Театр • 21 Сәуір, 2017

Әулиеата әуендері

256 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кезінде Ұлбике, Кенен, Сауытбек сынды ақындар ән-жырын аспандатқан Әулиеата өңірінде таланттар сабақтастығы күні бүгінге дейін жалғасын тауып отыр. Ән әуелеп, күй шалқыған көне мекенде өнер иелерінің өмірнамасына айналған туындылар туған жердің топырағынан тамыр тартып, халықпен бірге жасап келеді.

Әулиеата әуендері

«Ел іші – өнер кеніші» деп халқымыз айтқандай, бүгінгі ел ішінде де ерекше талантымен талайды тамсандырып жүргендер баршылық. Туған жер төсіндегі таланттарды елге таныту, халыққа насихаттау өнердің басты міндеті.

Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының және жергілікті филармонияның ұйымдастыруымен «Жаңарған Жамбылым» атты І республикалық эстрада әншілерінің конкурсы өтті. Қазылар алқасының қатысуымен өткен баспасөз мәслихатынан соң басталған конкурстың ашылу салтанатында басқарма басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев сөз сөйлеп, талапкерлерге сәт-сапар тіледі.

Жалпы, аталған конкурсқа қатысуға еліміздің әр өңірінен 70-ке жуық өнерпаз өтініш білдірген екен. Алайда сыннан өткен 33 талапкер ғана конкурсқа қатысуға мүмкіндік алыпты. Еліміздің Астана, Алматы, Ақтөбе, Орал, Семей, Өскемен, Көкшетау, Қарағанды, Балқаш, Қызылорда, Түркістан, Шымкент және Тараз қалаларынан, Жамбыл облысынан, сондай-ақ Қырғыз Республикасынан келген өнерпаздар Әулиеата төрінде өз өнерлерін көрсетті. 

Жергілікті композиторлардың әндерін шырқап, халыққа насихаттады. Ал үміткерлерге лайықты бағасын беру үшін Қазақстан Республикасының Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Беспаев және өзге де белгілі өнерпаздар конкурсқа арнайы қатысып, қазылық жасады. 

Конкурстың Бас жүлдесін тараздық Мейіржан Самылтыров жеңіп алса, жүлделі І орынды тараздық Ақерке Құрбан мен қарағандылық Гүлнар Көшенова иеленді. 

Сондай-ақ ІІ орын тараздық Балдат Бейсеқожа мен жамбылдық Қазбек Әбуге бұйырды. Ал ІІІ орынға  тараздық Жанна Асанқұлова, талдықорғандық Халид Орынқұл мен өскемендік Айкерім Битанова қол жеткізді. «Жас талант» аталымымен тараздық Берік Жорабеков, «Жарқын дауыс» аталымымен Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Нұрсұлтан Байгунов, «Жаңа есім» аталымымен тараздық Дархан Қабыл және «Көрермендер көзайымы» аталымымен астаналық Айдос Ергеш марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар табысталса, қалған 21 өнерпазға да Алғыс хаттар мен қаржылай сыйақылар берілді. 

Мәдени шара соңы «Ризамын туған халқыма!» атты қайырымдылық концертіне ұласты. Сахна төрінде Алтынбек Қоразбаев, Бағдат Сәмединова, «Тараз» триосы және жеңімпаздар мен жүлдегерлер ән шырқады. Ал концерттен түскен қаражат «Дулат баба» қайырымдылық қорына аударылатын болады. Сондай-ақ концертке келген көпшілік облыстық музейдің ұйымдастырған «Көне Тараз шақырады» көрмесімен де танысты. 

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы

Соңғы жаңалықтар