Қазақстан • 26 Сәуір, 2017

Жыр компьютермен жазылмайды...

256 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұзынағаштағы Қарасай батыр атындағы Мәдениет үйінде жырсүйер қауым қаламгер Манарбек ізбасардың үш кітабының тұсауын кесті.

Жыр компьютермен жазылмайды...

Мәртебелі тұсаукесерде алды­мен сөз алған белгілі ғалым-қаламгер, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанов бұл шараның «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласымен тұспа-тұс келгеніне баса назар аударды.   «Елбасының мақаласындағы «Туған жерге туың­ды тік!» деген ұғым осындай шаралардан басталады, – деді қа­лам­гер-ғалым. – Ұлттың көшін бас­тайтын, ұлттың рухын биікке көтеретін – кітап. Оның ішінде өлең – қазақпен етене туған құ­ді­рет. Қазақ өлеңмен қуанып, өлең­мен бірін-бірі жұбатқан. Заман қан­­ша жерден алға озғанмен өлеңді еш уақытта компьютермен теріп жаза алмайсың... Өлең қадым заман­нан бе­рі тек қана қаламмен жазылған, сон­дықтан да, Манарбек, мен саған халқыңды қуантқан жыр жолдарың молая берсін деп қалам сыйлаймын!»

Қарымды қаламгердің ақын­да­р­-

дың жанына жағымды, құлағына жы­лы тиер осынау тілегін іліп ала жө­нелген әрбір шешен мінберге шы­ғып тұрып «Батырлар мен ақындар елінің» топырағында туып-өскен Сүйінбай мен Жамбыл­дың тарихи жырларына тоқталмай өт­кен жоқ. Халықтық жырдың қасиетінен нәр алып, жан сезімінің қыл пернесін қаламының ұшымен дәлдеп үлгерген Манарбек Ізба­са­ров бүгінгі тұсауы кесілген үш кітапқа дейін «Жанымда менің жалын бар», «Күй домбыра, саз ғұмыр», «Сәулесін төгіп, нұр сезім», «Жайымды қалай ұғарсың»  атты бар­лығы  жеті кітабын оқырманға ұсын­ғаны киелі топырақтың қа­сиеті екені жайлы және атап өтіл­ді. Әдеби-сазды кештің көркіне ай­­налған талант иесі туралы те­рең­нен тебірене сөз сөйлеген қа­лам­дастары сегіз қырлы, бір сырлы Манарбектің проза жанрында да елеулі үлесі барын еске салды. 2006 жылы «Жазушы» баспасынан «Қазіргі қазақ прозасы» серия­сымен шыққан «Табиғат хикаялары» атты әңгімелер жинағы соның айқын дәлелі болса керек-ті.

«Әуелде көпшілік жазу өне­рін оңай көреді, қияметін біле бер­мейді», деп сөз бастаған «Қазақ әде­биеті» газетінің бас редакторы, жазушы Жұмабай Шаштайұлы бұл шараны бір кезде аудандық «Екпінді еңбек» газетінде «полк баласындай» болып үлкендермен теңесіп тер төге қызмет істеген Манарбектің мехнатының бүгінгі жеңіс тойы деп ой саралады.

Журналист, ақын, жазушы, бас­пагер азаматтың  рухани сала­дан өз үлесін ала жүріп, бүгінгі таң­да бизнес биігіне көтерілуі де көп жайттан хабардар етсе керек. «Рухани жаңғыру жолында бабаларымыздан мирас болып қалған, қанымызға сіңген бү­гінгі тамырымызда бүлкілдеп жат­­қан ізгі қасиеттерді қайта тү­ле­туде» қаламгер Манарбек Ізба­саров­т­ың сіңірген еңбегі өте зор. Тек қана тарихи-танымдық мәні бар 20 кітап шығарған екен. Тарихтың қойнауынан сыр тартқан Сұраншы-Саурық, Медет­бек батырлар, Құдайберді би, Бай­телі баба, тағы басқа да тарихи шы­ғар­ма­лар болашақ ұрпақ үшін өзің­нің ұлттық  және жеке бай­лы­ғың­ды нақты білуге бағыт берері анық. «Әрбір өлкенің халқына суықта пана боп, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар» демекші, Манар­бектің «Айтұмар» бас­п­а­сынан шыққан халық үшін бой­тұ­мардай болған тұлғалар қатары  молая түсуде.

Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Дастан Шайнүсіпов, заң ғылымдарының докторы Арықбай Ағыбаев, арқалы  ақын Орысбай Әбділдаұлы, ақын-композитор Жолдасхан Құрамысов, қауіпсіздік қызметінің генерал-лейтенанты  Әділ Шаяхметов, Қазақ университетінің проректоры Әбдікерім Серікбаев, Қазақстан Республикасы соттар қауымдастығы төрағасының орынбасары Серік Байбатыров, ақын-жазушылар Нағашыбек Қапалбеков пен Доқтырхан Тұр­лы­бек және басқалары Манар­бектің бойындағы ақындық қаси­еті­мен қоса, туған жерге, оның  та­рихы мен мәдениетіне,  салт-дәс­түріне, бабалар мұрасына деген жанашырлық қасиетін баса көр­сетіп, тілге тиек етіп жатты. Ақын­­­ның құрметіне ән айтылды, күй тартылды, жыр оқылды.

Қазақстан Жазушылар ода­ғы­ның мүшесі, Мәдениет қай­­рат­кері ақын Манарбек Із­ба­сар­­дың әдеби-сазды кешін дөң­гелетіп жүргізген ақын Бақыт Бедел­ханның тілімен айтқанда, «ақын­ның оқырманына ұсынып отырған «Сағым», «Қоңыр күзім келдің бе?!», «Тағылым» атты жинақтары ру­­хани жаңғыру сатысында жаңа қа­дам болған заманда  күнде п­а­рақталып, күнде оқылып,  өнегелі дү­ниеге айналсын», деп түйіндер едік.


Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы,


Жамбыл ауданы

Суретті түсірген 

Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ



Соңғы жаңалықтар