30 Сәуір, 2011

Университеттегі инновациялық қызмет болашаққа серпіліс әкеледі

570 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Бүгінгі таңда еліміздің білім және ғылым жүйесінің алдында Ұлт Көш­басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жол­дау­ында «Біз білім беруді жаңғыртуды одан әрі жалғастыруға тиіспіз. Біз университеттік білім беру мен ғы-лымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз етуге міндеттіміз», деп атап көрсеткен ауқымды міндеттер тұр. Сонымен бірге, Елбасы «Сапалы білім беру Қазақстанның индус­трия­ландырылуының және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс» деді. Сондықтан да еліміз дамуының қазіргі кезеңінде техника мен технологиялар саласында деңгейі әлемдік стандарттарға сай келетін жаңа фор­мацияның инженерлерін дайындау бұрынғыдан да өзекті болып отыр. Солар ғана техникалық ғылымды жеделдетуді, өндіріске инновацияны енгізуді, қарқынды индустриялық-ин­новациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Қазақстандық тауар және қызмет нарығының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және ғылыми қамтылған өн­дірістің санын айтарлықтай өрістету «Үдемелі индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасының» басты мақсаттары ретінде айқындалып отыр. Оларды «білім үшбұрышы­ның» үш шыңын – білімді, зерттеуді және инновацияларды тиімді әрі үйлесімді дамыту арқылы ғана нәтижелі жүзеге асыруға болады. Білім беру саласында қазіргі заманғы өндіріске қажет және олардың білімі мен біліктілік деңгейіне қойылатын жоғары талаптарға сәйкес келетін мамандар даярлау міндеті тұр. Жоғары технологиялық қоғамның негізі – заманауи білім мен техноло­гияға сүйенген экономикаға тікелей байланысты. Ал әр секторда адам капиталы мен дәстүрлі ерекшеліктерді тиімді пайдаланатын елдер ғана табысты болады. Осыған байла­нысты мамандар даярлаудың жаңа бағыттарын ашу, «өмір бойы білім алу» қағидасын тиімді жүзеге асыру мәселесі өзекті болып отыр. Тәуелсіздік жылдарында отандық ғылым қалыптасудың үлкен жолынан өтті. Бұл жолдағы алғашқы қадам­дардың бірі дербес ғылыми-техни­калық саясат пен ғылымды басқару жүйесін құрудың негізгі қағидаларын белгілеп берген 1992 жылдың 19 қаңтарындағы «Қазақстан Республи­касының ғылымы мен мемлекеттік ғылыми-техникалық саясаты тура­лы» Заңы болды. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың сол бір күрделі кезеңдегі тарихи шешімі 1993 жыл­дың қарашасында «Болашақ» сти­пендиясын тағайындауы еді. 1994 жылы қазақстандық студенттердің бір тобы шетелдік жоғары оқу орын­дарына оқуға жіберілді, ал 2005 жылы Елбасы өзінің Қазақстан хал­қына арнаған Жолдауында стипендиаттар санын 3 мыңға дейін кө­бейтетіндігін жариялады. Кейіннен, 1999 жылы Үкімет жанынан Жоғары ғылыми-техникалық комиссия құ­рыл­ды, ол бүгінгі күнге дейін мемлекеттік іргелі және қолданбалы ғы­лымды дамытудағы басымдықтарын анықтайтын, еліміздің ғылыми, ғы­лыми-техникалық және инновация­лық саясатын қалыптастырып, жетілдіру үшін ұсыныстар әзірлейтін ақыл-кеңес беру органы болып табылады. Келесі бір маңызды құжат 2001 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» Заңы болды. 2011 жылы ақпанда ғылыми зерттеулерді басқару мен қаржыландыру механизміне қатысты аса маңызды мәселелер шешімін тапқан Ғылым туралы жаңа заң қабылданды. Енді зерттеулер гранттық, базалық және мақсатты-бағдарламалық болып үш нысанда іске асырылмақ. Гранттық жүйенің енгізілуі осы салаға ерекше мән берілетін әлемдік ғылыми кеңіс­тікке қосылуға зор мүмкіндік береді. «Білімдер үшбұрышын» білімді, ғылымды және инновацияларды тиімді дамыту үшін айқындаушы рөлді Қазақстанда құрылып жатқан зерттеу университеттері атқаруы тиіс. Соған орай, Білім және ғылым министрлігі зерттеу университеттерін қалыптасты­рудың нормативтік-құқықтық негіздері мен маңызды аспектілерін әзірлеу ба­ры­сында маңызды да ауқымды жұмыс жүргізуде. Зерттеу университеттері әлемдегі кез-келген елдің экономикалық өсуінің маңызды факторы болып табылады, ал оның мамандар даярлау мен іргелі ғылыми зерттеулер жүргізу сияқты дәс­түрлі функциялары жаңа техноло­гияларды өндіріс пен бизнеске беру, шаруашылық дамуының ғылыми қам­тылған жаңа бағыттарын әзірлеу және іс жүзінде қолдану барысындағы белсенді қызметпен толығады. Осы бағыт­та шетелдік ірі университеттермен және ғылыми орталықтармен ынты­мақ­тастықта Астана қаласында «Назарбаев университетінің» құрылуының тарихи мәні зор. «Назарбаев университеті» жақын арада отандық білім беру жүйесінің көшбасшысы, жоғары ин­тел­лектуалды ұлтты қалыптастырудың орталығы болмақ. Зерттеу университеттерінің құры­луы басқа жоғары оқу орындары қыз­метінің әлсірегенін білдірмейді. Керісінше, олар зерттеу университеттерінің зерттеулерге негізделген білім берудегі негізгі серіктестері болуы тиіс. Жаппай жоғары білім беретін жоғары оқу орын­дары зерттеу университеттерін қа­лып­тастыруда оператор әрі делдал болады. Зерттеу университеті мәрте­бесіне ие болу күрделі де ұзақ үрдіс. Өйткені, бәсекеге қабілетті ғылыми мектептер мен қазіргі заманға сай басқару дағдысы ұзақ жылдар бойы қа­лыптасады. Оларды құру барысындағы жұмыс жоғары оқу орындарының университеттер арасындағы байланыс­тарды тереңдету мақсатындағы жан-жақты келісімшарттар негізінде өз бас­тамасымен басталуы тиіс. Табысқа жету үшін қатысушылардың екі тобының – бір жағынан өндіріс, бизнес және қыз­мет саласының, екінші жағынан академиялық ортаның үйлесімді ынты­мақтастығы қажет. Зерттеу университеттерін қалыптас­тырудың бастапқы кезеңінде оларды жаратылыстану ғылымдары, техника және технология, агроөнеркәсіп секто­ры сияқты бағыттар бойынша мақсат­ты түрде құрған дұрыс. Нәтижесінде қазақстандық зерттеу университеттері азаматтардың тамаша білім алуына, озық ғылыми-зерттеулер жүргізуіне және экономиканы инновациялық да­мы­туға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы «...білім беру саласында нақты және инженерлік ғы­лымдарды дамыту – дамудың жаңа кезеңінің міндетті шарты» екенін атап көрсетті. Ұлт Көшбасшысы қойған мін­деттерді жүзеге асыру аясында Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті «2020 жылы халықаралық деңгейдегі зерттеу университеті болу және әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының қатарына кіру» мақсатын айқындап берген «Даму стратегиясы – 2020» атты маңызды құжатты қабылдады. ҚазҰТУ-дың 80 жылдық та­рихын­дағы даму бағытын саралай отырып, оқу орнының зерттеу университеті ретінде қалыптасу жолындағы нақты қа­дамдары туралы айтуға болады. Осы жыл­дар ішінде университетте тау-кен ісі, геология, металлургия, ақпараттық технологиялар саласында дүниежүзіне белгілі ғылыми орталықтар қалып­тас­ты. Оқу орнының құрамында қазір инженерлер даярлаудың барлық бағыт­та­ры бойынша 13 институт жұмыс істейді, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің бакалавриат – магистратура – PhD докторантурасы сияқ­ты көпдеңгейлі жүйесіне көшу үрдісі жүзеге асырылды. Университетте бүгінгі таңда 178 ғылым докторы, 7 PhD докторы, 534 ғылым кандидаты және 127 инженерлік ғылым магистрі жұмыс істейді, олардың арасында 50 академик бар. Университетте оқытылатын маман­дық­тар тізімінің тиімділігін арттыру бағытында мониторинг өткізіп, мақсат­ты түрде жұмыс жүргізіп келеміз. Осы орайда «Мемлекеттік қарқынды инно­ва­циялық-индустриялық даму бағдар­ла­ма­сының» кадрмен қамтамасыз ету талабын ескере отырып, ел экономи­касының белгілі бір мамандықтарға деген сұранысын қанағаттандыруға ерекше күш салынады. Атап айтқанда, ҚазҰТУ соңғы 2 жылда бакала­вриат­тың (ғарыш техникасы және техно­ло­гиясы, пайдалы қазбаларды байыту, логистика, материалдарды қысыммен өңдеу технологиясы), магистратураның (пайдалы қазбалар кен орындарын іздеу мен барлаудың геофизикалық әдіс­тері, жобаларды басқару) мамандық­тарымен қатар, докторантураның да (электр энергетикасы, радиотехника, элек­троника және телекоммуникациялар, техникалық физика) жаңа әрі қажетті мамандықтары бойынша мамандар даярлау қызметіне лицензиялар алды. Университет ұжымының алдында тұрған негізгі міндет – мамандар даярлау сапасын жан-жақты көтеру, соның ішінде оқу жоспарлары мен бағдарла­маларын жетілдіріп, жаңашаландыру. 2008 жылы техника және технология саласындағы мамандықтардың барлық оқу жоспарларына талдау жүргізіліп, нәтижесінде 2009 жылдың 1 қыр­күйе­гі­нен бастап Білім және ғылым ми­нистр­лігінің рұқсатымен Қ.Сәтбаев атын­дағы ҚазҰТУ-да техникалық профильдегі 25 мамандық бойынша оқыту өзінің эксперименталды білім беру бағдарламаларымен жүзеге асырыла­ды. Бұл бағдарламалар жұмыс беруші­лердің ұсыныстарын ескере отырып әзірленіп, жақын және алыс шетел­дер­дің алдыңғы қатарлы ғылыми білім беру мекемелерінің оң пікіріне ие болды. Білім беру бағдарламаларын жетілдіруде олардың әлемнің ірі аккредита­циялық агенттіктерінде жоғары білім­нің сапасын арттыруға және адам капиталын дамытуға зор мүмкіндік беретін халықаралық аккредитациядан өтуі аса маңызды. Қазіргі заманғы жоғары технологиялық еңбек нарығы инженерлер даярлау деңгейіне биік талап қойып отырғандықтан, Қазақстан үшін техника мен технология саласын­дағы білім беру бағдарламаларын ха­лық­аралық аккредитациядан өткізудің мәні жоғары. Осы орайда, әлемнің көптеген дамыған елдерінде инженер ретінде жұмыс істеу үшін «кәсіби инженер» (РЕ) сертификаты болуы қажет. РЕ мәртебесіне үміткердің университетті аккредитацияланған бағдарлама бойынша бітіруі, 3 жылдан 7 жылға дейін жұмыс тәжірибесі болуы және кәсіби инженерлер қауымдастығында тіркелуі тиіс екендігін атап өту керек. Сол себепті техникалық жоғары оқу орындарын бітірушілердің «кәсіби инженер» мәртебесіне және соған сәйкес еңбекақысы жоғары әрі келешегі зор жұмысқа ие болуының негізгі шарты – ол бітірген жоғары оқу орнының білім беру бағдарламаларының халықаралық аккредитациядан өтуі. Қазіргі кезеңде ҚазҰТУ Қазақстан­дағы техникалық жоғары оқу орын­да­ры арасында шетелдерде аккредитациядан өткен білім беру бағдар­ла­ма­лары­ның саны жағынан да, сәйкесінше, сапасы жағынан да бірінші орынға ие болып, 21 мамандық бойынша халық­аралық агенттіктерде аккредитациядан өтті. ҚазҰТУ мамандықтары аккредитациядан өткен агенттіктер қатарында ABET (АҚШ), ASIIN (Германия) аккредитациялау агенттіктері, ENAE инженерлік білімді аккредитациялау жөнін­де­гі Еуропалық желісі, АИОР – Ресей­дің инженерлік білім қауымдасты­ғы­ның аккредитациялау орталығы бар. ABET аккредитациялау агенттігінен өт­кен ҚазҰТУ-дың металлургия ма­ман­дығы бүкіл ТМД кеңістігіндегі бірінші мамандық екенін айта кеткен жөн. Мамандар даярлау сапасын арттыру және әлемдік білім беру кеңістігіне қо­сылу бағытында мақсатты түрде жүр­гізілген қызметтің нәтижесінде 2011 жылдың сәуірінде Қ.