Қазақстан • 27 Сәуір, 2017

Жаһандық өнер жауһарлары – елордада

345 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаһандық өнер жауһарларының не­бір озық үлгілерін Астана мұра­жай­ла­рынан тамашалайтын күн алыс емес. ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дан­ды­рылған көрмесінің жалауы желбірейтін 93 күннің ішінде елорданың мұражайлары мен концерт залдары әлем өнері паш еті­летін орталыққа айналмақ. Осы орай­д­а елордадағы Ұлттық мұ­ражайда Цин Шихуанди императорының терракота әс­кері мұражайының көрмесі, Каир мұражайындағы көне фа­раондар жәдігерлері, ежелгі Мысыр ескерткіштері, Эрмитаждағы Шығыс пен Батыстың қару-жарақ өнері жә­не басқа әлемдік озық өнер ескерткіштерінің көрмелері өткізілетін болады.

Жаһандық өнер жауһарлары – елордада

Алғашқылардың бірі болып Астанаға Қытай императорының тер­ракота әскерінің жауын­гер­лері ат басын тіремек. Қазақстан Рес­публикасының  Ұлттық мұ­ра­жайының жәдігерлер залын­да 9 маусымнан бастап 10 қыр­күй­екке дейін Цин Шихуан­ди императорының терракота әс­кері мұражайының көрмесі өткі­зі­ле­тін болады. Бұл көрменің мақ­саты – елорда тұрғындары мен қонақтарын ЭКСПО-2017 көр­месінің аясында 1987 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұ­ра­сы тізіміне енгізілген біздің за­манымызға дейінгі 2009-2010 жылдары жасалған Цин әулеті­нің өнер туындыларымен таныс­тыру. «Сиань сарбаздары» деп те айтылатын бұл көне дәуір ше­бер­лерінің қолынан шыққан өнер туындыларының әлем ке­ре­­меттерінің бірі екендігінде дау жоқ.

1974 жылы ҚХР-дың Сиань қаласының маңайынан Янь Джи Ван атты қарапайым шаруа жер қазып жүріп осы жауын­гер­лер мү­сініне тап болады. Ол де­реу археологтарға хабарлай­ды. Археологтар жер астынан кә­дім­гі тірі адамдай саз бал­шық­-

т­ан күйдіріп жасалған мың­да­ған әскер мүсінін көріп таң-та­ма­ша болады. Жер астында кә­­дімгі кішігірім армия тұр.  Ар­­найы қазылған траншеялар­дан 8 мыңдай сарбаз, 520 әб­зелді ат, 150 кәдімгі әскери жыл­қы жегілген 130 күйме та­былған. Ең кереметі сол, сегіз мың солдаттың әрқайсысының мү­сіні бірегей өнер туындысы болып табылады. Сегіз мың­дай сарбаздың бірде-бі­реу­інің бет әлпеті, дене тұрқы екін­ші­сіне ұқсамайды. Себебі, әр жау­ынгердің тұрпаты, сырт кей­пі нақты өмірдегі адамдардан көші­ріл­ген. Жауынгерлер, офицерлер, генералдар, шенеуніктер, ак­робат­тар, музыканттар (о дү­ниеде де көңіл көтеру қа­жет деп ойласа керек) киім киісі­мен де, түр әлпетімен де ерек­ше­ленеді. Антропологиялық си­пат­тарына, бас киімдеріне, шаш қойыстарына қарап, сар­баз­дардың қайсысы қай ұлттың өкі­лі екенін (ханьдар, моңғол­дар, ұй­ғырлар, тибеттіктер және бас­­қалар) де ажыратуға бола­ды. Иә, төрткүл дүниені таң­дан­дырған «Сиань сарбаздары» − (Сиань – әлемдегі ең ежел­гі төрт астананың бірі)  осы уақытқа дейінгі табылған әлем­­дегі кереметтердің бірегейі екен­­дігі сөзсіз. Адам қолымен жа­са­лған осы кереметті енді ел­ордалықтар мен көрме қонақ­та­ры еркін тамашалайтын бола­ды. «Сиань сарбаздары» атты өнер туындыларының 50-ге жу­ық жәдігерлері  Ұлттық  мұра­жай­дың төрінен орын алатын бо­лады.

