Аймақтар • 21 Сәуір, 2017

Жастарға берілген мүмкіндік мол

638 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айқындалған мақсат-міндеттер қарағандылық жастарға да серпін береді. Оған Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мирас Құттыбаймен болған бейнемәслихатта көз жеткіздік.

Жастарға берілген мүмкіндік мол

Жиында Елбасының тікелей тапсырмасымен 2012 жылы құрылған басқарманың атқарған жұмыстары айтылып, жастардың әлеуетін жүзеге асыру үшін жасалып жатқан жаңа мүмкіндіктер жайлы сөз қозғалды.

Бүгінгі күнде Қарағанды облысында 14-28 жастағы 304 269 жас тұрады екен. Бұл – облыс халқы санының 22 пайызын құрайды деген сөз. Қазіргі таңда облыста жастардың 19 ресурстық орталығы қызмет атқарады. Қарағанды об­лы­сының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мирас Құттыбайдың айтуынша, «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «Серпін-2050» жобалары табысты жүзеге асуда. Жастар ресурстық орталығы жанында балалар үйінің түлектері үшін әлеуметтік бейімдеу қызметі жұмыс істейді. Осы бағытта 753 құқықтық және 159 психологиялық кеңестер қызметі көрсетіліп, 58 тренинг өткен. Қарағанды, Теміртау қалаларындағы балалар үйлерінде 27 рет кездесу ұйымдастырылып, 700 адамның қатысуымен 150 сабақ өткізілген. Бұқар жырау ауданының Керней кентіндегі мектеп-интернатта «Өмір мектебі», «Табысқа жетер жол» жобалары жұмыс істеуде.

Балалар үйлері тәрбиеленушілерінің бос уақыттарын ұйымдастыру және қылмыстың алдын алу жұмыстарына 986 адам жұмылдырылған. Жастарды жұмыспен қамту жүйелі түрде қолға алынған. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында, «Жастар тәжірибесі» жобасы арқылы облыс бойынша 1204 жас жұмысқа орналасқан. Олардың орташа еңбекақысы 51 мың 264 теңгені құраған. Сонымен қоса, жұмыссыз жастарға жәрмеңке ұйымдастырылыпты. Нәтиже жоқ емес. Кәсіпкерлікке бет бұрған жастардың саны артқан. Жыл сайын ауылдық жерлердегі жас кәсіпкерлерге облыс әкімінің гранты табыс­талып келеді. 2005-2016 жылдар аралығында 30 млн теңге грант беріліп, Ақтоғай, Бұқар жырау, Шет, Осакаров аудандарында жас азаматтар өз кәсібін ашқан.

Тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шаруа атқарылған. Биылғы жылы Қарағанды қаласындағы Белинский көшесінде 108 пәтерлік үй, Қарқаралыда 12 жалдамалы пәтер, жалпы алғанда, 144 арендалық тұрғын үй пайдалануға берілген. 2014-2016 жылдарға арналған жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамту бойынша кешенді жоспар жасалып, 316 пәтер бөлінген.

Жалпы, жастар саясатын іске асыру үшін биылғы жылы облыс бойынша 88 млн теңгеден астам қаржы қарастырылған.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы