Қазақстан • 27 Сәуір, 2017

Ұлттық комиссияда жұмыс топтарын кімдер басқарады?

190 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Ақордада Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның бірінші отырысы болып өтті. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық комиссияда жұмыс топтарын кімдер басқарады?

Отырыс барысында Ұлттық комиссияның мақсаттары мен міндеттері, Мемлекет басшы­сының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақа­ласында ұсынылған бағыт­тарды іске асыру жолдары тал­қыланды.

Ұлттық комиссия Президент Жарлығымен қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру, елдің одан әрі ілгерілемелі мәдени-гуманитарлық дамуын қамтамасыз ету мақсатында құ­рылған болатын.

Өзінің сөзінде Ә.Жақсыбеков қоғамдық сананы жаңғырту тек жауапты ғана емес, сондай-ақ, нәтижесіне еліміздегі сая­си және экономикалық жаң­ғырулар тәуелді ең күрделі учаске болып табылатынын атап көрсетті. «Мемлекет басшысы ХХІ ғасырда табысқа жету үшін ұлтымыздың, әрбір қазақстандықтың даму бағытын айқындап берді. Бұл тек жаңа институттар құрып, құқық­тық нормалар қабылдау ғана емес. Бұл жерде әңгіме қоғамдағы қарым-қатынастарды жүйелі жаңартып отыру туралы болып отыр», деп атап өтті Ә.Жақ­сыбеков.

«Мұндай мақсат алдымызға біздің тарихымызда бұған дейін қойылып көрген емес. Оған жету әдеттен тыс көзқарас пен ерекше сипаттағы шешімдерді талап етеді. Бұған қоса, бүкіл орта­лық және жергілікті мемле­кеттік органдардың, қоғамдық сектордың жұдырықтай жұмы­луы қажет», деп атап көрсетті Қазақстан Республикасы Прези­денті Әкімшілігінің Басшысы. Осыған орай, деп түсіндірді ол, Ұлттық комиссия құрамына министрлер, әкімдер, жетекші қоғам­дық-саяси, ғылыми, білім беру бірлестіктері мен сарап­шылық ұйымдардың өкілдері еніп отыр.

Комиссия мүшесі, Қа­зақстан Жазушылар одағы­ның төр­ағасы Н.Оразалин Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ласы­ның тәуелсіз Қазақ елінің 25 жылдағы жеткен жетіс­тік­терінің тоғысқан тұ­сын­да халықтың күткен құжа­ты бол­ғанын тілге тиек етті.

Елбасының бұл идеясы қазір шын мағынасындағы ұлт­тың пас­портын анықтайтын ұғымға айналғанын атап өткен ол: «Ұлттық паспорт – біздің мәде­ниетіміз, ұлттық паспорт – біздің тіліміздің тұтастығы, ұлттың бірегейлігі», деп баса айтты.

Осы ретте Н.Оразалин «Ұлт­­­тық аударма бюросына» қатысты да өз ұсынысын біл­діріп, бұл құрылымның Қазақ­станның, ұлттың мәдени-ру­хани, әдеби жәдігерлерін шет­­елде насихаттауда рөлі де, ма­ңызы да зор болатынын айтты.

Сондай-ақ, ол: «Ұлттық ко­мис­­сия жұмысын халыққа тү­сін­діріп, насихаттауда зия­лы қауымды, соның ішінде қалам­герлерді жаппай тартуымыз керек деп ойлаймын. Мұндай тәжірибе бұрын да болған, рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыруда бұл тәжірибенің ықпалы зор болатыны сөзсіз», деп сөзін түйіндеді.

Ал Комиссия мүшесі, Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев өз сөзінде былай деді: «Жергілікті жерлерде, өңірлерде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қызу талқыланып, қолдау тауып жатыр. Халық бұл бастаманы саяси-экономикалық жаңғы­ру­лар­дың заңды жалғасы деп қабылдауда».

Сонымен қатар, Б.Сапарбаев «Қазақстанның жаңа 100 тұлға­сы» жобасына да қатысты пікірін білдірді. Жергілікті жерлердегі, өңірлердегі атақты, танымал тұл­ғалар республикалық, мем­ле­кеттік деңгейде насихат­талса  деген ойын айтты. Сондай-ақ, ол «Туған жер» жобасына тоқталып, Ақтөбе облысында іске асырылып жатқан эко­номикалық-әлеуметтік жо­­ба­лардың басы-қасында отан­дық кәсіпорындардың, жер­гілікті азаматтардың тұр­ғанын атап өтті.

Ұлттық комиссия  отыры­сының барысында, жұмыс топ­тарының жетекшілері аталды.

Мемлекеттік тілді латын қар­піне көшіру жөніндегі жұмыс тобын Тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек; «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тілін­дегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жұмыс тобын Білім және ғылым минис­трі Е.Сағадиев пен «Wikibilim» қоғамдық қоры қамқор­шылар кеңесінің төрағасы Р.Кен­жеханұлы; «Ту­ған жер» жобасы бойынша жұ­мыс тобын Президент Әкім­шілігі Бас­шысының орынбасары О.Ора­залин мен Еуразия ұлт­тық университетінің ректоры Е.Сы­дықов; «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жо­басы бойынша жұмыс тобын Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы мен Тарих және этнология институтының директоры Х.Әбжанов; «Жаһандағы заманауи қазақстандық мә­дениет» жобасы бойын­ша жұмыс тобын Президент Әкім­шілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі А.Балаева мен Сыртқы істер министрі Қ.Әбді­рах­манов; «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасы бойынша жұмыс тобын ҚХА Хат­шылығының меңгерушісі Д.Мың­бай мен Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев басқаратын болды.

Енді әрбір жұмыс тобы бір айлық мерзімде қажетті ре­сурстық қамтамасыз етуді ескере отырып, өздерінің іс-қимыл алгоритмін ұсынады. Бұған қоса, Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жос­пары мен Комиссия жұмысын регламенттейтін  Ұлттық комис­сия туралы ереже қаралды.

Ұлттық комиссия төр­ағасы жұмыс топтарының жетек­шілеріне өз жұмыстарына алдың­­ғы қатарлы сарапшыларды тартуды тапсырды. «Сон­дай-ақ, саяси партияларды,  «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасын, сарапшылар мен ғалымдарды бұл үдеріске белсенді қатысуға шақырамын. Комиссия Қазақстанның бар­лық азаматтарының ұсы­ныстарын қарауға дайын», деді Ә.Жақ­сыбеков.


Соңғы жаңалықтар

Жолашар тың бағыттар

Пікір • Бүгін, 09:55

Екібастұздағы алып мұржа

Аймақтар • Бүгін, 09:50

Суперкомпьютердің мүмкіндігі мол

Технология • Бүгін, 09:35