Парламент • 28 Сәуір, 2017

Ұшу қауіпсіздігі ұдайы назарда болуы қажет

220 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат отырысында депутат Мұхтар алтынбаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Ә.Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады. Онда былай делінген:

Ұшу қауіпсіздігі ұдайы назарда болуы қажет

«Құрметті Бақытжан Әбдір­ұлы! Менің депутаттық сауал жолдауыма азаматтық жә­не мемлекеттік авиация салас­ын­да­ғ­ы ұшу қауіпсіздігін қам­та­масыз етудің тиімсіз жүйесі се­­беп  болып отыр.  Қазіргі уа­қыт­­та азаматтық авиация сала­сын сертификаттау, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігін қадағалау мен ба­қылау функциялары Қа­зақ­станда бір ғана органның – Қа­зақстан Республикасы Ин­вес­ти­циялар және даму мини­стрлігі Азаматтық авиация комитетінің қа­рауына берілген, яғни сол мем­ле­кеттік орган сертификаттайды және қадағалау мен бақылауды жүзеге асырады. 

Бұл қалыптасқан жағдай, меніңше, қабылданатын ше­шім­дер­дің объективтілігін қам­та­ма­сыз етпейді, сыбайлас жем­қор­лық пен құқық бұзушылыққа жағдай ту­ғызады, соның негізінде авиа­ция­лық оқыс оқиғалардың туын­дау тәуекелдері  арта түседі. Егер статистикаға мән берсек, 2012 жылдан 2016 жылға дейінгі уақыт ішінде Қазақстанда 30-дан астам авиаапаттар мен оқыс оқиғалар орын алып, 85-тен аса адамның өмірі қиылды, бұл сер­тификаттау мен қадағалау рә­сімдері сапасының төмендігін көр­сетеді.

Осыған байланысты, бі­рін­шіден, азаматтық және мем­ле­кеттік авиациядағы сертификат­тау, қадағалау және бақылау жө­ніндегі мемлекеттік функция­ларды әртүрлі мемлекеттік ве­домстволарға қайта бөлу қа­жет. Екіншіден, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Үкіметі жаны­нан ұшудың қауіпсіздігін қада­ға­лау­ды жүзеге асыратын және авиациялық оқыс оқиғаларға тер­геп-тексеру жүргізетін дербес мемлекеттік орган құру ке­рек. Бұл органның қызметі аза­­маттық авиа­ция саласымен ға­на шектелмеуі тиіс. Оның қа­­дағалауы мен бақылауына мем­лекеттік органдар авиа­ция­сы­ның қызметі де (ҚМ, ҰҚК, ІІМ жә­не т.б.) жатуы қажет, себебі бұл мемлекеттік органдардағы ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету­мен және авиаапаттарды тергеп-тексерумен байланысты қалыптасқан жағдай, ол да жақсартуды қажет етеді. Әлі күнге дейін мемлекеттік авиациядағы (ҚМ, ҰҚК Шекара қызметі, Ұлттық ұлан) және жеке­мен­шік авиациядағы соңғы жылдары орын алған апаттардың, оқи­ғалардың ресми түрде жария­лан­ған нақты анықтамасы жоқ. Осы себептен авиациялық оқиға­лар­ға профилактика жүргізу мүм­кін болмай отыр.

Сондай-ақ, ұшу қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мәселесін бір­неше мемлекеттік құрылы­м­ның жұмысымен байланысты кешенді міндет ретінде қарау керек. Оны шешудің жолдары осы саладағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне, оларды қамтамасыз ету практикасына ендіруге де байланысты. Сонымен бірге, ұшу қауіпсіздігін тиісті қадағалау мен бақылауды қамтамасыз ету, әсіресе, соңғы уақыттарда орын алып отырған террорлық актілердің жандануы аясында өте маңызды. Бұған қоса, бүгінгі таңда ұшақсыз ұшатын аппараттардың әуе кеңістігін пайдалануына да бақылау жоқ.

Баяндалғанның негізінде, көр­сетілген мәселелерді қарау­ы­ңыз­ды және қарау нәтижесі бойынша заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймын».    


Соңғы жаңалықтар