30 Сәуір, 2011

Күлкі қай қоғамда да қару орнына жүреді

398 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Сатирик, татар ұлтының өкілі Ғұмар Ахмет­шиннің Қостанай өңіріне ғана емес, елімізге аты мәлім. Қазақ сатирасының қамшыгері Темірбек Қожакеевтің «тепкісінен» шыққан оның «Көзі сынық тебен», «Көзілдіріктің кесірі», «Қолды бол­ған қораз» және «Ұмытшақтық зобалаңы» атты кітаптары оқырман қолында жүр. Үн­демей жүріп күлдіріп, бүлінгенді сөз сойы­лы­мен түртіп түзетіп жүретін жазушы жетпістің желкесіне мінсе де әлі шығармашылық тұ­ғырдан тайған жоқ. Соңғы жылдары сатирик ағамыздың лирикалық өлеңдері баспасөз бетінен жиі көрінетін болды. Оқырмандармен болған кездесуде автор шығармаларымен қатар, жалпы сатираның бү­гін­гі қоғамдағы орны туралы да мәселе көтерілді. – Сатира жанры қай уақытта да қоғамдағы жат қылықтарды, дамуға кесел болып отырған жайларды сынап-мінейді, оларды болдырмауға тырысады. Қасқырды даланың санитары десек, сатираны қоғамның санитары деу керек. Кеңес Одағы жылдарында бұл жанрдың бел­сен­ділігінің күшті болғанын да айта кеткім келеді. Ол кезде газет бетіндегі фельетонға іліккен басшылар тікелей жауап беруші еді. Ал қазір қоғам басқа, бірақ сатира үнсіз жатқан жоқ. Күлкі қару екенін әлі көрсетіп келеді, – деді жазушы Ғұмар Ахметшин. Жазушы шығар­машылығы туралы сатирик Күләш Байдалы, ақын Ақылбек Шаяхмет, оқырман Төлеген Шоланов пікірлерін айтты. Ғұмекең – татар мен қазаққа тел жазушы. Соғыстан кейінгі ауыр жылдары әкесі Ғарифолла Әулиекөл өңіріндегі қазақ ауылына көшіп келіп, балаларын қазақ мектебінде оқытты. Қызыл саясаттың қырағы кезінің өзінде әкесі де, Қазанда діни медреседен білім алған анасы да ауылды имандылыққа ұйытты. Ал қазақ тілінің кәусарымен сусындаған Ғұмар бала жасы­нан сөз өнерімен «ауырды». Қазір қазақ әде­бие­тіндегі сатира жанрының көрнекті өкіліне айналды. Жазушы бұл бақытының қазақ даласының киесінен екенін әрдайым айтып отырады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.