Біздің еліміздің Гаага конференциясына мүше болуы Қазақстан құқық жүйесінің әлемдік стандарттарды ескере отырып, одан әрі дамуына, қазақстандық азаматтардың шет елдердегі мүдделері мен құқықтарының қорғалу тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Гаага конференциясының құрамына ену Қазақстанға ортақ істер мен саясат жөніндегі кеңеске қатысуға, конвенция жобаларын әзірлеу үшін арнайы комиссиялар жұмысына қатысуға немесе Гаага конференциясы жұмысының аясында халықаралық жеке құқықтың барлық мәселелерін зерделеуге, Гаага конвенциясына үйлестіруді талдау барысында Гаага конференциясы мен оның мүшелерінің сараптамалық көмегін алуға, немесе өзге Гаага конвенцияларына қосылудың тиімділігі мәселелерін қарастыруға мүмкіндік береді.
Сенаторлар Георгий Ким мен Рашит Әкімовтің сауалына Әділет министрі Марат Бекетаев жауап берді. Сенатор Марат Тағымов заңды қолдау тұрғысында сөз сөйледі.
Заңнамаға дене шынықтыру мен спорт мәселелері бойынша түзетулер екі оқылымда қаралып, қабылданды. Құжат дене шынықтыру және спорт саласын қаржыландырудың қолданыстағы жүйесін жетілдіру, айқындығы мен қаржыландыру жүйесінің шынайылығын арттыру мақсатында әзірленген болатын. Түзетулермен еліміздің Бюджет кодексіне, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске, сондай-ақ, «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Бюджет кодексіне түзету Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетіне 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік тапсырманы алуға және оған қатысуға құқық беруді көздейді. «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңда спорт түрлері бойынша бюджет қаражатының тиімді бөлінуін қамтамасыз ету мақсатында спорт түрлерін саралау жүйесін енгізу, Ұлттық олимпиада комитетін қоса алғанда, мемлекеттік басқару органдары мен қоғамдық бірлестіктер арасындағы функциялардың аражігін ажырату, т.б. ұсынылады.
Қосымша баяндама жасаған сенатор Серік Бектұрғанов құжатты қабылдау нәтижесінде республикалық және аймақтық деңгейдегі қаржы ресурстарын объективті және тәуелсіз бөлуге кепілдік беретін үлгі қалыптасатыны күтіліп отырғанын жеткізді. Атап айтқанда, заң жобасында көзделгендей, спорт түрлеріне саралау жүйесін енгізу және басымдықтар тізімін белгілеу өңірлер басшыларының әуестіктері мен ұнатушылықтарына қарамастан елімізде де, аймақтарда да келешегі зор бағыттарды дамытуға мүмкіндік береді.
Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева заң жобасын әзірлеушілерге комитеттің бірқатар ұсыныстарын айтты. Олар: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – президенттік тест көрсеткіштерін күрделілігіне байланысты бірнеше санатқа бөлу; Мәдениет және спорт министрлігі «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамымен бірге бірыңғай оператор («Туризм және спорт индустриясын дамыту қоры») арқылы бұрын бөлінген қаржы көлемін сақтай отырып, кәсіби және бұқаралық спортты дамытуға қаржы бөлу; Мәдениет және спорт министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесе отырып, кәсіби арнаулы және бұқаралық спортты қаржыландыру жөніндегі бюджет бағдарламасын бөлу мәселесін пысықтау, сондай-ақ кәсіби спорт клубтарына, балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептеріне және спорт ғимараттарына салық жеңілдіктерін беру (ТСК, жер мен мүлік салығы, ҚҚС); мына санаттарды: кәсіби спорт, арнаулы және бұқаралық спортты пайыздық қатынастарға байланысты мемлекет бюджетінен қаржыландыру көлемін белгілеу, аймақтарда спортты дамыту мен спорт инфрақұрылымын дамыту, саламатты өмір салтын насихаттау, спорт жарыстарын қолдауды жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігіне беру. Міне, осы және тағы басқа маңызды мәселелерді заң жүзінде бекіту көзделіп отыр.
Отырыс барысында сенаторлардың депутаттық сауалдары жария етілді.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»