Қазақстан • 25 Сәуір, 2017

Қауіпсіздік шаралары жоғары деңгейде

220 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу кезеңінде қауіпсіздік шаралары мен құқық тәртібін қамтамасыз ету және халықты хабардар етуге арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Талғат Мұсақанов, министрліктің Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев қатысты.

Қауіпсіздік шаралары жоғары деңгейде

«Көрме ашылмастан бір ай бұрын кеңсе ғимаратында қауіпсіздікті қамтамасыз ету орталығы өз жұмысын бастайды, бұл орталықпен ІІМ-де құрылған ведомствоаралық жұмыс тобы тығыз байланыс жасап, көрме барысында туындаған мәселелерді тікелей шешіп отыратын болады. ЭКСПО аумағында полиция бөлімі, ал көрме ауданын­да өрт сөндіру депосы құрылды, сондай-ақ Астана әуежайында және жаңа темір жол вокзалында желілік полиция бөлімі жұ­мыс істейді. Қоғамдық тәртіп­ті күзетуге 5 мыңнан астам қыз­мет­кер тартылады. Соның ішін­де 3300-і әскери қызметкер, ІІМ оқу орындарының 500 курсан­ты және офицері, сонымен бірге жеке күзет ұйымдарының 630 қыз­меткері және еліміздегі ЖОО-ның шет тілін еркін мең­гер­ген 174 студенті бар. Бұл құрылымдардың барлығы қауіп­сіз­дікті сақтау және тексеру жүргізу бойынша, сондай-ақ ағыл­шын тілінен арнайы оқу курсынан өткен. Бұған қоса Астана қалалық ІІД-нің шет тілін білетін 200 қызметкері іріктеліп, әрбір ЭКСПО нысанына бекітілді. Астана қаласы ТЖД-ның 100 шақ­ты қызметкері, 11 техникалық бір­лік және 5 тікұшақ төтенше жағ­дай­ларды ескерту және өрт қауіп­сіз­дігінің алдын алу бо­йынша арнайы топтың құрамына енді. Астана қаласындағы әуе­жай­да және бірыңғай қызмет көр­сету орталығында көші-қон шара­ларынан өту үшін көрмеде көші-қон қызметінің бекеттері ұйым­дастырылады», деді Талғат Мұсақанов.

Сонымен қатар, спикер қауіп­сіздік шараларының жан-жақты пысықталып жатқанын алға тартты. Және 1 маусымнан бастап көрме аяқталғанша ішкі іс­тер органдарының жеке құрамы күшей­тілген қызмет кестесіне көшіріледі.

Рауан Қайдар,

«Егемен Қазақстан»


Соңғы жаңалықтар