Аймақтар • 28 Сәуір, 2017

Салғырттық сан соқтырады

320 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Көктем келіп, күн жылынғаннан бері телеарналар мен газеттердегі су тасқыны туралы ақпараттардан көз сүрінетін болды. Бейнебір соғыс кезіндегі мәліметтер сияқты: «Ақтөбе облысында бұрын-соңды болмаған су тасқыны орын алды. Сәуірдің 16-сынан 17-сіне қараған түні Қарғалы, Елек, Жіңішке, Жаман Қарғалы атты өзендер бір мезгілде тасып, бірнеше елді мекендерді су басып қалды. Ақтөбе қаласының шетіндегі үйлерді, өзен жағасындағы саяжайларды су алды»; «Атбасар қаласында өте күрделі жағдай қалыптасты. Жабай өзені тасып өткен жылы ғана салынған бөгетті бұзып кетті. Жүздеген үй су астында қалып, 130 үйді су басу қатері төніп тұр»; «Ақмола, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе облыстарында 2000 үйді су басқан. 50 елді мекеннің су астында қалатын қаупі туындап тұр»; «25 сәуірде Петропавл қаласында төтенше жағдай жарияланды. Есіл өзені ернеуінен асып, қала бұрын-соңды болмаған су тасқынына тап болды»...

Салғырттық сан соқтырады

«Апат айтып келмейді». Алай­да, жыл сайын қайталанатын осы су тасқынынан сабақ алып, көк­тем­гі қарғын судың алдын алатын уақыт жетті. Бұрын да қар жауатын. Тіпті, ертеректе үйдің үстінен ж­үріп кетіп, бүтін ауылдарды басып қалатын қалың қарды көзіміз көр­ді. Бұрын да көктем келіп, сол қ­алың қар күрт еритін. Өзендер тасып, ернеуінен асатын. Бірақ дәл осындай жыл сайын қайталанатын апат болған емес.

Биыл су тасқынының қатты болатынын болжау қиын емес еді. Барлық өңірлерде дерлік қар қа­лың түсті. Мемлекет басшысы көк­темгі қарғын суға ертерек да­йын­далу керектігін үнемі ес­керт­ті. Тіпті алысқа бармай-ақ, үс­ті­­міз­дегі жылдың ақпан айында Премьер-Министр Бақытжан Сағын­таев­тың төрағалығымен көк­темгі су тасқынының алдын алу ша­ра­лары­на арналған Үкіметтің үл­кен оты­рысы өткенін еске сал­сақ та жеткілікті. Сол отырыс­та бар­лық өңірлердің басшылары есеп беріп, көктемгі қарғын суға сақа­дай-сай екендіктерін мә­лім­­де­ген болатын. Үкімет басшы­сы өңір әкімдеріне, әсіресе, Ақ­мола, Алматы және Қарағанды облыс­тары­ның әкімдеріне өткен жыл­дар­дағы кемшіліктерден қо­ры­тын­ды шығарып, елді мекендер­ге қатер төндіретін көктемгі су тас­қынын болдырмаудың барлық мүм­­кін­діктерін жасау қажеттігін ба­рынша тапсырған еді.

Ал бұл өңірлерде сабақ алатын оқиғалар баршылық. 2010 жылы наурыздың 11-інен 12-сіне қа­ра­ған түні Алматы облысының Қызылағаш елді мекені су тас­қынының астында қалды. Же­кеменшіктің қолына берілген «Қызылағаш» су қоймасының қа­рау­сыз қалған бөгеті бұзылып, ер­неуіне сыймай тұрған тасқын су жойқын күшпен жолындағыны жапыра сарқырай жөнелді. Шырт ұйқыдағы Қызылағаш кентінің бұл жойқын тасқынға қарсы тұрар қауқары жоқ еді. Апат салдарынан 290 адам зардап шегіп, 44 адам қаза тапты. Тұрғындардың мал-мүлкі түгел шығынға ұшырады. 2014 жылы наурыздың 30-ынан 31-іне қараған түні Қарағанды об­лы­­сындағы Көкпекті кенті су қой­­масының бөгетін бұзып шық­қан тасқынның астында қалды. Жеке­мен­шіктің иелігіне бе­рілген «Көкпек­ті» су қоймасы да қараусыз қалған екен. Бұл апат сал­­дарынан 5 адам қаза тауып, 300-ге тарта үй суға батты. 2014 жылы 7 -8 сәуір ара­лы­ғында Жабай өзені тасып, Атба­сар қаласын су алып кетті. Апат сал­дарынан 400-ге жуық үйді су алып, 250 адам басқа жерге көшірілді...

