- Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының аясында жүзеге асырылған жобаның мақсаты – ауыл тұрғындарына кәсіпкерлік негіздерін оқыту. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, бизнес-жобаларды сүйемелдеу қағидаларын үйрету де жоспарда бар. Жобаға қатысу үшін міндетті түрде тестілеуден өту керек. Бұл сынақ кәсіпкерлікпен айналысу қабілетін анықтайды, - дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Жанаргүл Жоламанова.
«Бизнес бастау» жобасына Индер, Исатай, Махамбет, Қызылқоға аудандарының тұрғындары қатысуда. Олардың қатарында жұмыссыз азаматтар да бар. Дәріс барысында дайындаған бизнес-жобаларын тиісті қаржылық институттың несиелік комиссиясы алдында қорғайды. Ал оқуын аяқтап, сертификат алған азаматтарға стипендия түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Бақытгүл Бабаш,
«Егемен Қазақстан».