28 Сәуір, 2017

Дәріге байланған ғұмыр

468 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Қазір еліміздегі донор жетіс­пеу­шілігі өте өткір мәселе. Бүгінде ал­мас­тырылған органның 90 пайызы ті­рі донорлардан алынады. Егер бұ­лай кете берсе, енді бір 20 жылда бір бүй­ректі ұлт атану қаупі барлығын жа­сыруға болмайды. Одан шығудың жо­лы қандай?

Дәріге байланған ғұмыр

Ол – мәйіттен алынған органдарды салу. Бұл жерде халықтың, әсіресе, оның ішінде қазақтардың оны беруге деген ынтасының аздығынан қаншама пациент күткен күніне жете алмай, сағағынан ерте үзілген гүлдей, орган жетімсіздігінен ерте солып жатыр. Күту парағына қанша сарыла қарағанмен, донор жоқ. Мәселен, Еуропада алмас-

тырылатын органдардың 70-80 пайызы мәйіттен алынады. Әрине, дәл бұрынғыдай емес, елімізде де шамалы қозғалу бар, бірақ тым мардымсыз. Жылына 15-16 мәйіттен орган алынады. Ал қазір 3 мың адам бүйрек ауыстырудың кезегінде, 1,5 мың пациент бауыр беретін донор табылса деп отыр. Бұл екі органды тірі донордан алуға келсе, ал жүрек, өкпе үшін тек мәйіт керек», деген болатын Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығы ағза трансплантациясы бөлімшесінің меңгерушісі Ғани Құттымұратов жуырда газетімізде жарық көрген «Донор сыйлаған ғұмыр» атты мақалада. Қостанай облысы, Жангелдин ауданы Торғай кентінің тұрғыны Самал Есполова мәйіттен алынатын жүрек пен өкпе алмасуын сарыла күткен сондай көп пациенттің бірі.

Созылмалы жүрек ақауымен және өкпе гипертензиясымен ауыратын II топ­тағы мүгедек Самалды бүгінде қатты қинап отырған жайт, донор табылғанша үмітін ертеңге жалғап келе жатқан аса қажетті дәрілердің жетімсіздігі. Өйт­кені, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз ету тіз­бе­сінде Самалға қажет препараттар жоқ. Қостанай облыстық денсаулық сақ­тау департаменті облыстық бюджеттен осындай дәрілерге қаражат бөлуін сұраған екен. Тиесілі сома бөлінгенімен құжат реттеу аяқталмай, міне, 4 айдың жүзі болды дәріні күтіп телмірген Самал редакцияға хабарласқан.

– Маған қажет 2 дәрінің біреуіне ғана айына 60 мың теңге керек. Мүгедектігіме байланысты 37 мың теңге жәрдемақы аламын. Анам – зейнеткер. Қазір аурудың жаныма батқаны сондай ұйқы көрмеймін. «Қарға адым жер мұң болған» деген сөз бар емес пе? Менің күйім дәл сол кеп. Екі метр жерге 2-3 демалып барамын. Кейде аузы-мұрнымнан қан кетеді. Бір құман суды көтермек түгілі, бойым ауырлап, қатты шаршап, демігіп қаламын. Жүрегімнің тарсылы күшейгенде тыныс алуым қиындап, алқынамын-ай келіп. Қиналған күйімді жақсартатын дәрілеріме қолым жетпей жатыр. Әкем ертеректе қайтыс болған, ал дәрі алатын қаражаттың жоқтығынан менің қиналғанымды көріп анам да көз алдымда қартайып барады. Жаспын ғой, небәрі отыз бестемін, өмір сүргім келеді. 2014 жылдан бері Ұлттық ғылыми кар­диология институтында донордың ке­зе­гінде тұрмын. Жылына екі рет келіп жатып, жоғары білікті дәрігерлердің көмегін аламын, бірақ қазір донор қашан табылады дегеннен де сол күнге жете алмай қаламын ба деп қиналудамын, –дейді Самал.

Егер бұл бір ғана Самалдың басын­да­ғы проблема десек қателесеміз. Рес­публика бойынша осындай ғұмыры дәріге байланған жандар қаншама?! Өмір­лерін соза түсер дәріге деген зә­ру­­лік науқастарды әр жылдың басында қинап жатады. Алдымен қаржы мә­селесі шешілуі керек, одан соң тен­дер өтуі тиіс, одан дәріхана оны босат­қан­ша қаншама қымбат уақыт зая кетеді. Ал дәріге тәуелді ауыр науқастар үшін оның бір түйірі олардың мына жал­ғандағы тұз-дәмінің таусылмауына тікелей байланысты. Оның үстіне жағ­дай­лары ауырлағанның үстіне ауырлап, «суға кеткен тал қармайды» дегендей, дерт меңдеген науқас жанұшыра кім көмек бере қояды екен деп хәлі жет­кені да­был қағады. Әйтпесе, апыр-ай, шы­ра­ғым сөнер, қос жанарым жұмылар сәт жақындап келе ме деп қиналады.

Осындайда «неге?» деген сауал ал­дың­нан шығады. Неге, біз әрбір олқы­лық­тан са­бақ алмаймыз? Неге жыл сайын про­б­л­е­малар қайталануы тиіс? Неге дә­­ріге тел­­мірген ауыр науқасы бар па­ци­ент­­тер­­дің жыл сайын шамасының қан­шаға же­тіп жығылатынын алдын ала есептеу­ге, соған байланысты тиісті шаралар­ды қарастыруға болмайды? Үкі­мет, жер­гілікті билік тізе қоса, қо­ян-

қолтық осы бағытта жұмыс ат­қар­­са бұл пәлендей шешілмейтін қиын түй­і­н, шалқайып кеткен шаруа емес. Нор­­мативтік кесімді құжаттарын даяр­лау да соншалықты қиынға соқпаса ке­рек. Қазақ «Қалауын тапса, қар да жанады» деп бекер айтпайды. Егер осы мәселеде қар жанатындай қала­с­ты­­рылуы табылса, дәріге ғұмыры бай­лан­ған қазақстандықтардың алғысы шекс­із болар еді.


Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»