Осы орайда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен күтеріміз көп. Біріншіден, денсаулық қорғау ауыртпалығын бөлісу және тұрғындардың өз денсаулығын нығайтуға көңіл бөлуі арқылы қоғамдық ынтымақтастыққа қол жеткізуге болады. Амбулаториялық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету пакеті кеңейеді. Екіншіден, МӘМС-тің енгізілуі жалпы тәжірибе дәрігерлері және учаскелік дәрігерлер жүктемелерін кезең-кезеңімен (бір учаскедегі 2000 адамды 1500-ге дейін) азайтуға мүмкіндік береді. Бұл қолжетімділікті арттырып, кезекті азайтады, сәйкесінше қабылдау сапасына әсер етеді. Дәрігер әр науқасқа көбірек уақыт бөле алады. Қазіргі күні емханаларда дәрігерге электронды түрде жазылу жүзеге асырылуда. Науқастарға сапалы және жоғары деңгейлі медициналық көмек көрсету, кезексіз емхана бойынша күнделікті жұмыстар жасалуда. Бұл үрдіс МӘМС жүйесінің арқасында әрі қарай да жетілдіріледі деген сенімдеміз. Үшіншіден, қор салымшылары – сақтандырылған азаматтар жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне және табысына қарамастан тең дәрежеде медициналық және дәрі-дәрмектік көмекпен қамтамасыз етілмек. Бәсекелестік дамып, медициналық қызмет сапасы жақсарады. Сәйкесінше, тұрғындар денсаулығын жақсартудың нәтижесінде өмір сүру ұзақтығы да артады. Төртіншіден, МӘМС енгізілген кезде медициналық қызметкерлер жалақысы еңбегіне қарай бағаланады деп күтілуде.
Ал, Астана қаласындағы № 6 қалалық емханада бас дәрігер Динара Байсеркинаның қадағалауымен мамандар медициналық сақтандыру бойынша халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жыл басындағы мәліметтер бойынша, емханаға тіркелгендер саны – 71 905, оның ішінде үлкендер – 46 759, балалар – 22 799, жасөспірімдер – 2347, зейнеткерлер – 7096. Емханада күн сайын МӘМС туралы жадынамалар таратылады, қабылдауға келген тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Тіркеу тізбесі бойынша тұрғындардың әлеуметтік мәртебесі туралы деректерді енгізу жұмыстары күнделікті жүріп жатыр. Бүгінге дейін біздің емханаға тіркелген тұрғындардың 3 985-нің мәртебесі анықталды. Белсенді түрде жүргізіліп жатқан бұл жұмыс ағымдағы жылдың 31 маусымына дейін аяқталуы тиіс. Электронды жазылым бойынша күн сайын терапевт-дәрігерлерге 350-дей адам жазылады. Ал, әзірге педиатр, хирург, травматологтар кезек бойынша, невропатолог, кардиолог, окулист секілді маман-дәрігерлер талон бойынша қабылдайды. Мұның бәрі алдағы уақытта электронды жазылым бойынша реттеледі. Емханада МӘМС бойынша 5 адамнан құралған жұмыс тобы бар. Олар халыққа және емхана қызметкерлеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Бұл жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибеде дәлелденген. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең көлемді медициналық қызметтер ұсынылмақ. Оған қатысатын тұрғындардың әлеуметтік қорғалмаған тобына мемлекет қолдау көрсетеді. Жуырда еңбек ұжымымен бірге талқылаған Елбасы Жолдауында айтылғандай, емханамыз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің талаптарына сай медициналық қызмет көрсетуге әзір.
Зәуре ХАРАШАЕВА,
№6 қалалық емхана бас дәрігерінің ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы
АСТАНА