Демографиялық болжам бойынша, 2050 жылға қарай оңтүстік өңірлерде халық саны 5 миллион 300 мың адамға көбейіп, жұмыссыздық мәселесі күрделене түсуі мүмкін. Керісінше, солтүстік өңірлерде тұрғындар саны 900 мыңға кеміп, жұмыс күшінің жетіспеушілігі үлкен проблемаға айналуы ықтимал. Елімізде кейінгі жылдары қалыптасқан осындай демографиялық теңгерімсіздікті реттеу мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен Үкімет жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныстандыру ісін қолға алғандығы мәлім.
Алайда, осы, мемлекеттік тұрғыдан алғанда аса маңызды істің жергілікті жерлерде орындалуы қанағаттанарлықтай емес. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне жүгінсек, өткен жылы Үкімет қаулысымен жұмыс күші артық өңірлерде тұратын отбасыларды жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныстандыруға бөлінген 463 квотаның 196-сы ғана игерілген, яғни тиісті тапсырма небары 42 пайызға ғана орындалған. Осы орайда, Солтүстік Қазақстан облысы ғана айрықша мүдделілік танытып, өткен жылы квотадағы 110 отбасының орнына 129 отбасыны қабылдаған.
Алдағы уақытта тұрғындарды жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныстандыру жұмысының қарқыны мен ұтымдылығын арттыру мақсатында мынадай іс-шаралар жедел қолға алынуы керек-ақ. Біріншіден, қоныс аударушыларды қабылдаудың 2017-2019 жылдарға арналған өңірлік квотасын бөлу мәселесін қайтадан қарау қажет. Өйткені, үстіміздегі жылы артық жұмыс күші бар өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге 288 отбасыны қоныстандыру белгіленген. Ал бұл жеткіліксіз. Өйткені, бір ғана Солтүстік Қазақстан облысы биыл квотадағы 110 отбасының орнына 300 отбасын қабылдауға дайын екендігін мәлімдеп отыр.
Екіншіден, жұмыс күші артық өңірлер тұрғындарының жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге бірнеше отбасы болып, шоғырлана көшуін ұйымдастырған жөн. Мұның өзі олардың барған жерлеріне тезірек бейімделуіне оң әсерін тигізері даусыз.
Сонымен қатар, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша қоныс аударушылардың тұрғын үйді жалға алуына бөлінетін қыруар қаржыға олардың өздері көшіп баратын елді мекендердегі босап тұрған тұрғын үйлерді сатып алуына рұқсат беру керек.
Бұған қоса, қоныс аударушылардың өздері үшін тұрғын үйлер салуына мүмкіндік туғызу және оларды тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажет. Мұның өзі жергілікті атқарушы органдардың қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуін әлдеқайда жеделдетері сөзсіз. Үкімет бөлген квотаның өткен жылы толық игерілмеуінің негізгі себебі осы екендігі ескерілуге тиісті.
Және де тұрғын үйді жалға алу келісімшартында егер қоныс аударушының отбасы кемінде 5 жыл бойы тұрған жағдайда оған сол тұрғын үйді тегін жекешелендіру құқығы берілуі қарастырылса да артықтық етпес еді. Сондай-ақ, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының қоныс аударушыларды қабылдауға әлеуеті бар елді мекендерінің тізбесін жасап, олардағы білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін оқушылар мен тұрғындар санының азаюына байланысты жабуға мораторий жариялаған жөн.
Мемлекеттік маңызы бар осынау мәселелердің оң шешілуіне Үкімет тарапынан мүдделілік танытылады ғой деп үміттенемін.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Мәжіліс депутаты