Аймақтар • 28 Сәуір, 2017

Ерлік ешқашан ескірмейді

650 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ел тарихында ерекше атаулы күндер бар. Олар зор мәнге ие. Мәселен, 16 желтоқсан − Тәуелсіздік күні әр қазақстандық үшін қымбат, қастерлі. Сондай-ақ, мәңгілік ұмытылмас күндер бар. Кешегі Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұлан үшін ол − 7 сәуір. Дәл осы күні, 1995 жылы қазақстандық Ішкі әскердің жауынгерлері тәжік-ауған шекарасында қайтпас қайсарлық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен болатын. Амал қанша, мұздай қаруланған лаңкестермен кескілескен сол шайқаста 17 жауынгер оққа ұшып, 34-і жарақат алды. Оларды ұмытпау, ерліктерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу − біздің басты мақсатымыз.

Ерлік ешқашан ескірмейді

Соған орай Ұлттық ұланда бұл күн жыл сайын «Ерлікке тағзым күні» болып аталып өтеді. Еске алу шаралары, елді, өскелең жас ұр­пақты елдікке, ерлікке, бірлікке шақы­руға арналған тағылымдық шара­лар жер-жерде, республика бойынша әр әскери бөлімде ұйымдас­тырылады. Мәселен, 7 сәуір күні Алматыда ерек­ше әсерлі шараларға толы болды. Ұлт­тық ұланның «Оңтүстік» өңір­лік қолбасшылығы 5571 әскери бөлімінде ел үшін от кешкен ер­лерді еске алу шарасы өтті. Онда сөз алған «Оңтүстік» өңірлік қолбас­шылығының колбасшысы генерал-майор Қайрат Ақтанов:   «Көршіңнің үйінде шу шықса, сен де тыныш жата алмайсың. Тоқсаныншы жыл­дар­дың алмағайып жылдарында да жағдай осылай болып еді. Көрші тәжік-ауған шекарасында соғыс оты у­шығып тұрды. Күнде қан төгілу, қанды қасап, от кешу. Осы тұста біз­­дің елдің мыңдаған жастары да ТМД мем­лекеттері ара­сында жа­салған халықаралық ке­лісім аясында осы отты нүктеден табылды, тау ха­лықтарына тыныш­тық тілеп, іштей қан жұта аққан қарт Пяндж өзенінің ж­а­ғасын бас­ты. Сол қантөгісте ер­лікпен антқа адал­­дықтарын дәлел­де­ген қазақ­стан­­д­ық алдаспан намысты 7-ші ро­та­­­ның жаужүрек жігіттерінің қай-қай­сының болсын батырға лайық орны бар. Олар біздің мәңгілік жадымызда», деді.

Сонымен қатар, осы күні Қор­ғаныс министрлігі Құрлық әскер­лері­нің институтында «Ерлік күні» айрықша атап өтілді. Оған ауған соғысы мен өзге тәжік-ауған шекарасы қақтығысының арда­гер­ле­рі, елі­міздегі Тәжікстан елші­лі­гі­нің әс­кери атташесі, оқу орнының бас­­шы­лығы мен курсанттары қа­тыс­ты.

Алдымен шараны ұйым­дас­ты­рушы ретінде сөз алған «Ардагер» Ауған соғысы және жергілікті қақ­ты­ғыстардың ардагерлері мен мү­ге­дектерінің республикалық қо­ғам­дық одағының төрағасы, за­пас­­тағы под­полковник Серікбай Бай­мол­ди­нов: «Тәжік-ауған шека­ра­сын­дағы сол қаралы оқиғаға биыл 22 жыл то­лып отыр. Қайт­кен­мен, қайсар ұл­да­рымыз айқын басымдықпен тойтарыс та­нытқан жауға барынша төтеп бе­ріп, жауынгерлік борыш­тарын өжет­тікпен өткерді. Абы­ройды таптат­пай, антқа деген адал­дықтарын танытты. Ішкі әскер жауынгерлерінің ерлік істерін Елбасы – Қазақстан Рес­публикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә.Назар­баев та жо­ғары бағалап «Қазақ­стандық батальонның сарбаз­дары Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тас­тығы сыртқы шекарасының тәжік-ау­ған бөлігін ерлікпен күзетті. Боз­дақтарымыз мем­лекетіміздің қау­іп­сіз­дігін сақ­тау жолында жанын пида етті. Олар біздің бейбітшілігіміз бен ты­ныш­ты­ғымызды қорғады», деген бола­тын. Сол уақыттан бері сол 17 жау­ынгердің ерлігін Ұлттық ұлан ылғи 7 сәуірде атап өтіп келеді. Ол ерлеріміз ең әуелі бүкіл еліміздің сеніп тапсырған сенімін ақтады. Сон­дықтан да мен және біздің ардагерлер қауымдастығы осы күнді «Ерлік күні» деп белгілеп, ер­лікті дәріптейтін шараларды елі­міздегі барлық қорғаныс сала­сы­­ның ұжымдарында өткізуді ұсынып отырмыз. Осы ұсыны­сымызды қолдап, өскелең ұрпақ­қа тағ­ылымды тәрбие болатынын жете тү­сініп, осындай шараны өткізуге ат­салысып отырған Құр­лық әс­керлері әскери инсти­тутының бас­шылығына алғысымды біл­діре­мін. Ендігі жылдардан бастап бұл атаулы күн «Ерлік күні» еліміз бойынша бүкіл Отан қорғаушы жұрт­шы­лықтың ортақ шарасы болып өтетініне кәміл сенемін», деді.

Мұнан соң сөз алған Тәжікстан елшілігінің әскери атташесі полковник Мақсұтжан Жұмаев қазақ­стан­дық жауынгерлердің тәжік халқына деген баға жетпес көмегі үшін 2007 жылы Душанбе қаласында үлкен монумент орнатылғанын атап өтті. Сол ерлік оқиғасының көзі тірі куәгерлері − Ұлттық ұланның ар­дагерлері, запастағы полковник Ерлан Алданазаров, запастағы под­полковник Қайрат Ғұсманов жи­налған қауым алдында сол бір қиын қыстау күндер жайлы есте­лік­те­рімен бөлісіп, тағылымды әңгіме өрбітті.

Шара соңы патриоттық рухта шырқалған әндермен жалғасты. «Ерлік күні» жайлы бізбен өз пі­кі­рін бөліскен «Оңтүстік» өңірлік қол­басшылығы қолбасшысының тәр­бие және әлеуметтік-құқықтық жұ­мыстар жөніндегі орынбасары полковник Сабыржан Сү­лейменов: «Батырларымызды ұлық­­тау − хал­қы­мыздың сал­­ты. Біз еш уақытта да ел үшін жанын пида еткен арыста­ры­­мызды ұмыт­пауымыз керек. Қай­та сол ер­лердің ерлік істерімен жас ұр­пақ­ты отансүйгіштік рухта тәр­бие­лей білуіміз қажет. Бұған дейін 7 сәуір боздақтарға тағзым ету кү­ні болып келді. Енді ол «Ерлік кү­ні­не» айналғалы отыр. Төбемізде мәң­­гілік бейбіт аспан орнасын деп ті­леймін. Бала жылап, ата-ана қа­й­ғырмаса екен. Сол ұрыста қаза тап­қан жаужүрек жігіттеріміздің қай-қайсы болса да батыр атағына лайық. Олардың рухтарына мың тағзым етемін», деді.

Арман ӘУБӘКІРОВ,

майор

АЛМАТЫ


Соңғы жаңалықтар