30 Сәуір, 2011

Келін

600 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Халқымызда «Маңдайыңа жазылғаннан аспайсың, пешенеңе не бұйырса соны көресің», деген қалыптасқан тәмсіл бар. Дәл осы маңдайға жазылғанды көруді біздің кейіпкеріміздің ата-анасына бұйыртыпты. Тараздағы, сол кездегі Жамбыл қала­сындағы педагогикалық училищенің студенті Шарапат өндірістік практикадан өту үшін Степногор қаласындағы балабақшаға келеді. 18 жастағы Шарапат осы қалада 15 жастағы жасөспірім Николаймен танысып, практикада жүрген 8 айдың ішінде доста­сып кетеді. Мерзімі аяқталған соң туған қаласына кеткен Шарапат, әрине, араға жылдар салып, Николаймен қайта кездесетінін, араларында махаббат сезімі туаты­нын қайдан білсін. 3 жылдан кейін жасы 18-ге толған Ни­колай әскерге шақырылып, боры­шын өтеуге Жамбыл қаласына бөлі­неді. Ол кезде Шарапат оқуын аяқтап, балабақшада тәрбиешілік қызметін атқарып жүрген. Қатардағы жауын­гер­лерді қаладағы ден­сау­лық сақтау, оқу-білім саласына қатты-қайырым жұмыс­тарына көмек үшін жіберіп отыратын заманның болғаны белгілі. Бір топ қызметтестерімен балабақшаға көмекке келген Николайдың алдынан жазмыштың бұйрығымен Шарапат шыға келеді. Тағдыр деген де осы шы­ғар. Екеуі ата-аналарының, туған-туыс­тары­ның қарсылықтарына қарамастан, отау құрады. Николай Степногорге қайтпай Таразда тұрақтап, дүниеге кішкентай Оля келеді. Ольга айтады: «Мен алғашында орыс мектебіне бардым. Бір жылдан кейін әкем ойла­нып, қызымның қазақша оқығаны дұрыс, деп қазақшаға ауыстырыпты. Негізінен адам білімінің қадасы бастауышта қаланады ғой. Алғашында өте қиын болды. Мұғалімнің айт­қанын түсінгеніммен айтып бере алмаймын. Мен әлі күнге бастауышта сабақ берген апайым Дәмеш Бодаева апайға өзімді қа­рыздар сезінемін. Дәмеш апай менің ойымды жеткізе алмағанымды ұғы­нып, түсінгенімді әуелі орысша айтқызып, содан оны өзі қазақшаға аударып, оны маған қайталатқызып, оны еш ауырсынбай жанын сала үйретті. Ол кісінің осындай көзқарасы менің өзімді қатарларымнан еш кем санамауыма алып келді. Әйтпесе, егер бір жағынан балалар күліп жатқанда, мұ­ға­лімің де езу тартып тұрса, сен өзіңнен өзің қысыласың, орысша айтқанда, комплекс пай­да болады ғой. Ал Дәмеш апай­дың ар­қасында мен сондай бір қиналмадым. Бас­тауышты аяқтағанда сыныптастарымнан артық оқып кеттім». Біз әңгімеге тартып отырған Ольга Күмісбекова Астана қаласындағы «Еркетай» қазақ балабақшасының меңгерушісі. Бекнұр есімді жұбайы, Нұрай атты қызы бар ана, қазақтың келіні. – Мектепті өте жақсы тәмамдадым. Жоғары сыныпта оқып жүргенімде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Хан­ша­йым апай қанша біліп тұрсам да: «Орыстың қызы қанша оқыса да бәрібір қазақ тілін 5-ке білуі мүмкін емес», – деп тоқсанды 4-ке шығарып берді. Содан жылап анама айт­тым. Ол кісі мектептің директорына барып: «Егер орыстың ба­ла­сы қазақ тілінде сабақ айтса оған қандай баға қою керек?» – деп сұрайды. Сонда директор: «Егер ол 3-ке айтса – 5, ал 4-5-ке айтса 10-ға дейін баға қою керек», – деп күліпті. Сонда анам: «Онда Ольганың бағасын неге кемітесіздер?» – дегенде директор: «Бізде орыс қызы бар ма еді?» – деп таңқалыпты. Осыдан-ақ менің қалай қа­зақтардан еш айырмам болмағанын бай­қау­ға болатын шығар, – дейді О.Күміс­бекова. Бірақ Ханшайым апайы­ның өзінің қазақ тілі мен әдебиетін жақсы білуіне көп еңбек сіңіргенін жасырмайды. Үне­мі кітапха­на­ларға бағыттап, арнайы маз­мұндама, шы­ғармалар жазғызып, қосымша әдебиеттер оқытып, кәдімгі «қазақ қызын» жасапты. «Мектепті 5-ке тәмамдадым. Жал­пы, менің тәрбием нағашы әжем Алмакүлдің арқа­сында мұсылманша болды. Степногордегі туыстарымыз Калининград қаласына қо­ныс аударды, ал әкем 28 жасында жол апа­ты­нан қайтыс болды. Анам содан кейін тұр­мыс­қа шыққан жоқ... Мына қызыққа қараңызшы, өмірде еш нәрсе кездейсоқ болмайтын шы­ғар. Есіңізде ме, қазақшаға алғаш бар­ға­нымда маған жанының жылылығын