Парламент Сенаты Аппаратының басшысы Серік Сыдықов бастаған Қазақстан делегациясы Бас хатшы М.-Л.Пааволамен және Эдускунтаның құрылымдық бөлімшелері мен тұрақты комитеттерінің басшыларымен кездесті. Одан басқа, С.Сыдықовты Қазақстанмен Парламенттік достық тобының төрағасы, Финляндия Республикасының бұрынғы сыртқы сауда және даму министрі Л.Тойвакка, «Ситра» фин инновация қоры байқау кеңесі төрағасының орынбасары О.Ала-Ниссиля және Финляндия экономика министрінің кеңесшісі М.Халоненмен бірге басқа да бірқатар заң шығарушылар қабылдады.
Келіссөздер барысында С.Сыдықов фин тарапын Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында айтылған еліміздің дамуындағы басымдықтармен жан-жақты таныстырды, сондай-ақ конституциялық реформалардың барысы мен Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында мазмұндалған жаңарулардан хабардар етті.
Инновациялық белсенділікке, шағын және орта бизнес пен индустриялық-инновациялық қызметті қолдауға назар аудара отырып, Парламенттің заң шығаруды қамтамасыз ету саласы бойынша пікір алмасты және тәжірибе бөлісу тұрғысында әңгіме өрістеді.
Іс жүзіндегі тақырыптарға ерекше назар аудара отырып, тараптар ынтымақтастықты қалыптастыруға және кадр саясаты мәселелері бойынша тәжірибе алмасуға, заң шығару қызметін ақпараттық-талдаумен қамтамасыз етуге мүдделілік білдірді.
Мәдени-гуманитарлық іс-қимылды кеңейту мақсатында және Қазақстан мен Финляндия арасындағы дипломатиялық қатынастар орнағанына 25 жыл толуына орай (13 мамыр) және Финляндия тәуелсіздігінің 100 жылдығына байланысты Хельсинкиде «Анаға жол» фильмінің тұсаукесері болды. Парламент депутаты, фин елінің даму мәселелері жөніндегі бұрынғы министрі П.Хаависто бұл шараның құрметті мейманы болды. Парламент мүшелері, Финляндияның Сыртқы істер министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдарының, дипломатиялық корпустардың, қазақстандық диаспораның өкілдері, сондай-ақ Финляндияда оқитын еліміздің студенттері қатысты.
Сапар барысында Финляндия Парламентінің жанынан құрылған «Ситра» фин инновация қорының штаб-пәтерінде кездесулер болды. Бұл беделді мемлекеттік құрылым елдің инновациялық және ғылыми-техникалық даму стратегиясымен 50 жыл айналысып келеді. Қазақстан делегациясы инновациялық инфрақұрылымды құру, технологиялық парктер мен инновациялық даму институттарын басқару жөніндегі фин тәжірибесін зерделеді. Турку қаласындағы ТЕКЕС технология және инновация агенттігінде және Ғылыми паркте болған кезде делегация стартап компаниялар мен шағын және орта бизнес кәсіпорындарының жобаларын қаржыландыру, жетекші фин технопарктері бірінің қызметін басқару тәжірибелерімен танысты.
Порвоо және Турку қалаларындағы муниципалитеттердің басшылығымен кездесу барысында қазақстандық тарапқа аймақтағы инновациялық қауымдар мен алдыңғы қатардағы технологиялық жобаларды енгізу тәжірибесі көрсетілді. Фин жағы бизнес инфрақұрылымындағы «смарт» ұйымдастырудағы жаңалықтарымен, технологиялық парктерін дамыту және инновацияны мемлекеттік қолдау тәжірибесімен бөлісті.