Елордадағы ЭКСПО-2017 әлем­дік көрмесінің аясында Ұлт­тық мұражайда 23 маусы­м-

­нан 3 қыркүйекке дейінгі күндер аралығында «Ежелгі Мысыр ескерткіштері» атты кө­не жә­ді­г­ерлер көрмесінің шы­мыл­ды­ғы ашылады. Тарихы тылсым, ғажайып Мысырдың бізге жеткен көне жәдігерлері  адамзат өнері­нің ғаламат үлгілерімен әлі күнге тамсандырып келеді. Міне, енді Ұлттық мұражайда елордалықтар мен қонақтардың назарына Тутанхамон фараон жер­ленген жерден табылған жә­ді­герлер ұсынылмақ. Бұл біз­дің заманымызға дейін ешкім тиіс­пей толық сақталған бірден-бір фа­раон қазынасы болып саналады. Тутанхамон зиратынан та­был­ған жәдігерлер біздің дәу­ірімізге дейінгі 1332 - 1323 жыл­дардың археологиялық ес­кер­т-

кіштері болып табылады.

Сонымен, бұл жаһандық жә­дігерлердің ішінде Астанаға фа­ра­онның асыл тастармен бе­зен­дірілген, алтындатылған  екі аяқты күймесі, алтын жалатылған тақ, асыл тастармен өрнектеліп, ал­тын жалатылған, салмағы 110 кило болатын тас табыт, қыз мү­сіні және фараонның алтын жағасы жеткізілмек. Сонымен бірге, елордалықтар мен қала қонақтары Каир мұражайының жау­һарлары саналатын көне жа­зулар мен киімдердің үлгісін, ал­тын мұражайының небір керемет жәдігерлерін тамашалайтын болады.

Эрмитаж −  көркемдік жә­не мәдени-тарихи маңызы жө­нін­ен әлемдегі ең ірі де іргелі мұ­ра­жайлардың бірінен сана­лады. Төрткүл дүниенің қай түк­­пірін алсаңыз да әлем жұрт­шы­­­лығы Эрмитажды көруге құ­­­мар. Үстіміздегі жылдың 3 шіл­десі мен 10 қыркүйегі ара­­­­сында елордамызда осы әлем­­­дік мұражайдың қару-жа­рақ жәдігерлерінің көрмесі өт­кі­зіл­мек. ХV ғасырдан ХІХ ға­сыр арасындағы қару-жарақ үл­гі­ле­рі­нің жәдігерлері арқылы кө­­рер­­мендерді ұзақ уақыт ара­лы­ғын­дағы қару-жарақтың даму үрдісімен таныстырады.

Мұражайға топтастырылған қару-жарақ үлгілерінің шежіресі тіпті ертеден басталған.  ХІХ ға­сырдың басында жасөспірім ұлы князь, болашақ император І Николайға түрік қылышы сый­ға тартылған екен. Міне, сол күннен бастап ұлы князь қару-жарақ үлгілерін жинауға ден қойыпты. Бүгінде Эрмитаж қорында 15 мыңнан астам қару-жарақ үлгілері топтастырылған көрінеді. Енді осы мұражай жә­­­ді­герлерінің бір бөлігі ел­ор­да­мыздың көрме залдарынан көрініс бермек. Ұлттық мұра­жайға қойылатын қару-жа­рақ жәдігерлерінің арасынан  Түр­к­ия, Иран, Үндістан, Жа­по­ния, Франция, Италия, Гер­ма­ния жә­не Испания елде­рі­нің ға­сыр­лар бойғы соғыс және аң­шы­л­ық мылтықтарының 70-ке тар­та  үл­гі­лері көрініс табады.

ЭКСПО-2017 көрмесінің жа­лауы желбірейтін 93 күннің ішін­де өнерсүйер жұртшылық жаһандық өнер жәдігерлерінің бұдан басқа да небір озық үлгілерімен танысуға мүмкіндік алады. Қарапайым жұрттың кө­бінің төрткүл дүниені аралап, адамзат өнерінің озық үлгіл­е­рі топтастырылған әлемдік мұ­ра­жайларды аралай беруге мүм­кіндіктері бола бермейді. Ен­ді міне, сол  жаһандық жә­дігерлер өздері келіп, Астана м­ұ­ра­жайларының төрінен орын ал­мақ. Бұл да ЭКСПО-2017 көрмесінің қазақстандықтарға әкелген жетістігінің бірі болса керек.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар