Ол Махамбет, Кірпішті ауылдары мен бау-бақша ұжымдарының ағымдағы жағдайымен танысып, Елек, Сазды өзендерінің сағасын қарап шықты.
Бердібек Сапарбаев саяжай алқаптары тұрғындарын тыңдап, үйлерін аралап шықты.
– Жағдай оңай емес, әрине, және тек Ақтөбенің басына түсіп отырған жоқ. Бұл уақытша қиындықтар, кішкене сабыр сақтау қажет. Біздің міндетіміз – осы мәселенің шешілуіне барынша атсалысу. Ең бастысы – дүрлікпей, бірлесе отырып бір-бірімізді қолдауға тиіспіз. Ешкім назардан және жәрдемнен тыс қалмайды, бірақ көрсетілетін көмектің барлығы заң аясында болады. Келтірілген шығынды анықтап, су тасқыны салдарын болдырмау шараларын жүргізетін қалалық комиссия құрылған болатын. Комиссия әрбір отбасымен жеке-жеке жұмыс жасап, олардың материалдық жағдайын қарастыра отырып, шығындарын бағалайды. Бірақ, ол үшін құқық белгілеуші құжаттар қажет. Комиссия әрбір үй бойынша нақты шешім қабылдайтын болады, – деп түйіндеді өз ойын өңір басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі №40 және Қарғалы орта мектептеріндегі уақытша орналастыру бекеттеріне де барды. Мұнда 500-ден аса адам бар, олардың 200-і бала.
Еске сала кетейік, Ақтөбеде жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын. Өңірде саяжайлардағы 597 үй мен ауланы су басып, 1510 адам қауіпсіз жерлерге көшірілді, 69-ы құтқарылды. Адамдар су басқан орындардан кереует, көрпе-төсек, ыстық тағамдары бар уақытша көшіру орындарына орналастырылды. Орта мектептер жанынан 7 бекет ашылды. Оның төртеуіне 832 адам орналастырылса, 325-і балалар.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы