Кино • 25 Сәуір, 2017

«Атамекен» фильмі Третьяков галереясында көрсетіледі

785 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның мәдени мұрасын дәріптеу және Қазақстан мен Ресейдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайту мақсатында, Мәскеудегі Мемлекеттік Третьяков галереясында 1966 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген режиссер Шәкен Аймановтың «Атамекен» көркем фильмі көрсетіледі.

«Атамекен» фильмі Третьяков галереясында көрсетіледі

Кеңес дәуірінің патриоттық тақырыпта түсірілген үздік фильмдерінің бәрі фестивальдің мұражайаралық «Война окончена» бағдарламасының шеңберінде көрсетіледі. Фестивальді А.С. Пушкин атындағы бейнелеу өнерінің Мемлекеттік мұражайы (ГМИИ), Мемлекеттік Третьяков галереясы (ГТГ), Мәскеу мұражайы және Горький саябағы ұйымдастырған.

«Атамекен» фильмінің оқиға желісі екінші дүниежүзілік соғысынан бір жыл өткеннен кейінгі уақытты баяндайды. Фильмнің басты кейіпкерлері ата мен немере – соғыста Ленинград түбінде ерлікпен қаза тапқан баласының сүйегін тауып, туған жеріне алып келу үшін пойызбен Ресейге аттанады. Алайда молаға жеткен олар сарбаздың соғыстағы жолдастарымен бір қабірде жатқанын біледі. Қатты қамыққан қария қайғы жұтып тұрса да, оны мазаламауды ұйғарады. Өйткені ортақ қайғы ерлікпен шейіт болған сарбаздарды мәңгіге туыс қылды. Фильмнің идеясы – «біздің Отанымыздың әрбір жері сарбаздар үшін атамекен болып қала бермек». Сценарийін Олжас Сүлейменов жазған.

Фильм туралы Шәкен Айманов өз естелігінде: «Біздің фильм көрерменге ой салу үшін, өзі дамыта алуы мақсатында түсірілген. Кейіпкерлердің туған жер шекарасынан өтіп, адамдармен танысып, соғыстың кесірінен қираған орыс жерін көрсету маңызды емес. Біз үшін, қарияның фильмнің соңында әлемге, адамдарға деген көзқарасының өзгергенін көрсету маңызды болды» дейді. («Шәкен Айманов. О себе, о своем искусстве», Мәскеу, 1974 г.)

«Атамекен» фильмі Қазақ КСР-ның Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды (1968 ж.). Фильмде қария бейнесін сомдаған Елубай Өмірзақов та Мемлекеттік сыйлықты иемденді. Сондай-ақ, фильмге Мұрат Ахмадиев, Юрий Померанцев, Әмина Өмірзақова, Шолпан Алтайбаева және тағы басқалары түскен.

«Война окончена» бағдарламасының шеңберінде кеңес және батыс Еуропаның фильмдері көрсетілмек. Олардың арасында: «Германия, год нулевой» (Роберто Росселлини, Италия, 1947), «Крест за отвагу» (Казимежа Куца, Польша, 1959), «Мир входящему» (Александр Алов пен Владимир Наумов КСРО, 1961), «Никто не хотел умирать» (Витаутас Жалакявичус, Ресей/ Литва, 1965), «Холодные дни» (Андраш Ковач, Венгрия, 1966), «Два Федора» (Марлен Хуциев, Ресей-Украина, 1985 г.), «Безумие» (Кальё Кийск, Ресей / Эстония, 1968) және тағы басқалар.

Сонымен қатар, «жылымық» кезеңінің мәдениетіне, сәулетіне, өнеріне және соғыссыз әлемге арналған деректі фильмдердің көрсетілімі өткізіледі. Фестивальдің шеңберінде Мәскеудің әртүрлі мәдени алаңдарында дәрістер оқылып, дөңгелек үстелдер, сурет көрмелері, концерттер мен поэзия оқулары өтеді.

Айгүл Аханбайқызы,

«Егемен Қазақстан» 

Алматы



Соңғы жаңалықтар