәрбиесі санамызда өшпестей жатталып қалды. Ес біліп, есейсек те, олардың өсиет сөздерін темірқазықтай ұстанып келе жатқан жоқпыз ба?!
Ал кейінгі ұрпаққа үлкендерді сыйлау мен құрметтеу жөнінде лайықты тәлім-тәрбие беріп жүрміз бе? Әй, қайдам?!. Аға толқынды құрметтеуге байланысты тәлім-тәрбие дұрыс жүргізілсе, әлгі жігіт сауда үйіне кіреберісте ерсі қылық көрсетпес еді-ау? Ақсақалды қағып-соғып өте шықпай, есік ашып, құрмет көрсеткен болар еді ғой.
Ұрпақ алмасады. Бұл – өмір заңдылығы. Бірақ, қарттарға құрметпен қарау сабақтастығы үзілмегені жөн. Үлкендердің бәтуалы сөздері мен ақылдарына құлақ ассақ, кем болмайтынымыз айдан анық. Осыдан отыз-қырық жыл бұрын ақылгөй ақсақалдардың айтқанына құлақ қойып, мойынұсынушы еді, қазір ше? Ауыл ақсақалдарының ақыл-кеңесінің арқасы шығар, ел ішінде ұрлық-қарлық, ұрыс-керіс, дау-жанжал, отбасындағы ойран дегенді сирек есітуші едік. Қазір қырықпышақ болып жатқан ауылдар аз емес. Қу дүниені бөлісе алмай, әлденеге келісе алмай, бірін-бірі пышақтап, қанжоса болып жатқан жоқ па? Мұның бәрі үлкендерді құрметтемеудің, олардың данагөй сөздеріне құлақ аспаудың салдары. Туған әке-шешесін қарттар үйіне, бауыр ет балаларын жетімдер үйіне тапсырып жатқан сорақылықтың да түп-төркіні осында.
Әне бір күні күре жолдың бойында кетіп бара жатып, зираттың маңындағы төбенің басындағы мынадай жазуға көзім түсті: «Біз де сендей болғанбыз, сен де біздей боласың». Осы сәт көпті көрген көнекөз ақсақалдың сауда үйінде жігітке айтқан сөзі сап етіп ойыма оралды.
Ғалым ОМАРХАН,
«Егемен Қазақстан»