Қазақстан • 28 Сәуір, 2017

БАҚ туралы заң жобасы талқыланды

255 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қоғамдық талқылау өтті.

БАҚ туралы заң жобасы талқыланды

Талқылауға үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, белгілі журналистер, сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты. Жиын басында сөз алған министр Д.Абаев Мемле­кет басшысы ведмоствоның алдына еліміздің ақпа­рат кеңістігін нығайту, отандық ақпарат құрал­дарының деңгейін көтеру, коммeникациялық инфрақұрылымды дамыту бойынша бірқатар міндеттер жүктегенін айтты. «Біз осы міндеттерді басшылыққа ала оты­рып, заң жобасын әзірлеуге оған ақпарат саласы маман­дары­ның, үкіметтік емес ұйымдардың, жалпы қоғам өкіл­дерінің жан-жақ­ты атсалысуына мүмкіндік бер­генбіз. Жоба әзір­лен­геннен бергі уақытта көпте­ген талқылаулар мен қызу пікірталастар өткізіл­ді. Бүгінгі таңда көпшіліктің ұсыныс-пікірлері ескері­ле келе, жобаның негізгі бағыттары бойынша ұстаным­дарымыз бір арнадан табылуда деуге болады», деді министр. 

Жаңа құжат талқылауға шығарылғаннан кейінгі аралықта оған қатысты 200-ден астам ұсыныс түсіп, соның 70 пайызы құжатқа енгізілген. Жалпы алғанда, құжатқа 250-ге жуық түзетулер қарастырылған. Осы түзетулер негізінде 4 кодекс пен 12 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.

Заң жобасы қоғам талқысына ұсынылған тоғыз айға жуық уақыт ішінде тиісті жұмыс тобының үш отырысы өтіп, еліміздің барлық өңірінен келген өкілдердің қатысуымен қоғамдық талқылаулар ұйымдастырылған болатын. Министрлік жанындағы Қоғамдық кеңесте де талқыланған.

«Заң жобасымен жұмыс барысында қарапайым азаматтар тарапынан да көптеген өтініштер түсті. Әсіресе, балаларды қорғауға бағытталған  бейнелері мен жеке деректерін жариялауды шектеуге, «бала­ның жасына сай ақпарат» ұғымын енгізу сынды шара­лар қабылданды», деді министр.

Д.Абаевтың айтуынша, бүгінгі таңда «кибербул­линг», яғни әлеуметтік желілер, байланыс құралдары арқылы қудалау, ар-намысына нұқсан келтіретін әрекет жасау мәселесі өте өзекті болып отыр. Министрлік заң жобасында осы тектес мәселелерді назарға алуға ниетті.

Заң жобасы барлық орталық мемлекеттік органдармен, Президентке есепті қызығушылық танытқан органдармен, сондай-ақ 14 облыстың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктерімен, бас-аяғы 35 органмен келісілген. Қазіргі таңда құжат жобасы Үкіметте қаралуда.

Жиын барысында Ақпарат және коммуника­циялар министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Елдос Нәшірәлі БАҚ-тардың экономикалық жүктемесін жеңілдету, яғни ұсақ заң бұзушылықтар бойынша тиражды тәркілеу немесе БАҚ-тың жұмысын уақытша тоқтату сынды нормаларды алып тастау ұсынылып отыр­ғанын айтты. Бұдан басқа, мемлекеттік орган­дар, ұйымдар және БАҚ-тар арасында өзара іс-қи­мыл жөніндегі арнайы өкілдер, құрылымдық бөлім­шелер туралы да өзгеріс енгізіліп отыр.

Жалпы, заң жобасы БАҚ, телерадио таратылымы, ақпараттандыру және байланыс салаларындағы қатынастарды құқықтық тұрғыда регламенттеуге бағытталған.


Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»


Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ,

«Егемен Қазақстан»


Соңғы жаңалықтар