Мамандар жағдайдың жіті бақылауда екенін алға тартты. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қойылған міндеттер жүйелі түрде іске асырылып келеді.
– Соңғы бірнеше күнде «WhatsApp» желісі арқылы Қарғалы бөгеті жарылып, Алматы аумағын су шайып кету қаупі бар, деп елді дүрліктірген жалған хабарлама тарай бастады. Осыған байланысты, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің атынан бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдейміз. Қазіргі уақытта бөгет транзиттік режімде жұмыс істеуде. Осы арқылы су еркін ағып, бөгет толмайды. Су шығыны секундына 0,51 текше метрден аспайды. Бөгеттің құрылымында қақпа болмағандықтан, су ағу жүйесі автоматты түрде реттеледі. Қазіргі уақытта су толмаған. Бөгет кестелі түрде жұмыс істеуде. Жағдайға байланысты, АГЭУ «Казселезащита» КЧС пен Ішкі істер министрлігі күніне 3 рет рейтинг жүргізуде. Еш алаңдауға негіз жоқ. Жағдай тұрақты бақылауда, – деді Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова.
Сондай-ақ, төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жұртты даурықтырып жалған ақпарат таратқандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтты.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