Алғашқылардың бірі болып Астанаға Қытай императорының терракота әскерінің жауынгерлері ат басын тіремек. Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайының жәдігерлер залында 9 маусымнан бастап 10 қыркүйекке дейін Цин Шихуанди императорының терракота әскері мұражайының көрмесі өткізілетін болады. Бұл көрменің мақсаты – елорда тұрғындары мен қонақтарын ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында 1987 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасы тізіміне енгізілген біздің заманымызға дейінгі 2009-2010 жылдары жасалған Цин әулетінің өнер туындыларымен таныстыру. «Сиань сарбаздары» деп те айтылатын бұл көне дәуір шеберлерінің қолынан шыққан өнер туындыларының әлем кереметтерінің бірі екендігінде дау жоқ.
1974 жылы ҚХР-дың Сиань қаласының маңайынан Янь Джи Ван атты қарапайым шаруа жер қазып жүріп осы жауынгерлер мүсініне тап болады. Ол дереу археологтарға хабарлайды. Археологтар жер астынан кәдімгі тірі адамдай саз балшық-
тан күйдіріп жасалған мыңдаған әскер мүсінін көріп таң-тамаша болады. Жер астында кәдімгі кішігірім армия тұр. Арнайы қазылған траншеялардан 8 мыңдай сарбаз, 520 әбзелді ат, 150 кәдімгі әскери жылқы жегілген 130 күйме табылған. Ең кереметі сол, сегіз мың солдаттың әрқайсысының мүсіні бірегей өнер туындысы болып табылады. Сегіз мыңдай сарбаздың бірде-біреуінің бет әлпеті, дене тұрқы екіншісіне ұқсамайды. Себебі, әр жауынгердің тұрпаты, сырт кейпі нақты өмірдегі адамдардан көшірілген. Жауынгерлер, офицерлер, генералдар, шенеуніктер, акробаттар, музыканттар (о дүниеде де көңіл көтеру қажет деп ойласа керек) киім киісімен де, түр әлпетімен де ерекшеленеді. Антропологиялық сипаттарына, бас киімдеріне, шаш қойыстарына қарап, сарбаздардың қайсысы қай ұлттың өкілі екенін (ханьдар, моңғолдар, ұйғырлар, тибеттіктер және басқалар) де ажыратуға болады. Иә, төрткүл дүниені таңдандырған «Сиань сарбаздары» − (Сиань – әлемдегі ең ежелгі төрт астананың бірі) осы уақытқа дейінгі табылған әлемдегі кереметтердің бірегейі екендігі сөзсіз. Адам қолымен жасалған осы кереметті енді елордалықтар мен көрме қонақтары еркін тамашалайтын болады. «Сиань сарбаздары» атты өнер туындыларының 50-ге жуық жәдігерлері Ұлттық мұражайдың төрінен орын алатын болады.
Елордадағы ЭКСПО-2017 әлемдік көрмесінің аясында Ұлттық мұражайда 23 маусым-
нан 3 қыркүйекке дейінгі күндер аралығында «Ежелгі Мысыр ескерткіштері» атты көне жәдігерлер көрмесінің шымылдығы ашылады. Тарихы тылсым, ғажайып Мысырдың бізге жеткен көне жәдігерлері адамзат өнерінің ғаламат үлгілерімен әлі күнге тамсандырып келеді. Міне, енді Ұлттық мұражайда елордалықтар мен қонақтардың назарына Тутанхамон фараон жерленген жерден табылған жәдігерлер ұсынылмақ. Бұл біздің заманымызға дейін ешкім тиіспей толық сақталған бірден-бір фараон қазынасы болып саналады. Тутанхамон зиратынан табылған жәдігерлер біздің дәуірімізге дейінгі 1332 - 1323 жылдардың археологиялық ескерт-
кіштері болып табылады.
Сонымен, бұл жаһандық жәдігерлердің ішінде Астанаға фараонның асыл тастармен безендірілген, алтындатылған екі аяқты күймесі, алтын жалатылған тақ, асыл тастармен өрнектеліп, алтын жалатылған, салмағы 110 кило болатын тас табыт, қыз мүсіні және фараонның алтын жағасы жеткізілмек. Сонымен бірге, елордалықтар мен қала қонақтары Каир мұражайының жауһарлары саналатын көне жазулар мен киімдердің үлгісін, алтын мұражайының небір керемет жәдігерлерін тамашалайтын болады.
Эрмитаж − көркемдік және мәдени-тарихи маңызы жөнінен әлемдегі ең ірі де іргелі мұражайлардың бірінен саналады. Төрткүл дүниенің қай түкпірін алсаңыз да әлем жұртшылығы Эрмитажды көруге құмар. Үстіміздегі жылдың 3 шілдесі мен 10 қыркүйегі арасында елордамызда осы әлемдік мұражайдың қару-жарақ жәдігерлерінің көрмесі өткізілмек. ХV ғасырдан ХІХ ғасыр арасындағы қару-жарақ үлгілерінің жәдігерлері арқылы көрермендерді ұзақ уақыт аралығындағы қару-жарақтың даму үрдісімен таныстырады.
Мұражайға топтастырылған қару-жарақ үлгілерінің шежіресі тіпті ертеден басталған. ХІХ ғасырдың басында жасөспірім ұлы князь, болашақ император І Николайға түрік қылышы сыйға тартылған екен. Міне, сол күннен бастап ұлы князь қару-жарақ үлгілерін жинауға ден қойыпты. Бүгінде Эрмитаж қорында 15 мыңнан астам қару-жарақ үлгілері топтастырылған көрінеді. Енді осы мұражай жәдігерлерінің бір бөлігі елордамыздың көрме залдарынан көрініс бермек. Ұлттық мұражайға қойылатын қару-жарақ жәдігерлерінің арасынан Түркия, Иран, Үндістан, Жапония, Франция, Италия, Германия және Испания елдерінің ғасырлар бойғы соғыс және аңшылық мылтықтарының 70-ке тарта үлгілері көрініс табады.
ЭКСПО-2017 көрмесінің жалауы желбірейтін 93 күннің ішінде өнерсүйер жұртшылық жаһандық өнер жәдігерлерінің бұдан басқа да небір озық үлгілерімен танысуға мүмкіндік алады. Қарапайым жұрттың көбінің төрткүл дүниені аралап, адамзат өнерінің озық үлгілері топтастырылған әлемдік мұражайларды аралай беруге мүмкіндіктері бола бермейді. Енді міне, сол жаһандық жәдігерлер өздері келіп, Астана мұражайларының төрінен орын алмақ. Бұл да ЭКСПО-2017 көрмесінің қазақстандықтарға әкелген жетістігінің бірі болса керек.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»