Оның нақты бір мысалына Қазақстан халқы Ассамблеясын атауға болады. Бүгінде бұл құрылым шетелдік қауымдастықтар тарапынан саяси жаңашылдық ретінде мойындалып, бірегей институтқа айналды. Бір шаңырақ астында тұратын этностарды ортақ мақсатқа жұмылдырып, этносаралық, конфессияаралық келісімнің қуатты құралы ретінде ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқаны талассыз шындық.
Елбасы Н.Назарбаев еліміз тәуелсіздігінің алғашқы жылын мерекелеу қарсаңында Қазақстан халқының форумын өткізу жөнінде ұсыныс жасағаны есімізде. Осы алқалы жиында Президент жаңа қоғамдық институт құру идеясын алға тартқанын да ұмыта қойған жоқпыз. Бастапқыда кеңесші орган ретінде саналса, кейін Ассамблея қызметі Ата Заңымызға негізделіп, құқықтық мәртебесі кеңіді. Содан бергі аралықта бейбітшілік пен рухани келісім бағытында көптеген келелі істер тындырылды. Ұлттық-мәдени орталықтардың, этностардың мүддесін білдіріп, сындарлы үндесулерді қамтамасыз етіп келеді. Өмірлік маңызы зор әлеуметтік мәселелерге де белсенділікпен араласып, шешілуіне ықпал жасайды. Жұртшылықтың мұң-мұқтаждарына құлақ асып, қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырады. Түрлі деңгейлерде өтетін кездесулерде, басқосуларда ел тыныштығы, шаңырақтың беріктігі бірінші кезекте ескеріліп отырады.
Жергілікті жерлерде де Ассамблея мүшелері мен этномәдени бірлестік өкілдерінің өзара ынтымақтастығы арқасында ұлтаралық келісімге жетудің үйлесімді де сындарлы жолдары ұтымды шешілген. Ұлттық тілді, мәдениетті дамытуға, көтеруге бағытталған шаралар сан-салалы. Өскелең ұрпақ бойында қазақстандық патриотизм үлгілерін ұялату, дәстүрлерді жаңғырту, озық құндылықтарды сақтау мәселелеріне жіті көңіл бөлінген. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен ұлттық жаңғыру мектебі ашылып, неміс, армян, поляк, татар, корей, чешен, әзербайжан, украин, еврей, белорус бөлімшелерінде 200-ден астам бала оқиды. Этностық ұйымдар түрлі мерекелер шеңберінде мазмұнды бағдарламалар ұсынылып, дәстүрлі достық, азаматтық татулық дәріптеледі. Тұрмысы төмен отбасылар мен аз қамтылған жандар үшін қайырымдылық акциялары жүйелі ұйымдастырылады.
Студент-жастарды бейбітшілік пен рухани келісім рухында тәрбиелеу мақсатымен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанында Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедрасы құрылып, жұмыс істеп келе жатқанына үшінші жылға аяқ басты. Кафедраның негізгі міндеті – жас ұрпақты діни сауаттылыққа, жоғары адамгершілік қасиеттерге баулып, шығармашылық қабілеттерін дамыту. Профессорлық-оқытушылар құрамынан және қоғамдық ұйымдар өкілдерінен құралған ғылыми-әдістемелік бірлестік этносаралық мәселелермен шұғылданады. Әдістемелік құралдар жасалып, оқу үдерісіне енгізілді. Студенттерге «Этностық-конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі» және «Дінтану» курстары оқытылады. Енді «Мәңгілік Ел – біздің құндылығымыз» атты пән әзірленуде. «Менің сан қырлы Қазақстаным» фотосуреттер онлайн-сайысына, «Бір мемлекет – бір отбасы», «Қазақстанға қалай тап болдым?», «Патриот деген...», «Тегі әртүрлі – теңдігі бір», «Тәуелсіздік тұғыры» атты эсселер, «Менің Отаным – Қазақстан» атты жобалар байқауына қатысушылар шоғыры қалың болды.
Студенттердің саяси, мәдени өмірінде Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының алатын орны ерекше. Алдағы кезеңге жоспарлап отырған шаралар аз емес. Мұның бәрі қоғамды топтастыруға, этноконфессиялық қатынастарды үйлестіруге, ұлтаралық келісімді нығайтуға бағыттала беретін болады.
Людмила ГРИВЕННАЯ,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі
Солтүстік Қазақстан облысы