Аймақтар • 28 Сәуір, 2017

Өзекті мәселелер шешімі

250 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баспасөз мәслихатын өткізді. Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыру аясында өткен баспасөз жиынында өңір басшысы ағымдағы жылы әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі индикаторы жағымды динамикамен басталғанын жеткізді.

Өзекті мәселелер шешімі

Ақтоғайдың алғашқы концентраты алынды

Биыл облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіші артып, оң бағыттағы өзгерістерге жол ашып отыр, деді облыс әкімі. Мемлекет басшысының Жолдауында экономиканы технологиялық жаңғыртуды жеделдетуге басымдық берілді. Президент жаңа индустрияны құрумен қатар дәстүрлі базалық салалардың дамуына серпін беру керектігін алға тартқан болатын. Бұл өнеркәсіп, көлік, логистика және құрылыс секторларын қамтиды.

Өңір басшысының айтуынша, ағымдағы жылы ақпан айында Ақтоғай кен байыту комбинатында алғаш рет тауарлы мыс концентраты алынды. Жаңа технологияны пайдалану жолымен Бақыршық кен байыту кешенінің алтын шығаратын кен орнына 129 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, жылына 2 млн тонна кен өңделмек. Бұл комбинат келесі жылы іске қосылады. Сондай-ақ, толық циклді автозауыт пен автобөлшек шығарушы технопарктің құрылысы да үздіксіз жүргізілуде. Яғни алдағы уақытта Қазақстан автокөліктерді құрастырудан автобөлшектер дайындап, шығарудың кластерлік деңгейіне өтеді. Қазіргі кезде аймақ инфрақұрылымына шет ел инвестициясын тиімді тарту үшін Азия даму, Еуропа қайта құру және даму банктерімен жұмыс жүргізілуде. Бұл ретте «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 7 млрд теңгеге бағаланған ішкі инфрақұрылым құрылысы туралы да айта кеткен ләзім.

Сүт шаруашылығының жаңа сызбасы

Өткен жылы агроөнеркәсіп кешеніне салынған инвестиция көлемі 46 млрд теңгені құрады. Ауыл шаруашылығындағы негізгі бағыттың бірі – тауарлы сүт өндірісі.

Облыста 836 мың тонна сүт өндіріледі. Биыл өндіріс көлемі 900 мың тоннаға дейін өседі. Бұл еліміздегі ең жоғары көрсеткіш, деді Д.Ахметов. Шығыс Қазақстандағы сүттің 70 пайызы қосалқы шаруашылықтарда өндіріледі. Сондықтан қосалқы шаруашылықты дамыту – негізгі басымдықтардың бірі. Шағын ғана отбасылық шаруасын дөңгелетіп отырған қарапайым адамдар сүтті сауып, сатумен табыс табады, осы арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етеді, деді ол. Осы орайда жекелеген қосалқы шаруашылықтар мен сүт өңдеушілер, зауыттар арасындағы тиімді кооперацияға қол жеткізу және сүт шаруашылығын дамыту туралы да кеңінен әңгімеледі. Шығыс өңірінде бұл жұмыс жүйелі атқарылуда. Мәселен, сүтті жинауға арналған әмбебап бекеттер құрылысы бойынша заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған модульді өндіріс саласы дамып келеді. Бұрын біз мұндай модульдерді Қытай мен Ресейден сатып алатын едік. Қазір көрші елдерге қарағанда, анағұрлым сапалы құрал-жабдықтарды өзімізде шығаруды жолға қойдық. Біз соңғы бір жарым жыл ішінде 50-ден астам сүт қабылдау бекетін салдық. Бұл орындар сүт зауыттары мен жеке қосалқы шаруашылықтарды байланыстырушы тетікке айналды. Осылайша, сүт өндірісінің жаңа сызбасы қаллыптасып, оған шаруашылық өкілдерінен бөлек, ауыл әкімдері, мал дәрігерлері де қатысатын болды, олардың рөлі нығайды. Бұл халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтуына да игі әсер етіп отыр. Келешекте сүт жинау бекеттерінің барлығы кооперативтерге біріктіріліп, келесі деңгейге – сүт өңдеу зауыттарының акциялануына қатысуға жетуі әбден ықтимал, деді облыс әкімі. Өңір басшысы аталған саланы өрістете беру үшін ірі дәстүрлі тауарлы шаруашылықтарды дамыту қажеттігін айтады. Облыста осы кезде 41 жаңа тауарлы сүт фермасының құрылысы аяқталуға жақын. Соның нәтижесінде жоғары сапалы сүт өнімінің үлкен көлеміне қолжетімділікті қамтамасыз ете аламыз, деді ол. Сүт қабылдау бекеттеріндегі сүт шикізатының бағасын көтеру туралы сауалға өңір басшысы бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын, бірақ сүт шикізаты бағасының көтерілуі нарықтық талаптарға сай жүзеге асатынын, алдағы уақытта көрші Қытай нарығына шығу арқылы отандық өнім құнын көтеруге күш салып жатқанын жеткізді. Сонымен қоса, облыстың экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында өнімдерді өңдеу бойынша инвестициялық жобалар іске асырылуда. Мәселен, Қытай елінің стандарттарын ескере отырып, қазақстандық өнімді сертификаттау зертханасын ашу мәселесі қарастырылуда.

Үш мыңнан астам мұғалім оқытылуда

Сондай-ақ, өңір басшысы үш тілділік мәселесіне де тоқталды. Облыста осы мәселеге орай қанатқақты жоба жүзеге асырылып жатқан болатын. Білім және ғылым министрлігімен бірге жүргізілген бұл жұмыстың алдында аймақтағы тілді меңгеру деңгейі тексеріліп, оның нәтижесі көңіл көншітпегенін жеткізген өңір басшысы барлығы 3400 ағылшын, қазақ және орыс тілі пәндерінің мұғалімі үш жыл бойы оқытылатынын ерекше атап өтті. Былтыр ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері ағылшын тілін үйретуді оқыды. Ал қазақ тілін ең үздік педагогтарымыз оқытып жатыр. Қазақ мектебіндегі орыс тіліне қатысты да осыны айтуға болады. Егер мыңнан бір орыстың баласы қазақ тілінде таза сөйлеп тұрса қуанамыз, мақтанамыз. Неге? Қазақтың көбі орыс тілінде жақсы сөйлесе де ешкімді таңғалдыра алмайды немесе қуантпайды емес пе?! Яғни, бұл өздігінен болатын құбылыс. Өйткені, үлкен қиындықтар өтті, бізде басқа әдістеме, өзге бағдарлама болды. Біз барлығын өзгерттік, әдістемені де, бағдарламаны да ауыстырдық. Бүгінде қазақ тілін енгізу әдістемесі толығымен Кэмбридж университетінің ағылшын стандарттарына бейімделді. Ағылшын тілі де кэмбридждік жүйе бойынша жүргізілуде, деді облыс әкімі. Осы ретте облыста елімізде алғаш рет латын қарпіндегі оқулықтар шығаруға қадам жасалғанын атап өтті.

Семейге серпін беретін жобалар көп

Даниал Кенжетайұлы өңірдің денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан шаруаларды да атап өтті. Ана мен бала денсаулығын сақтау, онкология, қан айналымы жүйесі аурулары бойынша жұмыс істейтін 150 дәрігер үш жыл бойы қазақстандық және шетелдік үздік емханаларда кезең-кезеңімен дайындықтан өтеді. Бірлескен шеберлік сабақтар мен ашық семинарлар өткізу үшін батыс медициналық университеттерінің үздік профессорлары мен дәрігерлерін шақыру жоспарланып отыр, деді ол.

