Әдебиет • 24 Сәуір, 2017

Осы шақты да, болашақты да жырлады

195 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордадағы «Қазмедиа» орталығының киноконцерт залында «Жастар болашақты жырлайды» деген тақырыппен жас ақындардың айтысы өтті. Айтысты «Болашақ» қауымдастығы Астана қаласы әкімдігінің Жастар ісі бойынша басқармасының тапсырысымен ұйымдастырды.

Осы шақты да, болашақты да жырлады

Ұйымдастырушылардың айтуынша, айтыс екі кезең бойынша өткен. Бірінші кезеңде байқау комиссиясы еліміздің 14 облысынан келген 30 жас ақынның өнерін бағалаған. Ал «Қазмедиа» орталығы залының сахнасында өткен ақтық сай­ыс­қа 10 ақын қатысты. 

Тақырып болашаққа қа­тысты болғанымен, жастар кө­кей­інде жүрген ой-пікірлерін, яғни қоғамдағы әлеуметтік, саяси, рухани проблемаларды әрқайсысы өзінше өрнектеп бақты. Сүрінген ұйқастар, қисынсыз тіркестер  мен жайдақ қалжыңдар да болмай қал­ған жоқ. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық, бір парасы былай болып келеді: «Мен қалай бұл балаға байланамын, Айбар-ау, тамаша екен сайрағаның»  немесе «Тірілер көрінеді биік болып, үстінде жүргеннен соң өлгендердің», «Қабырғаңа қа­ра қанды илеп жүрсің», т.б. Әри­не, тауып айтылған, тапқырлықпен, ұтқырлықпен жет­кізіліп, тыңдаушының кө­ңілінен шыққан ұйқастар да бар­шылық. Оның бәрін тізіп отыру міндет емес. Біреуін айтсақ та жеткілікті шығар. Мысалы, семейлік Манарбек Сатыбалдин есімді ақын жуырда ғана шекарада болған жайға қатысты өз пікірін шиіріп-шиі­ріп әкеп, «Кеденде кемпір тонап жүргендердің, Өлгенде өкіргені кімге дәрі?» деп түй­ін­деді. Сондай-ақ, Арқалық қа­ласы атынан қатысқан Тоба Өтепбаев та «жұрттың көбі күлкіден жынды болған» қоғамдағы рухани, әлеуметтік мәселелерді ащы тілмен түй­реп-түйреп, қотырға айнала бастаған жаралардың бетін тырнағанын, ойлы өлеңнің өресінен көрінгенін айту абзал.

Сайыстың ақтық сынына айтылған он ақынның алтауы шықты. Соның төртеуіне бәйгенің жүлдесі бұйырды. Атап айтқанда, ынталандыру сыйлығымен, 50 мың теңге сыйақымен Ақмола облысы, Ерейментау ауданы атынан қатысқан Ерлан Дәулетұлы марапатталды. Үшінші орын,  150 мың теңгенің сертификаты қостанайлық Нүрия Ақбабақызына берілді. Екін­ші орын 200 мыңның сер­ти­фикаты қызылордалық Мұхамеджан Мансұровты тапты. Ал айтыстың бірінші ор­ны  300 мың теңгелік сыйақы се­мей­лік Нұржан Өмірбаевтың ен­шісіне тиді. Жалпы, айтысқа қатысқан жас ақындардың ешқайсысы да елеусіз қалған жоқ. Барлығына Астана қаласы әкімдігінің Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтары тапсырылды.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар