Бүгінгі таңда заңды тұлғалар қатары күннен-күнге молайып келеді. Бірақ олардың саны бар да, сапасы жоқ. Олай дейтініміз, қаптаған заңды тұлғалар арасында құлашын кеңінен жазып қарымды құқықтық қарекет қылып жатқандары некен-саяқ. Тіпті бірқатары ештеңе өндіре алмаған соң заңды тұлға дегенді пайдаланып, қылмыстық әрекеттерге баратыны да айтылып жүр. Сондықтан да қазіргі кезде елдердегі секілді қылмыстық жауапкершілікті қарастыру қажеттігі туындап отыр. Ал бұл мәселелерді шешудің жолдары қандай?
Міне, осыған орай кеше Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Қаржы полициясы академиясында «Заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі» атты ғылыми-теориялық семинар болып өтті. Оны Қаржы полициясы академиясының бастығы, полковник Марат Бәшімов ашып, жүргізіп отырды. Семинарда тек біздің елімізде ғана емес, өзге де мемлекеттердің бас ауыртар ауыртпалығына айналған қағаз жүзінде бар, ал негізінде жоқ, жалған заңды тұлғалармен күрес барысы, оларды болдырмаудың құқықтық жолдары, заңды тұлғаларға жауапкершілікті күшейту жағдайлары, еліміздің кейбір заңды актілеріне заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін көздейтін мәселеге қатысты өзгертулер мен толықтыруларды ендіру туралы қатысушылардың ой-пікірлері талқыға салынды.
Бұл сұрақтардың астарына мән жүгірткен аталған семинарға қатысушылар көптеген жәйттің бетін ашты. Елімізде тіркелген 280 мың заңды тұлғалардың 170 мыңға жуығы яғни 60,1 пайызы мүлде жұмыс істемейтін көрінеді. Сонда қайтіп байып, шалқып, тасып жүр? Демек, бұлар, семинар барысында ашыла да, ашына да айтылғандай, қоғамның игілігіне емес, керісінше елді тонау мақсатында түрлі алаяқтықтар жасау үшін құрылған. Тіпті солардың бірқатары қылмыстық жолмен түскен материалдық қаражатты заңдастырумен айналысады. Сондықтан да семинарда бас қосқан еліміздің белгілі ғалымдары, қоғам қайраткерлері заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін арттыру қажет деген ой түйді.
Мұндай мәселе бұрын да көтеріліп, енді әбден пісіп-жетілгені белгілі. Еліміз БҰҰ-ның Жемқорлыққа қарсы конвенциясын 2008 жылы бекітті. Осыған орай, халықаралық құқықтың нормаларына сәйкес ұлттық құқық Конвенцияда көрсетілген нормалармен сәйкестендірілуі қажет. Яғни, БҰҰ Конвенциясының 26-бабында қатысушы-мемлекет «заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін анықтайтын» шараларды қарастыруы керек екендігі тайға таңба басылғандай жазылған. Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы негізінде қойылған басты міндеттердің бірі – экологиялық және басқа да қылмыстар үшін заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі болып табылады.
Осы мәселелердің бәрін жан жақты талқылаған семинарға қатысушылар заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін арттыру кез келген кәсіптің игі мақсатты ғана көздеп, заң талаптарына сай өркендеуін алға тартты.
Александр ТАСБОЛАТОВ.