Қазақстан • 21 Сәуір, 2017

Сананы жаңғырту – ұлтты және тәуелсіздікті сақтау

283 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық кеңесі мүшелерінің кезекті отырысы болып, онда Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын насихаттау, түсіндіру және іске асырудың тетіктері қарастырылды.

Сананы жаңғырту – ұлтты және тәуелсіздікті сақтау

Отырысты Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясы сайлауалды бағ­дарламасының «Бірлік пен келі­сім» бағытының кураторы Мәу­лен Әшімбаев ашып, жүргізіп отырды. Шараға Ақпарат және ком­муни­кация­лар министрі Д.Абаев, Мәдениет және спорт вице-министрі А.Райымқұлова, Пар­ламент депутаттары, руханият сала­сының көрнекті қайраткерлері, ғылым мен шығармашылық өкілдері қатыс­ты. Отырыс бейнеконферен­ция арқылы барлық өңірлердегі осы іске қатысты азаматтарға көрсетіліп отырды. 

Өзінің кіріспе сөзінде М.Әшім­баев Елбасының аталған мақаласында қоғамымыз көптен күткен мәселелер ай­тылғанын жеткізді. Мақалада Пре­зи­дент тұтас қоғамның және қазақ­стан­дықтардың санасын жаңғыртудың нақты бағыттарына тоқталған. Біздің ұзақ мерзімді мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі. Ол – әлемдегі ең жоғары дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Сол арқылы тәуелсіздігімізді мәңгілік ету және жаһандану заманы­ның түрлі сынақтарына қарсы тұрып, ұлтымызды аман сақтап қалу. Сон­дықтан Қазақстан үшін сананы жаңғырту– ұлтты және тәуелсіздікті сақтап қалу деген сөз. Бұл мақсатқа жету үшін экономикалық және саяси жаңғырумен қатар, рухани жаңғыру қажет. Рухани жаңғырусыз саяси және экономикалық реформаларда үлкен жетістіктерге жету қиын болатыны сөзсіз. Сондықтан Елбасы осы бағытта біраз бастамаларды көтеріп отыр, деді ол өзінің сөзінде.

Кеңесте алғашқы сөзді белгілі мемлекет және қоғам қайрат­кері Мырзатай Жолдасбеков алып, қаралып отырған мәселеге байланысты өзінің мазмұнды ой­ларын ортаға салды. Ол Прези­денттің мақаласы руханият сала­сында жүрген адамдардың бәрін үлкен қуанышқа, мақтаныш сезімге бөлеген мақала болғанын айтты. Мақала тұжырымы үлкен, стра­те­гиялық маңызы терең, деді М.Жол­дасбеков. Одан әрі шешен қазақ даласында ата-бабаларымыздың азуын айға білеген талай мемлекет­тер орнатқанын еске салып өтті. Өзінің Ұлытаудың етегінде берген сұхбатында Елбасы соның бәрін айтып, біз – сол мемлекеттердің мұра­геріміз. Қазақ халқының ешкімнен ұял­майтын тарихы бар және ол тұтас­тану, бірігу тарихы деген еді. Шы­нын­да да дәл солай, дей келіп, М.Жол­дас­беков кейінгі қорлықпен өткен заман­дарды да ауызға алды.

Таптық көзқарас дейтін дәуір­де тарихымыз саясаттың қол­шоқпарына айналып кетті. Дүние жүзінде эпос тудыр­ған халық бесеу ғана болса, соның бірі – қазақ. Сол байтақ эпос­тың ішінен бізге кедей болғаны үшін «Қамбар батырды» ғана оқытты. Бар­лық тарихымызды өзгелер жаз­ды... Қазір өз мамандарымыз та­ри­­хы­­­мызды жаңғыртып, қайта жа­зып жатыр, деді мемлекет және қо­ғам қайраткері. Президенттің мақа­ласы туралы айтқанда шешен оған Елбасының бірден келмей, ішін­де пісіріп, әбден қайнауы жеткен уақыт­та ғана шығарғанын мәлімдеді. Пре­зи­денттің мақаласы – болашаққа тұтасып, ұлттық кодымызды берік сақтаған ұлт ретінде жетуімізді мақсат еткен бағдарлама. Осы жүкті көтеруге бәріміз белсене атсалысып, тек оны науқаншылдыққа айналдырмауымыз керек, деді ол.

Осыдан кейін Ақпарат және ком­му­никациялар министрі Дәурен Абаев Президенттің бағдарламалық мақаласын іске асыру бағытында бүгінгі таңға дейін БАҚ беттерінде ат­қарылып жатқан жұмыстар тура­лы қысқаша ақпарат беріп өтті. Соның ішінде мыңдаған мақала мен бейнематериалдардың жарық көр­генін айтты. Тұтас ұлттық жаң­ғы­ру­ды көздеген бағдарлама жалаң насихатпен жүргізілмейді. Сондықтан біздің министрлік арнайы жоспармен ақпараттық қолдаудың негізгі мақ­сатты топтары мен ақпараттық жүйе­леу жұмыстарын атқару үстінде, деді ол. Сөзінің соңында министр кеңес мүшелерінің кейбір сұрақтарына жауап берді.

