Бүгінгі өмірді банктерсіз көзге елестету мүмкін еместігі әмбеге аян. Ал енді еліміздің жалпы банк жүйесін соңғы уақыттарда «Ресей Жинақ банкі» акционерлік қоғамының Еншілес Банкінсіз елестету қалай болар екен? Мүмкін емес демей-ақ қоялық. Бірақ қиындау екені айдан анық. Осы пікірді айғақтайтын дәлелдер де жетерлік.
«Жинақ банкі» АҚ ЕБ өз өмірбаянын бастаған 2006 жылдың аяғынан бергі аз жылдар ішінде Қазақстанның қаржы нарығында тұғырын әсте төмендетпей, биік ұстап келеді. Ресейлік қаржы жүйесінің көшбасшысы, сонымен бірге Орталық және Шығыс Еуропаның ең ірі қаржылық институты саналатын Ресей Жинақ банкі сол жылы Тексакабанктің 99,99 пайыз акциясын сатып алған болатын. Еншілес Банктің тырнақалды қадамдарының құтты болып ілгерілей түсуіне бұл оқиғаның игі ықпалы болмады дей алмас едік.
Қадамның құттылығы неден көрінді десек, 2007 жылы Банк ұлттық және шетел валютасында жүзеге асырылатын банктік және басқа операцияларды жүргізуге лицензия алды. Іле-шала жарғылық капитал 15 есе дерлік ұлғайтылып, 29 млрд. теңгені (240 млн. доллардан астам) құрады. Міне, нақ осы жағдай «Жинақ банкі» АҚ Еншілес Банкінің жарғылық капитал көлемі бойынша Қазақстандағы аса ірі 10 банктің қатарына қосылуына мүмкіндік берген еді.
Уақыт ұшқыр. Ізденістер ұтқыр. Соған сай өзгерістер де ғаламат. Бүгін таңдағы «Жинақ банкі» АҚ ЕБ дегенде көз алдымызға әмбебап банк келеді. Ол дәстүрлі сапаны, тұрақтылықты және заманауи технологияларды оңтайлы ұштастырған. Әлемнің аса ірі банктерімен байланысы да ауқымды, сондай-ақ экономиканың әралуан саласын қамтыған клиентермен және әріптестермен жұмыс тәжірибесі де зор.
Ресейліктердің қатысуымен қаз басып өркендеген осынау қазақстандық Еншілес Банктің қаржы нарығындағы бес жылы үлкен бір белеспен тең. Ол әсіресе кәсіпкерлерді қолдайтын «Даму» қоры, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламаларына белсене, бел шеше қатысуымен қуандырды. «Ресей Жинақ банкі» АҚ ЕБ басқарма төрағасы Олег Смирновтың айтуынша, тек 2010 жылы ғана Банк Қазақстан экономикасының нақты секторына 218 млрд. 475 млн. теңге, ал барлығы 419 млрд. 870 млн. теңге инвестиция салған. Бұл мысалдан да банк әлеуеті байқалғандай.
Қаржылық көрсеткіштер Банктің Қазақстан нарығындағы тұғыры тұрақты түрде нығайып, қызмет тиімділігі арта түскендігін айғақтауда. О.Смирнов жақында өздерінде акционерлердің жылдық жалпы жиналысы өтіп, онда 2010 жыл қорытындылары шығарылғанын және биылғы жылдың бірінші тоқсанының нәтижелері талқыланғанын айтады. Өткен жыл банк үшін сәтті болған көрінеді. Біріншіден, елдің макроэкономикалық көрсеткіші – ІЖӨ 7 пайыз шамасында өскен. Осы елеулі өсім банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығына әсер еткен. «Ең бастысы, біз Қазақстанның аса ірі банктерінің ондығына кіріп, активтер көлемі жөнінен тоғызыншы шепте тұрмыз» деп атап көрсетті төраға. 1 сәуірде банк үлесі шамамен 2,5 пайыз болады деп күтілуде. 2010 жылдың нәтижелеріне келер болсақ, бұл үлес 1,9 пайыздан 2,3 пайызға дейін ұлғайған.
Жалпы өткен жылдың банк жүйесі үшін күрделі болғанына қарамастан, Жинақ банкі активтер көлемі жөнінен 27 пайыздан астам өсіп, 282,7 млрд. теңгені құраған. Заңды тұлғалардың салымдары 40 пайыздан астам өсіп, 161,7 млрд. теңгеге жеткен. Несиелік портфель өсімі 83 пайыздан асып түсіп, 176,6 млрд. теңге болған. Банк осы орайда белсенді операцияларды дамыту нарығындағы көшбасшылардың бірі болып табылады. Жалпы алғанда, 2011 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша меншік капиталы 39,9 млрд. теңгені құрап, банктің таза пайдасы 2,6 млрд. теңге болды.
