30 Сәуір, 2011

Құбыр тартуға қаржылық қолдау қажет

291 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жергілікті жерлер мәселелерінің шешімі сол өңірден шыққан депутаттардың белсенділігіне байланысты. Мұндай белсенділік ең алдымен депутаттық сауалдарда көрініс тауып, олар Үкіметте, басқа да мемлекеттік органдарда талқыланып жатады. Сондай сауалдардың бірін Сенаттың Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы Б.Жылқышиев бастаған, О.Рахменбердиев пен Қ.Айтаханов құрамында бар бір топ депутат Премьер-Министрдің атына жолдаған еді. Депутаттық сауалда Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазы­ғұрт және Шардара аудандары туралы айтылады. Аталған ау­дан­дардағы елді мекендерде темір жол жүйелері жүргізілмеген. Со­ған байланысты бұл аудандар хал­қы қысқы отынды уақтылы ала алмайды екен. Келтірілген мәліметтерге қарағанда, екі аудан халқын газбен қамтамасыз ету мәселесі түбегейлі шешіліп, ол қазіргі күнде жүзеге асуда. Оған қажетті жобалық-сметалық құ­жат­тар толық дайын болып, құ­рылыс тиісті орган тарапынан бекітіліп те қойылыпты. Алайда ендігі мәселе – сол құрылыс жұ­мыс­тарына қаржы бөлгізу. Осыған орай сенаторлар нысандар құ­ры­лысына 2011 жылы Респуб­ли­ка­лық бюджетті нақтылау кезінде қаржы бөлуге ықпал етуді сұра­ған. Оңтүстік Қазақстан облысы­ның аудандарына газ құбыр­ла­рын жүргізу жобаларын қаржы­ландыруға қатысты депутаттық сауалға Үкімет басшысы тө­мендегіше жауап беріпті. Кәрім Мәсімовтің сөзінен белгілі болғандай, Мұнай және газ министрлігі Оңтүстік Қа­зақ­стан облысы Шардара ауданын газдандыру жобалары бойынша құжаттардың толық пакетін және салалық сараптаманың оң қоры­тындысын 2011 жылғы 8 ақпан­дағы №11-02-459 хатпен, кейіннен 2011 жылға арналған респуб­ли­калық бюджетті нақтылау кезінде қарастыру үшін Қаржы министрлігіне тапсырған. Алайда 2011 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде Рес­публикалық бюджет комиссиясы отырысында қолдау таппаған. Есесіне аталған облыстың Қазы­ғұрт ауданын газдандыру бой­ын­ша инвестициялық жоба қазіргі кезде қарастырылып жатқаны айтылған. Жауапта Мұнай және газ министрлігінің салалық са­рап­тамасының оң қорытындысын алғаннан кейін аталған жоба Қар­жы министрлігіне ұсынылатын, 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджеттен қар­жы­ландырылатын бюджеттік ин­вес­тициялық жобаларды қалып­тас­тыру кезінде қаралатыны да көлденең тартылыпты. Қалай болған күнде аталған облысқа қарасты Шардара мен Қазығұрт аудандарында табиғи отынның жоқтығы және мұнда халықтың тығыз шоғырлануы газ құбыр­ларын тартудың қажеттігін дә­лел­деуді қажет етпесе керек. Депутаттардың көтеріп отыр­ғаны да осы мәселе. Сондықтан республикалық бюджеттен қар­жы­ландырылатын бюджеттік ин­вес­тициялық жобалар құрамына еніп жатса, құба құп болар еді. Бұл аталған екі ауданның өр­кен­деуіне, тұрғындар жағдайының жақ­саруына мүмкіндік туғызар еді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.