Сөз кезегі тигенде Мәжіліс депу­та­ты Сауытбек Абдрахманов Прези­дент­тің бағдарламалық мақаласын оқығанда өзінің есіне қысқы тоңды жібітіп, жыл әкелетін «Алтын күрек» желі түскенін айтты. «Сәуір болмай, тәуір болмас» демекші, нақ осы сәуір айында «Алтын күректей» болған бұл мақала – іргелі еңбек, арғы-бергіні қопарып қозғаған зерттеу деуге болатын тұжырым. Экономикалық және саяси модернизациялар шеші­ліп болған кезде солардың өзегі­не айналатын осынау рухани жаң­ғы­ру­дың қолға алынуы біздің жан-жүрегімізді тебірентті. Адам өзгер­мей, қоғам өзгермейді, қоғам өзгер­мей заман өзгермейді. Осы тұрғы­дан қарағанда, мақала өте үлкен мәсе­ле­лерді көтеріп, алдымызға үлкен мін­деттер қойып отыр, деді ол.

Одан әрі мақала көтерген кейбір мәселелер туралы өзінің ойларын айтты. Соның ішінде латын әліпбиіне ерте кіріспей, үлкен дайын­дықпен келудің маңызына тоқталды. Соның ішінде латын әліпбиіне асығыстықпен көшкен Өзбекстанның бұл салада әлі күнге көздеген табысқа жете алма­ғанынан нақты мысалдар келтірді.

А.Байтұрсынов атындағы «Тіл білімі» институтының директоры Ерден Қажыбек өзінің сөзінде өрке­ниетті елдердің бәрінде ең басты мәселе – ұлттық мәселе екенін ата­ды. Одан әрі тіл маманы ретінде латын әліпбиіне көшу туралы өзінің мазмұнды пікірлерін ортаға салды. Біз латын әліпбиіне көшпейміз, оған ораламыз, өйткені, біз оны бұрын қолданғанбыз. Бұл істе қиыны тек емле ғана болады. Біздің латын әліп­биіне көшуіміздің маңызды мән­дерінің бірі – қазақ халқының түркі әлемін­дегі геосаяси орны. Исі түркі әле­міндегі ең іргелі тарих, ең бай тіл, ең терең мәдениет қазақ хал­қын­да. Бәрі де қазақтан шығып, өзге жұрт болып кетті. Сондықтан, Мағ­жан айтқан қарашаңырақтың түркі халық­тарын тұтастыратын латын әліп­биінде болуының осындай да ма­ңы­зы бар. Жылдың аяғына таман ғы­лы­ми негізделген латын әліпбиінің нұс­қа­сын дайын етеміз, деді ол сөзінің соңында.

Е.Қажыбек сөзін аяқтағанда оған бірнеше сұрақ қойылды. Соның ішінде жазушы Алдан Смайыл латын әліпбиіне қазақ тілі ғана көшетіні қалай, орыс тілінде шығатын дүние­лердің бәрі сонда кириллицада қала бере ме? – деген сұрақ қойды. Оған қазақ тілінде оқылатын баспа дүниенің бәрі латын әліпбиінде, ал орыс тілінде шығатындар кириллицада қалып, оқытыла беретіндігі айтылды. Сөйтіп, қазір ағылшын тілі латын әліпбиімен оқылатыны сияқты орыс тілі кириллицамен қала беретіндігі жеткізілді. Сондықтан мұның ешқан­дай қарама-қайшылығы жоқ екендігі түсіндірілді.

Ал, «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі мақаланы Елбасының өзі айтқан: «тарлан тарихтың жасампаз бүгіні мен жарқын болашағы­ның көкжиектерін үйлесімді сабақ­­тас­­тыратын ұлт жадының тұғыр­намасы» деп атауға болатын сияқты деген ойын ортаға салды. Ра­сын­да, мақала сананы сілкіндіреді, ойды отар­сыздандырады, жадыны жаң­ғыр­тады, ұлысты ұйысты­рып, бір­тұтас ұлт болып қалыптасуға шақы­рады, деді ол. Сондай-ақ мақа­лада латын әліпбиі­не көшу ғана емес, көптеген өзекті мәсе­­лелердің көтерілгенін де атап көр­сетті. Әлем­дік өркениетке кірудің си­қыр­­лы таяқшасы жоқ, оған біздің ілесе алмай жатуымыздың себебі – әмбебап үлгінің жоқ болуына қара­мастан, бізге дамудың сырттан таңылуы. Әлемдік өркениетке әрбір ұлт өзінің дербес үлгісімен жетуі керек, дей келіп, оны Президент ұлт­тық код деп атағанын айтты.

Отырыс барысында Мәжіліс депутаттары  – Халық қаһарма­ны Бақытжан Ертаев және Бек­болат Тілеухан мырзалар сөз алып, Елбасының мақаласында айтылған елді рухани жаңғыртудың бағыт-бағ­дарларына қатысты өз ой-тұжы­рымдарын ортаға салды. Талқылауға «Мирас» кеңесінің өңірлердегі мүшелері де қатысып,  тұщымды ойларын бөлісті.

Жиынды қорытқан Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев бүгінгі отырыста аса маңызды, құнды пікір­лер айтылғанын, бұл орайдағы мәселелер «Мирас» кеңесінің ал­дағы отырыстарында да талқыға түсе­тінін атап өтті.

Жиын қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстар мен пікірлер құзыретті органдарға жолданатын болды.      


Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»