Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев, Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш министрі Бейбіт Атамқұлов, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Талғат Жанжүменов, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери теңіз қызметінің Бас қолбасшысы Жандарбек Жанұзақов, «Қазақстан Инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның Басқарма төрағасы Е.С.Идрисов, ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері, «Зенит» зауытының ұжымы, «Маңғыстау» кемесі экипажының жеке құрамы қатысты.
«Маңғыстау» – «Зенит» зауытының конвейерінен шыққан 26 кеме. Ол Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери теңіз қызметі үшін мемлекеттік тапсырыс бойынша жасалынған. Бұдан бұрынғы кемелерден ерекшелігі – бұл корабльдің қару-жарағы жетілдірілген: су астынан келетін қауіпті диверсиялық әрекетті, жүзбелі қарсыласты анықтайтын және қарсылық көрсететін қондырғы орнатылған, кеме құрылысы кезінде бұған дейін жасалған корабльдерде қызмет етуші әскери теңізшілердің ақыл-кеңестері ескерілген. Осылайша, әскери кеменің маневр мүмкіндіктері артып, әскери қуаты күшейіп, экипаж мүшелері үшін жайлы бола түскен.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Каспий теңізіндегі шекарасын қорғау мақсатында шығарыла бастаған зымыранды-артиллериялық кемелердің алғашқысы 2012 жылы 25 сәуірде суға түсірілген болатын. 0250 жобасымен басталған бұл корабль – «Қазақстан» атауын иемденді. Одан кейін 2013-2014 жылдары зауыт конвейерінен шыққан «Орал» және «Сарыарқа» ұрыс кемелері теңіз қызметіне аттанды.
Қазбек Құттымұратұлы,
Орал