төккен ұстаз туралы айтқаным. Сол кісі бір күні біздің балабақшаға немересін әкеліп тұр. Бұрын ол кісі мені оқытса, енді мен ол кісінің немересіне тәрбие берудемін. Біздің бала­бақшада 12 топ болса, ішінде орыс, корей, татар балалары да бар. Бірақ менің бір нәрсеге көңілім орта түседі. Білесіз бе, немерелерін қазақша балабақшаға бергілері келмейтін ата-әжелер бар. Осы бала­бақ­шаға жолда­мамен келген біраз ата-ана біздің балабақшаның қазақша екенін білгенде кәдімгідей қынжы­ла­ды. Сондайды көр­генде қи­на­ламын. Өзімді мысал, үлгі етемін. Менің жұбайым орыс мектебін бітірген, қазақша да бір адамдай біледі, бірақ қазақша жа­зылған әдебиеттің, газет-журналдың бірін оқи алмайды. Ал қазақ мектебін бітіргендер орысша да жазып, оқиды, қазақша да солай. Мен жоғарыдағыдай ата-аналарға осы­ны түсіндіріп шыр-пыр боламын. Тіпті, егер мен қазақ мектебінде оқымасам, орыс қызы бола тұрып, қазақ балабақ­ша­сына меңгеруші бола алар ма едім, деймін. Жалпы, мен осы жерде бір ой айтқым келеді. Неге Қазақ­станда тұратын қазақтар екі тілде сөйлейді? Ұйғырлар, татарлар, немістер, корейлердің барлығы өз ана тілдерімен қатар, орыс тілін біледі, іштерінде үшінші тіл етіп қазақша да сөйлейтіндері бар. Ал неге орыс қана бір тілді болуы тиіс. Жалпы, Қазақстанда тұратын барлық азаматтар қазақ тілін білуге міндетті деп санаймын», – дейді қазақтың келіні. Ойын осылай бір түйіндеп өткен Оля әңгімесін төмендегіше жалғастырды. Тағы бір айтарым, менің ойымша, аралас некенің жақсылығымен қатар, кемшілігі де бар. Мысалы, менің кейде өзімді ыңғайсыз сезінетін кездерім болады. Неге дейсіз ғой. Ол, әрине, біріншіден, ортаға байланысты. Адамдардың өресі мен көрген тәрбиесіне қатысты болар, кейде бірыңғай орыс жиналған жерде өзімді қазақ, ал бірыңғай қазақтар жиналған ортада өзімді орыс сезініп қаламын. Себебі, мен үшін бұл екеуі де бірдей. Егер біреуі турасында жаман сөз естісем, сол мезет жаным ауырып, араша түсемін. Негізі, ешбір ұлт бір-бірінен еш артық емес. Ал артық көруді, менсінбеуді мүлде дұрыс емес деп санаймын. – Ольга, айтыңызшы, ата-енеңіз үйленулеріңізге қарсы болмады ма?–деп сұрақ қойдым. – Жоқ, ол кісі мені өте жақсы қарсы алды. Ал атам біз үйленбестен бұрын қайтыс болған. Қазір мен үшін Бекнұрдың анасы дүниедегі ең жақын адамым. Ол кісіні керемет жақсы көремін. Сырласамыз, мен ешбір құрбыма айтпаған сырымды апама айтамын. Жалпы, біздің үйдің (келген жерін айтады) келіндері мен күйеу балалары түрлі ұлттан. Бір келін грек қызы, бір күйеу бала түрік жігіті. Апам қазір Анталияда жүр, күніге екеуміз ғаламтор арқылы жүз рет сөйлесеміз. Бір-біріміздің қандай ас әзірлеп жатқанымызға дейін сұрап отырамыз. Апам ақылшым, өте бір төзімді, үлкен ақыл иесі, есті адам. Қандай мейірімді десеңізші. Егер өз өмірімде үлгі тұтар адамың бар ма десе, апамды айтар едім. Мен ол кісінің бір налығанын сыртқа шығарып, біреуге өкпе айтқанын естіген емеспін. Кезекті еңбек демалысы өз алдына, ал мереке күндерінде 3-4 күн бола қалса, Таразға тартамын. Кішкентайымнан өскен қалам ғой, таныстар да, достар да жеткілікті, бірақ апамның қасынан шыққым келмейді. Сол кісінің жанында болуға тырысамын. Апамның араласатын адамдары да сұмдық көп. Барлығы сыйлап тұрады. Ал өз анам Астанаға бізден бұрын келген. Әкем қайтқаннан кейін ғылым жолына түсті, диссертация қорғады, – деді О.Күмісбекова. «Мен орыс қызымын, бірақ қазақтың әрі жиені, әрі келінімін. Ал қызым Нұрай қазақ, бірақ өз қанының ширегінде орыс қаны бар екенін біледі. «Менің анам – метис», деп айтып қойып, ешбір ұлтты жатсынбай, қазақша қатырып сөйлеп өсіп келеді. Алла берсе, Бекнұр екеуміз бала­ларымыз көп болса дейміз», – деп баяғ­ыдан бергі таныс адамымша шүйіркелесе әңгімелесіп, күліп қарсы алып, сол жайдары жүзімен шығарып салған Ольга Николайқызына Алла тілектеріңізді қабыл етсін, дедім іштей. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ. Астана.