Білім • 26 Сәуір, 2017

Мектепішілік рейтинг: мұғалім мен оқушы мерейі

1811 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Он екі бағытты тәрбие жұмы­сы баршамызға белгілі. Мен жа­ңашыл тәжірибемді сіздер­мен бөлісуді жөн көріп отырмын. Бұл – рейтинг жүргізу арқы­лы мектеп оқушыларының ру­хани-адамгершілік мәдениетін қалып­тастыру, тәрбие жұмысын дұрыс жолға қою, әлеуметтенген тұлға тәрбиелеу. Мектепішілік рейтингті 2011-2012 оқу жылының екінші жартысынан бүгінге дейін жүргізіп келеміз. Абай атамыз айтқандай, әр қазақ баласының бойында «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» болуы өмір сүрудің негізгі заңдылығы болса, осы үш қасиетті шәкірт бойына сіңіру – ұстаз міндеті. Осы қағиданы ұстана оты­рып «ыстық қайрат» дегеніміз – спортқа баулу, «нұрлы ақыл» – санасына білім нәрін құю, «жылы жүрек» адамгершілік, эстетикалық тәрбие беру деп түсінемін.

Мектепішілік рейтинг: мұғалім мен оқушы мерейі

Бұл бағытта жұмыс істеу үшін ұстаздар, мектеп қызметкерлері және оқушылар арасында рейтинг жүргізуді ұйғардық. Әуелде рейтингті тек оқушылар арасында өткізуді ойластырсақ, кейін ойлана келе ұстаздар мен мектеп қызметкерлері арасында да жүргізуді жөн деп шештік.

Бұл жұмыстың тәртібін, жөн-жобасын, неден бастап, немен аяқ­тау керек екендігін дұрыс білме­гендіктен көп ізденуге тура кел­ді. Соңында балдық жүйені дұ­рыс деп таптық. Балдық жүйеге тоқ­талғаннан кейін үздіктерді анықтау үшін белгілі бір орын, атақ беру жағын ойластырдық. Ойлана келе 17 атаққа тоқталдық. Соның ішінде ең негізгілері – «Үз­дік ұстаз», «Үздік оқушы», «Үздік сы­нып жетекшісі», «Үздік сынып» атақтары. Келесі кезекте рейтингті жыл бойы жүргізіп, оқу жылының соңында жұмысты қорытындылайтын комиссия құру міндеті тұрды. Комиссия құрамына мектеп әкімшілігі, ата-аналар комитетінің төрағасы, кәсіподақ ұйымының төрайымы және жастар қозғалысының ұйымдастырушысы, барлығы 7 адам кірді. Ендігі мә­селе жетістіктерді тіркеуге келіп тірелді. Өз жұмысыңыздың нә­тижесін көру үшін қайткенде де бәрі әділ, дұрыс болсын деп ой­лайсың ғой.

Осы жұмысқа мектепте бұрын­нан қалыптасқан дүйсенбілік та­қырыптық лездемелерді неге пай­даланбасқа деп ойладық та, апта сайын Әнұран айтылып, тақырыптық лездемелер өткі­зіліп, соңында «Болашақ» мектеп қалашығының мүшелері өткен аптаның қорытындысын шығарып отырды. Әр сынып қорытынды бойын­ша жетістіктері үшін марапатталып, смайликтер тарату арқылы рейтингке енгізілді. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, бұл жұ­мысты жеке-дара орындау мүмкін емес болғандықтан, мектеп оқу­шыларын да қатыстырдық. Олар­дың өздері араласса мейлінше шы­найы әрі әділ өтіп жатқанына көздері жетеді емес пе? Аудан, облыс, республика, сондай-ақ, ха­лық­аралық деңгейде өткен бай­қаулар мен сайыстардың марапаттары да сынып рейтингісіне енгізілді. Осы­лайша әр тоқсан сайы­н сынып ұпайы қорытындыланып, же­ңімпаздар аталып отырды.

Мектеп өміріндегі белсенділік, тазалық пен форма кию, сынып тазалығы мен көгалдандыру да рейтинг қорытындысында есепке алынды. Сыныптар мен ұстаздар арасында өзара бәсекелестік пайда болып, тәрбие жұмысы алға жылжыды. Оқушылар тәртіпті, әдепті, ар-намысы биік, ұлтжанды, отансүйгіш, бір-біріне мейірімді, кешірімді болуды үйренді. Жаңа жетістіктерді бағындыруға ынта-жігерлері артты.

Жыл соңында, яғни 22 мамыр күні комиссия мүшелері толық жиналып, барлық аталымдар бойынша 3-5 үміткер таңдап алынады. Оларға дауыс беріліп, үздігі анықталады. Есімдері жазылып, қағаз конвертке салынады да 23 мамырға дейін құпия түрде мектеп директорының кабинетінде сақталады. Ал 23 мамыр күні дәстүрге айналған «Үздіктердің үздігі» кеші өтеді. Бұл кешке аудан әкімі, аудандық бөлімдер басшылары, ауданның құрметті азаматтары шақырылып, мектеп ұжымының, жұмысшыларының, оқушылардың жыл бойы алда көрінген үздіктері анықталып, марапатталады.

Жыл бойы тыным таппай еңбек еткен үздіктердің үздігінің бойы­н мектебіне, ауылына, еліне, жеріне деген құрмет сезімі билеп, қуанышты кейіпте тұрғанын көру ұстаз үшін ерекше ғанибет!

Ғазиза ШЕГЕБАЕВА, 

Үлкен Владимиров орта мектебі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, І санатты тарих пәнінің мұғалімі

Шығыс Қазақстан облысы,

Бесқарағай ауданы



Соңғы жаңалықтар