Бұл су апаттарының салдары талай сараланды. Бірақ апат қасі­рет­тері жергілікті билікке сабақ болмаған екен. Үстіміздегі жыл­ғы 15 сәуірде Атбасар қаласын Жабай өзенінен қорғап тұрған бө­гет­ті су шайып кетті. Қала­да 454 үй су астында қалып, 1379 адам басқа жерге көшірілді. 2014 жылғы су тасқынынан ке­йін қаланы тасыған өзен суы-

нан қорғау үшін Жабай өзенінің жа­ға­­­лауына ұзындығы 9,5 шақы­рым, биік­тігі 7 метр бөгет салу туралы ше­шім қабылданған болатын. Осы мақ­сат үшін республикалық бюджеттен 200 миллион теңге қаржы бөлінді. 2014 жылғы су тасқыны кезінде Жабай өзенінің суы 4,5 метрге дейін көтерілген еді. Осыған байланысты Ақмола облысының әкімдігі бөгеттің биіктігін 7 метр­ге дейін көтеру туралы шешім қа­­был­дады. Сөйтіп, 2016 жылы мем­­лекеттің қыруар қаржысы жұм­салған бұл «заманауи» су бөге­ті пайдалануға берілді. Атбасар ауда­ны­ның әкімі Андрей Никишов салтанаты рәсімде бұл құрылыс нысанының салынуына байланыс­ты қала су тасқыны қаупінен то­лық құтылғанын паш етті. Өкінішке қарай, әкім мақтаған нысан алғашқы сынаққа шыдамады. 200 миллион теңгеге тұрғызылған су бөгетін тентек Жабай жылға жеткізбей жоқ қылды. Биылғы жылғы 25 наурызда Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин мен Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин көктемгі қарғын судың алдын алу шараларын бақылау мақсатында тікұшақпен өңірді аралады. Сол жолы да бұл жаңадан салынған бөгеттің қауіпсіздігі туралы ерекше мәлімдеме жасалды. Енді не болды? Ел сенімін арқалаған мүйізі қарағайдай әкім-қаралардың екі сөйлегені ме? Айтпақшы, сол жолы Ақмола облысының әкімі биылғы жылы көктемгі қарғын судың алдын алу үшін облыстық бюджеттен 900 миллион теңге қаржы бөлінетінін мәлімдеген болатын. Бұл қыруар қаржының тиімділігі кәне?

Бүгінде елімізде кешенді гид­ро­техникалық нысан ретіндегі 270 су қоймасы бар, оның 62-сі рес­­публикалық маңыздағы, 208-і жергілікті маңыздағы су қой­ма­лары. Жергілікті ма­ңыз­да­ғы су қоймаларының көп­ші­лігі кәсіпкерлердің жекемен­ші­гі­не берілген. Олар бұл су қой­ма­ларын­да балық өсіріп, аң аулап, пай­да табады. Ал су көздерінің қау­іп­сіздігі мәселесіне бас ауыр­тпай­ды. Стратегиялық су қой­ма­лары мен су көздеріне жекемен­шікті маңай­лат­пау туралы талай-талай айтылды, нақты мысалдар­мен дәлелденді. Одан шыққан қо­рытынды қайда?

Жоғарыда атап өткеніміздей, көк­темгі қарғын судың алдын алу мә­селесіне байланысты үстіміздегі жылғы 22 ақпанда өткен Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов есеп берді. Оның айтуынша, «Казводхоз» республикалық мем­ле­кеттік кәсіпорнына қарасты 2177 гидротехникалық нысан бар екен. Оның ішінде 78 су қоймасы, 83 гид­ро­желі, 26 тоған және 1990 бас­қа ны­сандар. Сол отырыста вице-министр бұл гидротехникалық нысандар мен су қоймаларының биылғы көктемгі қарғын суларына төтеп беретіндігіне Үкімет мүшелерін сендірген болатын. Соның ішінде Атбасар қаласын су тасқынынан қорғауға арналған бөгет те бар еді...

Өкінішке қарай, көктемгі қар­ғын судан келетін келеңсіздікті бол­дырмау мәселесі жоғары мін­берлерден жылда айтылады. Жылда миллиондаған қар­жы бөлініп, кешенді шаралар белгіленеді. Бірақ «баяғы жартас − сол жартас». Қауіпсіздікті қам­тамасыз ету жауапкершілігі жүк­телген басшылар да жалған уәдесінен жаңылмайды. Көктемгі қарғын судан өзендер тасып, бірқатар өңір­лерге қатер төндірген қауіптердің де беті қайтпайды. Барынан айыры­лып, баспанасыз қалатын қара­пайым халық. Жыл сайын қай­та­ланатын бұл келең­сіз­дікке тосқауыл қойылып, жалған уәде беретіндер жазаланып, жазық­сыз халық жапа шекпейтін күн қа­шан?!.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар