Қазақстан • 26 Сәуір, 2017

Сыни сәттегі серпіліс

322 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ассамблея немесе Ассамблея мүшелері дегеніміз – бүгінгі этносаралық қарым-қатынасқа саяси әр кіргізу үшін айтыла салатын әншейін әдемі, жылтыр сөз емес. Күнделікті өмірде конституциялық орган мәртебесін иеленген Ассамблеяның қадір-қасиетін екінің бірі айтарлықтай сезіне бермеуі де мүмкін. Тіпті, сезінбек түгілі: Ассамблея, Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктер дейсіз бе?! Е, бұл жөнінде күн сайын айтылып, газет беттерінде жазылып, теледидарда көрсетіліп жүр емес пе? Білеміз, әрине, бұл елімізде бірлік пен тыныштықты сақтауға өте қажетті қоғамдық құрылым ғой деп әлдебіреулер ақылгөйлік таныта салуы да ғажап емес.

Сыни сәттегі серпіліс

Түсіне білген адамға Қазақ­­стан халқы Ассамблея­сы­ның рөлі бұдан гөрі тереңде екеніне кешегі бір күндері Ақтөбе аймағының кейбір бөліктерін тасқын мен топан су басқан кезде тағы да айқын көз жеткізе түстік. Расында, біз Қазақстан халқының бір­лігі деген сөзді тектен тек қол­дан­байды екенбіз. Елімізді мекен­дейтін өзге этнос өкілдерінің мем­лекет құраушы ұлт – қазақ­тарға деген құрметі мен риза­шылығы шексіз деп жүрге­ні­міз де нақты шындық пен суа­рыл­ған ақыл сөз һәм асыл сөз болып шықты. Шын мәнінде, біз бір-бірі­нен іргесі бөлінбейтін, еншісі бір қазақстандықтар екенбіз. 

Бұлай деп жеріне жеткізе сөйлеп отырған себебіміз, жоға­рыда айтылғандай, таби­ғи апат орын алған кезде жер­гілікті ұлт пен тоқсаннан астам этнос өкілдерінің бәрі тас­қын су­дың бетін қайтаруға бір жаға­дан бас, бір жеңнен қол шыға­рып, тас түйін жұмыла білген­дері. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, апаттың тез арада ауыздықталуына ең ал­дымен Ақтөбе облы­с­тық Қазақстан халқы Ассамб­лея­сының құра­мын­да­­ғы этно­мәдени бір­лес­тік­тер, сон­дай-ақ Қоғам­дық келі­сім кеңес­тері үлкен үлес қос­ты. Олар­дың тарапынан облыс жұрт­шылығы мен қала тұр­ғын­­дарына тасталған жү­рек­­жарды үндеу жерде қал­ған жоқ. Бәрі де бұл үндеуді бір­ден қолдап алып кетті.

Мәселе, тек үндеу тастау­мен ғана шектелген жоқ. Өңірлік Ассамблея мүше­лері төрт көздері түгел оқиға орнынан табылып, олардың бәрі су тасқынынан зардап шек­кендерді қауіпсіз аймаққа көшіруге қолұшын берді. Әрі бір күндік еңбекақылары мен табыстарын тасқынға тап болғандардың арасындағы тұрмыс деңгейі төмен отба­сы­лар мен мүгедек жан­­дарға аударуға шешім қабыл­­дады. Қазіргі күні олар қайы­рым­дылық шараларын одан әрі жалғастырып жатыр.

Біз мұндай деректі ең ал­ды­мен Ақтөбе облыстық Қазақ­стан халқы Ассамблеясы төр­ағасының орынбасары, хат­шы­лық меңгерушісі Бұлбұл Елеу­сінованың аузынан естігенде, Ассамблеяның басты мақ­саты­ның бірі қазақ хал­қы­ның төңірегіне топтасу екен­дігі сөз жүзінде емес, нақты іс жүзіндегі топтасу екенін тағы бір тереңірек түйсіне түс­кен­дей күй кештік. Әлбетте, біз бүгінде қазақстандық пат­риотизм мен біртектілік жөнін­де де жиі айтамыз.

Осы арада патриотизмнің түп төркіні тереңде екенін, бұл қажет болған қиын да күрделі жағдайда адамдардың бір-біріне қолұшын созып, апатты жағдайдан құтқарып қалу екенін оқырмандар на­зарына бергенді жөн көр­дік. Соның нақты мысалы мін­бер­де айтылған әдемі сөздер мен баяндамалардан емес, өмір­дің өзінен табылғаны да қас­терлі құндылық емес пе?! Әрі бүгінгі әңгімемізді Ассам­блея хатшылығынан алын­ған әзір деректерден емес, жоғары­да­ғы­дай мәні мен маңы­зы, тәлі­­мі мен тағылымы мол өне­­гелі іс-қимылдан бастап кетуі­­міз­­дің басты бір сыры да осында.

Ашығын айтқанда, Ақтөбе аймағындағы Ассамблея қыз­меті сан-алуан іс-шаралар­ға ғана емес, сонымен бірге, атап айтуға тұрарлықтай бір­қа­тар ерекшеліктерге де толы деуге болады. Ендігі кезек­те соның бір-екеуіне тоқ­тала кеткенді жөн деп санай­мыз. Мұның біріншісі – өңір­де Қоғамдық келісім мен Медиа­ция кеңесінің жүйесі жүйелі жолға қойылғаны деуге бола­ды. Медиация, бір сөзбен айт­қан­да, түсіністікке келе алма­ған екі тараптың сот арқылы емес, өзара татуласу жолымен бітімгершілікке келуі деген сөз. Бітістіретіндер – медиаторлар.

Медиацияның өзгеге емес, нақты Ассамблеяға телінуінің нен­дей сыры бар деуі де мүм­кін біреулер. Орынды сауал. Мұндағы басты гәп, жоғары­да айтылғандай, екі жақтың ме­диа­ция жүйесіне жүгінуі ар­қылы өзара татулық пен келі­сімге келе алуында. Ал бұл екеуі Ассамблея басты негіз­дерінің бірі екендігі айт­паса да түсінікті. Медиация кеңестерінің Қазақстан халқы Ассамблеясынан қашық тұр­май­тының басты сыры да осында.

Екінші ерекшелікті өңір­лік Ассамблея құрамындағы Бол­гар этномәдени бірлестігі­не қа­тыс­ты байыптауға бола­ды. Әдет­те, еліміздегі мұндай этно­мә­дени бірлестіктердің бел­гілі бір тұрақты орны, яки кең­се­сі, сондай-ақ жексенбілік мек­теп­терінің болуы қалыпты жағ­дай. Айтайын дегеніміз, облыс­тық Алға ауданында бол­гар­лардың өз кенті бар екен­дігі. Бұл кент Болгарка деп ата­ла­ды екен. Болгарлар әлем­де Қазақстанға жететін мем­лекет, дәл осындай жер жәнна­ты мен жұмақ жоқ. Қазақ хал­қын­дай құшағы кім-кімге де ай­қара ашық бір де бір халық жоқ. Қазақ­стан – өз Отанымыз. Біз­дің мақсатымыз – еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне өз үле­сі­мізді қосу, дейді.  

Ұзын сөздің қысқасы, кеңе­сіп пішкен тоң келте болмас, дейді дана халқымыз. Ақтөбе ай­ма­ғында көп мәселелер­дің түйі­ні өзара келісіп әрі кеңе­се оты­рып шешіліп жүргені басты та­быс, басты рухани құндылық еке­ні басы ашық ақиқат.


Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»


Ақтөбе облысы

Суретте: өңірлік Ассам­блея ғимараты алдында


Соңғы жаңалықтар