Сәтбаев университеті EUA Еуропалық университтеттер қауымдастығында IEP халықаралық бағалау бағдарламасы бойынша инсти­туционалдық бағалаудан өткен Қазақ­стандағы алғашқы, әрі жалғыз жоғары оқу орны болды. EUA – бұл Болон үдерісі аясында Еуропалық жоғары білімді дамыту, ғылыми-зерттеу жұмысы мен инновациялар, жоғары білім мен ғылымды интернационалдандыру, уни­верситеттердің сапасын арттыру, басқа­ру, автономия және фандрайзинг сияқ­ты міндеттерді орындайтын Еуропа жоғары оқу орындарының қауымдас­тығы. Ғылыми-зерттеу және инновация­лық үрдістер – ҚазҰТУ қызметінің басты бағыттары. Бұл орайдағы оқу орнының ғылыми қызметінің негізгі көрсеткіші қаржыландыру көлемі бо­лып табылады. Мысалы, 2008-2010 жыл­дары университеттегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру кө­лемі 3,5 есе өсіп, осы кезеңде магистранттар саны 9 есе, PhD докто­рант­тарының саны 12 есе артты. Универси­теттің ғылыми-зерттеу жұмысының нә­тижелілігіне қызметкерлердің ғылыми өніміне деген сұраныс деңгейі дәлел болады. Мысалы, соңғы 3 жыл ішінде ҚазҰТУ базасында 17 халықаралық кон­ференция мен семинар өткізілді, солар­дың ішінде әлемнің түпкір-түпкі­рінен ғалымдар жиналған «Шекарасыз ғылым мен инженерлік білім» атты ірі халықаралық форумды ерекше атауға болады. Осы кезең ішінде университет ғалымдары 57 монография шығарып, ха­лықаралық және республикалық дең­гейдегі конференцияларда 3 мыңнан астам ғылыми мақала мен баяндама тезистерін жариялап, 120 патентке ие болды. Сонымен қатар, ҚазҰТУ база­сында қазақстандық ең танымал ға­лым­дарды біріктіретін Отанымыздың Ұлттық Ғы­лым академиясының «Жер туралы ғылымдар бөлімі», Қазақстан Ұлт­тық жа­ратылыстану ғылымдары академия­сы­ның Алматы бөлімшесі жұмыс істейді. Университетте технологиялар сала­сын­дағы инновацияларды кеңінен тарату мақсатында инновациялық циклді біріккен ғылыми-өндірістік, білімдік және мәдени-әлеуметтік тұрғыдан қам­тамасыз ететін технопарк табыстың кілтін тауып отыр. Технопарк ғылыми ең­бектерді коммерцияландыруды қам­та­масыз етіп, оқытушылардың, докто­рант­тардың, магистранттардың және студенттердің қосымша табыс табуына мүмкіндік береді. Университетте ғылыми-зерттеу мен инновациялық қызметтің нәтижесін көтеру мақсатында инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, соңғы жылдары университетте шетел капиталын тарту арқылы бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылды. 2009 жылы 17 компьютерлік сынып пен жаңа үлгідегі мультимедиялық жаб­дығы бар Қазақстан-Корея ақпарат­тық-коммуникациялық технологиялар орталығы салынып, пайдалануға берілді. Бұл жобаға қаржының 50 пайызын салған Корея Республикасының халық­аралық ынтымақтастық агенттігі мен ҚазҰТУ-дың серіктестігінің нәтижелі жұмысы аясында жүзеге асырылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республика­сының Президенті Н.Назарбаев пен Франция Президенті Н.Саркози қол қойған келісімшартты орындау мақса­тында 2010 жылдың желтоқсанында біздің оқу орнының базасында Франция білім және ғылыми министрлігі мен «Шнайдер электрик» компаниясы бірлесіп «Энергетика саласындағы жаңа технологиялар бойынша мамандар даярлау орталығын» ашты. Елбасымыз Н.Назарбаевтың тап­сыр­маларын орындау барысында ҚазҰТУ жанынан «Тау-кен-металлургия және мұнай-газ секторы бойынша инженерлік профильдегі зертхана» мен өнім­ділігі жағынан Қазақстандағы ең мық­ты әмбебап компьютері бар «Ақпарат­тық және ғарыштық технологияларды ұжымдық пайдаланудың ұлттық ғылыми зертханасы» ашылды. 2011 жылдың 8 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті қызме­тіне кірісу салтанатында Ұлт Көш­басшысы Н.Назарбаев еліміздің алдағы онжылдықтағы даму негізін айқындап, «ХХІ ғасырдағы инновациялар мен ғылыми жаңалықтар болашаққа ұмты­лыс­ты анықтап береді. Қазақстанда батыл инновациялар өмірге жолдама алып, ғылыми зертханалар мен заманауи өндірістің қаны мен тері болатын елге айналуы тиіс» деп атап көрсетті. Мемлекет басшысының бұл тапсыр­ма­сын орындау Қ.Сәтбаев атындағы Қа­зақ ұлттық техникалық универ­си­те­ті­нің қызметінің басым бағыты болмақ және университет ұжымы оны жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерін салады. Жексенбек ӘДІЛОВ, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры, академик.