Алғашқы тоқсан нәтижелері де көңілге тоқ. Айталық, Еншілес Банк активтері 20,3 пайыз өсіп, 340 млрд. теңгені құрады. Заңды тұлғалардың салымдары 40,8 пайыз өсіп, 227,7 млрд. теңгеге жетті. Жеке тұлғалардың салымдары 8,3 пайыз өсіп, 36,7 млрд. теңгені құрады. Меншік капиталы 42,3 млрд. теңгеге көтеріліп, таза кіріс 1,8 млрд. теңге түрінде көрініс тапты. Осылайша Банк көшбасшылар үштігіне кіріп отыр. Ал, 10 млрд. теңге сомасындағы тіркелген облигациялар 1 мамырдан бастап Банк капиталын 50 млрд. теңгеге дейін арттырмақ.
Әлбетте, О.Смирнов осынау сандық көрсеткіштердің астарында банктің ауқымды ішкі жұмыстары жатқандығын баса айтты. Олай болса, 2011 жыл банк ішіндегі елеулі өзгерістер жылы болмақ. Төрағаның айтуынша, мұның өзі өнеркәсіптік революция ретінде айқындалыпты. Биыл көптеген технологиялық өзгерістер іске қосылмақ. Олардың мақсаты – банкті клиентке қарай барынша бағдарлау. Клиенттер үшін сатылым көлемін ұлғайту мақсатында жыл аяғына дейін CRM жүйесін өнеркәсіптік тұрғыдан игеру жолға қойылмақ. Банк неғұрлым икемді бола түспек. Демек, 2011 жыл еншілестер үшін сапаны жақсарту жылы болары еш күмәнсіз. Мысалы, банкте енгізілген «Құпия сатып алушы» жүйесі бөлімшелердегі жұмыс сапасын арттыруға қызмет етеді. Ал екінші жартыжылдықта «Несие фабрикасы» деп аталатын үлкен жоба басталмақ. Бұл үдеріс несие беру рәсімдемесін барынша оңайлатуға көмектеспек. Сондай-ақ Басқарма төрағасының орынбасары Сергей Инюшин өткен жылы корпоративті клиенттер саны 10 мыңнан асқанын, 100 мыңыншы банктік карта шығарылғанын, «Жас отбасы» несиелік бағдарламасы бойынша бастапқы жарна 30-дан 10 пайызға дейін төмендетілгенін атап айтты. Бұл да басты назарда клиенттер екендігін көрсетеді.
Банк өз командасын дамытуға да үлкен көңіл бөлуде. Мұнда команданы қолдау үшін айтарлықтай инвестиция салынады. Сірә, 2010 жыл қорытындылары бойынша «Ресей Жинақ банкі» тобы тартымдылық рейтингінде №1 жұмыс беруші атағын алса, таңдануға болмас. Осындай рейтингтер Қазақстанда да өткізіліп тұрса, құба-құп. Өйткені, бүгін таңда керек кадрлар бәрін шешеді. Ендеше, таяудағы төрт-бес жылда Банк Қазақстандағы ілкімді жұмыс беруші ретінде де ілтипатқа ілінеді деп үміттенеміз.
2011 жыл Еншілес Банк үшін жақсы жаңалықтармен әйгіленуде. Жыл басында «Жинақ банкі» АҚ ЕБ және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, республиканың ірі қалаларының бірі Шымкентте жаңа филиалдың Орталық офисі ашылды. Бұл реттік жағынан 13-ші филиал және Қазақстандағы 105-ші нүкте. Басқарма төрағасының орынбасары Шухрат Садыров осындағы ғимараттың сәулетінде қазақ халқының ұлттық нақыштары, рәміздері, экономикалық нышандары ескерілгендігіне, сайттардың да ұлттық өрнектегі жаңа дизайнмен айшықталғандығына тоқталды.
Ақпан айында Алматыда Банктің еншілес компаниясы – «Сбербанк лизинг Казахстан» тіркелген. Банк үшін бұл маңызды оқиға болды. Мұның өзі Банк моделі әмбебап коммерциялық банк екенін танытты. Демек, оның банктік қана емес, лизингілік қызмет кешенін ұсыну мүмкіндіктері мейлінше кең.
1 наурыздан бастап өнімдер тізімінде жаңа банктік өнім – «Иесіздендірілген металдық есепшот» пайда болғанын айту керек. Сонымен бірге ресей рубліндегі тұтынушылық несиелеу бағдарламалары бойынша несие алу мүмкіндігі көпшілік көңілінен шығып, ресей рубліндегі төлем карталары қолданысқа енді.
Банктің 2015 жылға дейінгі негізгі даму стратегиясы елдің екінші деңгейлі банктер нарығындағы қатысу үлесін 5 пайызға дейін өсіру болып табылады. Сонымен бірге үстіміздегі жыл Банк үшін мерекелі жыл. Себебі, Жинақ банкіне – 170 жыл, ал Еншілес Банктің Қазақстан аумағындағы қыметіне 5 жыл толады. Олай болса, Банктің биылғы жылғы: «Бізге 170 жыл толды, бәрі әлі алда!» деген ұраны да көпшілікке түсінікті. Ең бастысы, өсім – тұрақты, сапа – жоғары, келешек – жарқын.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
Алматы.
______________
Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.