Әдебиет • 27 Сәуір, 2017

Ғасыр бойы сақталған кітаптар

354 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасында кітапқұмар қауым үшін бағалы жәдігерлер сақталған. Жарық көргеніне ғасырдан асқан, кемі жетпіс жыл болған жинақтар әлі күнге дейін көрелердің сәнін келтіріп, кітапхананың мазмұнын ашып тұр.

Ғасыр бойы сақталған кітаптар

Мәселен, орыстың атақ­ты жазушысы М.Е.Сал­т­ыков-Щедрин­нің «Пом­падуры и Пом­­па­дурши» деген шы­ғармалар жи­нағы Санкт-Пе­тербург қа­ласынан 1891 жылы жа­рық көріпті. Содан бері 126 жыл өтсе де, кітаптың ішкі беттері жыртылмаған, әлі күнге дейін әріптері тайға таңба басқандай анық көрінеді. Одан бө­лек 1894 жылы Санкт-Петербург қаласынан ба­сылып шыққан «Энци­клопедический словарь» кітабының ХІІ томы, 1900 жылы жарық көрген «Живописная Россія» кі­табының жетінші томы және 1910 жылы Мәс­кеуден басылған «На­род­ная энциклопедия» кіта­бының екінші томы да кітапханадағы сирек кі­таптар қатарына жатады. Бір айта кетерлігі, аталған кітаптардың бәрі де славян әріптерімен жазылған екен. Мәселен, «С.Петербургъ», «Томъ» деген жазулардан-ақ уақыттың ұлы өзге­ріс­тердің иесі екенін бай­қауға болады. 

Кез келген туындының өзіндік тарихы бар. Кітап­хананың мәртебесін кө­теріп, кітаптың қасиетін арттырып тұрған бұл жә­дігерлердің мұнда қалай жеткізілгені де оқырманды қызықтыратыны анық. Бұл орайда кітапхана директоры Эльмира Абдинова құнды кітаптарға байланыс­ты өз ойын білдірді.

– 1973 жылы Мәскеу­дегі Ленин атындағы мемлекеттік кітапхананың қорынан құнды кітаптар ғана іріктеліп алынған. Се­бебі, барлық кітап бір қорға сыймаған. Осы уа­­қытта Химки қала­шы­ғын­да депозитарлы кі­тап­хана ашылды. Кейіннен ор­талық кі­тап­ханаларда да депозитарлы қор ашылу туралы бастама көтеріліп, осы жылдары Ш.Уәлиханов атын­дағы әмбебап-ғылыми кітапханасында депозитарлы қор ашылған. Қорға Алматы, Қарағанды, Пав­лодар, Өскемен, Аты­рау және Шымкент облыс­тарынан сирек кітаптар жинақталды, – дейді Эль­мира Елеусізқызы.

Кітапхананың депозитарлы қорындағы аса құнды 600 кітаптың атауы Алматы қаласындағы «Кітап мұражайының» каталогына енгізілген екен. Сондай-ақ, Қазақстан Ұлттық электронды кітап­ханасының қорына 27 дана сирек кездесетін кі­тап­тардың электронды нұсқасы жіберілген. Көне­ден жеткен кітаптарға қарап отырып, кітаптың тозбайтын білім, өлмейтін ілім екенін көруге болады.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы



Соңғы жаңалықтар