Әлмашұлының мерейтойын туған өңірі тойлап өткенін айту абзал. Оның өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм де түсірілді. «Қазақстан» телеарнасы ның «Дара жол» бағдарламасына да шықты. Бұл жолы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұстаздарымен және студенттерімен жүздесті.
Әсерлі әдеби кеш журналистика кафедрасы студенттерінің жазушы шығармасынан үзінділер оқуымен басталды. Сонан соң құзыретті органдар тарапынан қаламгерді құттықтаған хаттар шоғыры тыңдалды. Ең алдымен Үкімет басшысы мен Премьер-Министр кеңсесі басшысы орынбасарының құттықтауын Премьер-Министр кеңсесінің бас инспекторы Гүлмира Ботанаева оқып берді. Мәдениет және спорт министрінің құттықтауымен Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешов, ал Білім және ғылым министрі мен ЕҰУ ректорының құттықтауымен аталмыш оқу орнының проректоры Дихан Қамзабекұлы таныстырды.
Оның «Оянған ұрпақ» романы бүгінгі күн тақырыбына арналған. Өтіріктен алыс қонуға талпынған жастардың ой-сезімдеріндегі, іс-әрекеттеріндегі арпалысты бейнелейтін шығарма. Заманның тамырын тап басып жазу үшін талант қажет. Ал өткенді зерделеуге, түсінікті етіп жазуға білім керек. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Алдан Смайылдың әріптесінің шығармашылығы туралы пікірі осы тұрғыдан өрбіді. Ол әрбір журналистің саясаттан, әрбір жазушы мен ақынның тарихтан хабары болмағы шарт екенін айтты. «Ақын не жазушы болған соң тарихшы болуың керек. Еліңнің рухани мұрасын білетін рухани зергер болуың қажет. Халқыңның жүрегінде қандай арман бар екенін білмесең, жазушы бола алмайсың. Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының ең ауыр тарихын жазған Жолтай жерлестері алдындағы парызын өтеді деп ойлаймын. Аштық жылдарында, қуғын-сүргін кезеңінде ел Қаратауды тастап, Ауғанстанға, басқа жақтарға да өтіп кеткен. Бұл тек отызыншы жылдар ойранынан қиналған елдің емес, рухы жасыған, дәстүрінен қол үзіп, санасынан жаңылған халқымыздың трагедиясы еді. Осыны жазушы тереңнен толғап жазды. Ал оның бүгіннің келбетін сомдайтын туындылары бір төбе. Шын мәнінде бүгінгі күн туралы жазу, оны жүректен өткізіп жазу өте қиын», деді Алдан Смайыл.
Ғылымда да ізі бар, драматургиясы мен прозасы қос қанатындай қаламгердің мерейтойына астаналық зиялы қауым көп жиналды. Олар қаламгердің шығармашылығына қатысты ой-пікірлерін әрқайсысы өзінше өрнектеді. Кеш барысында студенттер тарапынан қаламгер шығармаларынан үзінділер оқылды, ән-күйлері тарту етілді.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»