БАҚ өкілдері тарапынан өңір басшысына Семей қаласы туралы бірқатар маңызды сұрақтар қойылды. Семей – өзіндік ерекшелігі, жоғары мәдениеті бар шаһар. Онда біздің үлкен құндылықтарымыз сақталған. Қала бюджеті 2014 жылы 21 млрд теңгені құраса, биылғы жиынтық бюджеті 49 млрд теңгеге тең. Семей қаласында 10 млрд теңгеге әуежай жөнделіп жатыр. «Абай-Арена» спорт кешенінің жобалау-сметалық құжаттарын аяқтап қалдық. Әрине, Семейдің инженерлік-коммуникациялық желісі қанағаттанарлық деңгейде емес. Сондықтан бүгінде суағар жүйелері бойынша жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде, су, жылу және кәріз құбырларын ауыстыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Биылдың өзінде қаладағы жол құрылысына, ағымдағы және орта жөндеу жұмыстарына 3 млрд теңге бөлінді. Оған қаладағы барлық жол-құрылыс компаниялары қатысуда. Одан өзге Семейде «Қарағайлы» атты заман талабына сай жаңа ауданның құрылысы басталды. Бұл қаладағы сәулет-қала құрылысы талаптарына барлық қырынан сәйкес келетін жаңа аудан болады. Сонымен бірге, Семейде және өңірдегі басқа қалаларда жаңадан салынатын құрылыстарда әр үй мен пәтерге 1,5 орыннан көлік тұрағын салу ескеріліп отыр. Сондай-ақ, барлық тұрғын үй жанынан әлеуметтік нысандар бой көтереді. Облыс басшысы ағымдағы жылы Семей қаласының адам танымастай өзгеретінін жеткізді. Соның ішінде өзен жағалауы, орталық алаң сияқты біраз орындар өзгереді. Ол қаланың проблемалары мен әлсіз тұстарын жақсы білетінін, жақын арада қаланың жеке тұрғын үй құрылысы саласында жақсы серпін болатынын атап өтті.

Сонымен бірге, жолаушы тасымалдаушылар мен шұрық тесік болған жол мәселесінің жеке қадағалауында екенін жеткізді. Мен тасымалдаушылармен кездестім. Семейді ұзақ жылдан бері әуре-сарсаңға салып келе жатқан жол мәселесі тамыз айында шешілетініне сөз бердім, деген өңір басшысы қозғалыс кестесі мен сапаға байланысты мәселелер бар екенін жеткізді. Айтуынша, тасымалдаушы компаниялардың ешқайсысы көлігін жөндегісі келмейді немесе жаңа, сапалы автобус сатып алғысы келмейді. Қозғалыс кестесі жоқ. Қолында GPS болса да, кестесінен қалып келеді. Облыс басшысы осы орайда өңірдегі тасымалдаушыларға бәсекелестік орта тудыруға ниетті екенін жеткізді. Біз мұны бәсекелік негізде құру үшін Еуропа қайта құру және даму банкімен келіссөздер жүргізуді аяқтап қалдық. «СемАЗ» зауытынан екі жүзден астам автобус сатып алып, шынайы бәсекелік орта құрамыз, деді. Осылайша, жолдар жөнделіп, көліктер сапасы жақсарып, жүру кестесі жолға қойылып, барлығы бір ізге түскен соң қоғамдық көліктегі жолақы құны да көтерілетінін атап өтті. Яғни, жолақы құны нарық талабына сай болуы тиіс, деді.

ЭКСПО қарсаңында өңірдің туристік әлеуеті туралы сөз қозғаған облыс басшысы бірқатар туристік нысандарды жаңғыртуға маңыз беріліп отырғанын жеткізді. Соның бірі – Алакөл. Биыл көл жағалауын абаттандыруға 550 миллион теңге қаражат бөлінді. 147 қонақ- үйдің қожайынымен ғимараттарды санитарлық, өрт қауіпсіздігі және басқа да  талаптар бойынша қалыпқа келтіру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Олар өз міндеттемелерін орындамайтын болса, биылғы маусымда қызмет көрсету құқығынан айырылатынын да атап өтті. Сондай-ақ, былтыр 300 мыңға дейін турист келсе де жағалаудағы кәсіпкерлер бар-жоғы 28 миллион теңге салық төлеген. Сондықтан салық түсімін реттеу мәселесі де назардан тыс қалмайтынын жеткізді.


Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»


Соңғы жаңалықтар