Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Асқар Базарбаев таныстырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының негізгі кілті квазимемлекеттік сектор өкілдерін сыртқы өзара байланыстарға тартуға қатысты норма болып табылады. Баяндамашы құжат аясында көзделетін негізгі мақсат аудандық маңызы бар қалалар мен ауыл, кенттер, ауылдық округтер деңгейінде дербес бюджетті кезең-кезеңмен енгізу және жергілікті өзін өзі басқарудың коммуналдық меншігі институтын енгізу, сондай-ақ, жергілікті өзін өзі басқару органдарының бюджеттік процестегі және жергілікті өзін өзі басқарудың коммуналдық меншігін басқарудағы өкілеттіктерін одан әрі кеңейту екенін атап өтті.
Ал заң жобасын екінші оқылымда қарау барысында Мәжіліс Төрағасы Мемлекет басшысының бюджет қаржысын тиімді пайдалану туралы берген тапсырмаларына айрықша назар аудару қажеттігіне тоқталды. «Барлық мемлекеттік органдар мемлекет кепілдігі арқылы тартып, өзара байланыс орнатуды басымдыққа алуы керек. Оның үстіне, Елбасы бюджет қаржысын тиімді пайдалануды ұдайы ескертіп келеді», деді Н.Нығматулин. Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы салық төлеушілердің қаржысынан бюджеттік есеп-қисап жүргізілетіндіктен, сыртқы қарыздар тыңғылықты есептелуі керектігіне назар аударды.
«Өзгермеуге тиісті бір қағида: қарыз аларда бәрін есептеп шығу қажет. Сіз бен біз қор барын және оның резерві пайдаланылмағанын білеміз. Біз бюджеттік есепті талқылағанда, оның орындал-уынан кейбір мемлекеттік органдардың жылдық қорытындыда миллиардтаған қаржыны игермегенін көреміз. Солай бола тұра, сол мемлекеттік орган сырттан қарыз алуға тырысады. Қарыз алмастан бұрын өз мүмкіндігімізді пайдаланған дұрыс. Осыдан шығатыны, атқарушы орындар жергілікті жерде заңды қалай орындап жатқанының маңызы зор. Сондықтан біз Үкіметті жергілікті өзін өзі басқару туралы заңды жүзеге асырғанда мұқият әрі жауапты болуға шақырамыз», деді Н.Нығматулин.
Жалпы отырыстың күн тәртібінде талқыланған тағы бір мәселе – «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы еуразиялық экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша жұмысты қолға алу жөніндегі бастама болды. Бұл жөнінде мәлімдеме жасаған Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев Келісім нормаларына сәйкес, Қазақстан тарапы Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа кіру процесіне жәрдемдесу мақсатында Қырғызстанға 100 миллион АҚШ долларына барабар көмек көрсететіндігін атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, бұл көмек Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа қосылу жөніндегі «жол карталарында» көзделген іс-шараларды іске асыруға және ЕАЭО талаптарымен сәйкестендіруге беріледі.
Сонымен қатар, отырыста депутаттар «1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы темір жол көлігі кәсіпорындарының, мекемелері мен ұйымдарының қызметін құқықтық реттеудің ерекшеліктері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Заң жобасы жөнінде баяндаған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Хаттамада тараптардың басқаруына берілген темір жол учаскелері бойынша мемлекеттік шекара арқылы жүк және жолаушылар пойыздарының тоқтатусыз өту тәртібі қарастырылатындығын айтты. «Сонымен қатар, тоқтатусыз өтетін пойыздар шекара қызметі жағынан болатын тексерулерге жатпайды. Сондықтан да аталған нормалар аясында жолаушыларды жеткізу мерзімін бір бағытта 36 сағаттан 23 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді», деді Ж.Қасымбек.
Министрдің сөзіне қарағанда, бұл хаттамамен өзге елдің аумағында орналасқан бір елдің темір жол учаскесінде жүк операцияларын жүргізу үшін стансаларды ашу және жабу тәртібі де регламенттеледі, оған қоса, осы құжатта шекаралық аймақтардағы жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мәселелері қарастырылған. Соның ішінде жергілікті атқарушы органдарға конкурсты ұйымдастыру, тасымалдаушылардың шығынын субсидиялау ережелерін әзірлеу бойынша құзыреттер де беріледі.
Депутаттардың қолдауына ие болған заң жобасы Парламент Сенатының қарауына жіберілді.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»