30 Сәуір, 2011

Алматыны дамытуға үлес қоспақ

331 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Алматыда қала әкімі Ахметжан Есімов «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен әріптестікті дамыту мәселесіне арналған кеңес өткізді. Кеңес барысында  үлескерлер  жайы, құрылыс, қаланы газбен және энергиямен қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алудағы қазақстандық үлесті арттыру жайы  сөз болды. Алдымен Президент сайлауы­нан кейінгі болған кадрлық өз­гертуден соң Тимур Құлыбаевты  «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқар­ма төрағалығына тағайындалу­ы­мен алматылықтар атынан құт­тық­таған шаһар басшысы, одан әрі бұғанға дейін қормен қоян-қолтық жұмыс істеп, әсіресе, жыл­жымалы мүлік, үлескер­лер­дің мәселесін шешуде, шағын жә­не орта бизнесті дамытуда нақ­ты нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті. Мәселен,  барлығы 16 мың 200 үлескердің 13 мыңының мәсе­лесі оң шешімін тапқан. Енді қалған 3 мың 200 үлескердің жағ­дайы да дұрыс шешімін таппақ. «Біздің қала үшін өте маңызды мәселелер – тұрақты да сенімді  электр энергиясы, су, жылу­мен қам­тамасыз етуде қормен  тығыз  қарым-қатынастамыз. Сон­дық­тан бүгінгі жиында аталмыш мәсе­ле­лер мен   атқарылатын іс-шара­лар­­ды талқылап, сондай-ақ ал­дағы  уа­қытта ынтымақтастық жағдайда   жұмыс жасаудың міндеттерін ай­қын­дап алмақпыз, – деді  қала басшысы. Алматы әкімдігімен бұған дейін бірлесе жүзеге асырып келген жобаларды одан әрі жалғастыруға дайын екендіктерін білдірген   бас­қарма төрағасы,  Алматы бизнес пен өнер, мәдениеттің орта­сы, ең ірі мегаполис, сондықтан алдағы уақытта үлескерлік мәсе­ле­сін шешу, энергетика, газдан­дыруға атса­лысатынын тілге тиек етті. – Екі-үш жылда Алматы энер­ге­тика тапшылығынан толық құ­тылатын болады. Экология бо­йынша ЖЭС-2-ні модерни­зация­лауға қатысудамыз. Газбен қамту бойынша биылғы қыста Алматы Қытайға тартылған газ құбыры­ның есебінен газдандырылды. Ал­дағы уақытта Батыс Қазақ­станнан оңтүстікке тартылатын құбыр желісі құрылысы жүзеге асырылады. Оның басты мақсаты – Алматыны газбен қамту болады. Ал шағын және орта бизнесті қолдау бойынша «Самұрық-Қазынаға» қарасты ұлттық компаниялар мемлекеттік сатып алу­дағы қазақстандық үлесті арт­ты­ру мақсатында Алматы қала­сы­ның кәсіпкерлерінен өнім сатып алуды 200 миллиард теңгеге жеткізу көзделіп отыр», – деді Тимур Асқарұлы. Кеңес барысында қала әкімі Ахметжан Есімов пен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның басқарма төр­ағасы Тимур Құлыбаев Алматы қаласының дамуы туралы екі­жақты хаттамаға қол қойды. Хаттама бойынша Алматыдағы үлес­керлер мәселесін шешу бойынша қордың атқарушы директоры-бас­қарма мүшесі Қайрат Айтекенов пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Виктор Долженковқа Алматыдағы тұрғын үйлердің құрылысы туралы  статис­тика­лық-сараптамалық есеп пен мәлі­меттер бойынша ақпарат алмасып отыру жүктелді.  Сонымен қатар, тараптар үлескерлік құрылыс мә­се­лесін шешу бойынша техни­ка­лық-ұйымдастырушылық мәсе­ле­­­лерді шешуге келісті. Оған сәй­кес «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ үлескер­лік құрылыс нысандарын толық аяқтау үшін кемінде 21,735 миллиард теңге қаржы бөледі. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.