Ерсейіт екі жасқа толғанда ғана ауруы білінген. Басқалардың мұндай балалары томпаңдап, күннен күнге салмақ қосып, ата-анасының көз қуанышы болып жүрсе, Ерсейіт ет ала алмай қойған. Кей-кейде әке-шешесінің үрейін ұшырып көгеріп талып қалады. Қағаздай аппақ. Мамықтай жеңіл. Сөйтсе, жүрегінің ақауы бар екен. Алғашқыда ата-анасы шет елде, яғни Израильде емдету мәселесін ойластырыпты. Сұрастырып көрсе, орташа операция 50-70 мың доллар шамасында екен. Ондай қаржы жас отбасыда қайдан болсын. Алматыны жағалайды. Жүрегі ауыратын тек бұлардың ғана баласы емес болып шықты. Кезекке тұрасыз дейді. Онысы ең жақын болғанда 2013 жылы, болмаса 2014 жылы келеді.
Бастары салбырап Шымкентке қайтқан. Жеті жасқа келген Ерсейіттің далаға шыққысы келеді. Балалармен футбол ойнағысы келеді. Сәл жүгірсе алқынып, жүрегі аузына тығылып, қалжырап қалады. “Әже” деп анасының шешесін құшақтап жылағанда кейуананың жанары жасқа малшынатын. “Құлыным-ай, қашан сен қатарыңа қосылып, шауып кетер екенсің” дейтін әжесі күбірлей күйініп.
Ерсейіт расында жазылып кетті. Қап-қап долларды қажет ететін Израильға барған жоқ.
“Кезек күт” деген Алматыға да жолы түспеген. Жеті жыл мазалаған дерттің дауасын Шымкенттің дәрігерлері-ақ тапты. Жүрек қан-тамырындағы тесікті операция жолымен бітеді.
Балалар кардиохирургиялық бөлімшесінің ашылуына барғанымызда Ерсейіт шыққалы жатыр екен. Әжесі күндей жайнайды. Аузын ашса айтар сөзі рахмет. Дәрігерлердің қызметінде мін жоқ. Ерсейіт баяғыдай емес, жеңіл демалады. Көңілді.
“Ешкімге бір тиын төлемедік. Тіпті санаторияда жатқандаймыз. Осындай жағдайды тудырған мемлекетіміздің басшыларына, Президентімізге рахмет” дейді Зағира Пірімқұлқызы. Сол күні көп палаталарды араладық. Жүрекке операция жасалған балалардың кішкентайы 2,5 жаста екен. Жүрек ауруы түрліше ғой. Соның көп тараған түрі –тамыр жарығы. Атқақтап тұрған қан тесіктен сыртқа ағады да баланың тынысы тарылып, әлжуаз қалыпқа түседі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы, құрғақ сөзден нақты істі жақсы көретін, сондықтан да қызметтестеріне, сыртқы жұртқа суық көрінетін Жұмағали Исмаилов журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Ең қиыны үш жыл бұрын осындай дерті бар балалардың жетпіс пайызы ажал құрығына ілініп келіпті. Оңтүстікке келген сапарында Елбасы жақын жылдарда түзеуге тиіс төрт мәселені қойғанда жүрек-қан тамырлары аурулары мен бала өлімін азайтуды тапсырған. Мемлекеттен айтулы көмек болатындығын ескерткен.
Елбасы ең үлкен байлығы халқы болып табылатын Оңтүстіктің медицинасына қыруар қаржы бөлгізді. ТМД-да баламасы жоқ орталықтар бой көтерді. Шетелдегі ең озық технологиялар алынды. Оған облыс дәрігерлерінің шеберлігі үндесті.
Бүгінгі таңда орталықтың кардиохирургиялық бөлімшесі заманауи жоғары технологиялық құралдармен жарақтандырылған. 2 ангиограф жұмыс істейді. Операциялық блок ламинарлық ағын жүйесімен және «Таза бөлмелер кешені» жүйесімен қамтамасыз етілген. Алыс және жақын шет елдердің жетекші кардиохирургиялық орталықтарынан мамандар тартылып мастер-кластар ұйымдастырылды.
Кардиохирургия бөлімшесі жұмыс істеген уақыттан бері ашық жүрекке 511 операция жасалды. Оның ішінде 395-і аорто-коронарлық шунттау операциясы, 79 ересек адамға жүректің туа біткен және жүре пайда болған кемістігін түзету операциялары жасалды.
Статистикалық мәліметтер бойынша, Оңтүстік Қазақстан облысында 2010 жылы 2009 жылмен салыстырғанда, аурушаңдық 19,1%-ға, жүрек-қан тамыры ауруларынан болатын өлім-жітім 20,8%-ға, оның ішінде жүректің ишемиялық ауруларынан болатын өлім-жітім 38,9%-ға төмендеді.
Бүгінгі таңда облыста дамудың туа біткен, оның ішінде балалардағы жүректің туа біткен кемістігін емдеу өзекті мәселе болып отыр. 2011 жылғы 1 қаңтарға дейінгі жағдай бойынша «Жүректің туа біткен кемістігі» диагнозымен 15 жасқа дейінгі 2802 бала диспансерлік есепте тұрады. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар – 415.
Шымкент қаласындағы облыстық кардиология орталығының базасында 2010 жылы облыста алғаш рет Польшадан келген мамандардың қатысуымен 25 балаға жүректің туа біткен кемістігін түзету операциялары жасалды.
2011 жылы облыс деңгейінде балаларға ашық жүрекке 100 операция және 100-150 эндоваскулярлық хирургиялық шара қолданылды.
Балалар кардиохирургиясын дамыту үшін облыс әкімдігі балалар кардиохирургиялық бөлімшесін жабдықтауға 130224,0 мың теңге, сондай-ақ балалар кардиохирургиялық және реанимациялық төсек-орындарға қызмет көрсету үшін қосымша штаттарды ұстауға қаражат бөлді.
Облыста балалар және жаңа туған балалар хирургиясын, оның ішінде асқазан-ішек жолдарының хирургиясын, нейрохирургияны, кардиохирургияны дамыту бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр. Бұл балалар өлімі мен мүгедектігін одан әрі төмендетуге мүмкіндік береді.
Астана мен Алматыға жалтақтамай, өз бетімен жол іздеген Жұмағали Қазыбайұлы облыс әкімі Асқар Мырзахметовпен кеңесе отырып, кешенді бағдарламалар түзді. Аймақтардың да көп жағдайда көшбасшы болатындай жағдайы барлығын ұқтырды. Медицина саласынан халықаралық стандарттарға өтіп кеткен мемлекеттермен іскерлік байланысқа түсіп, атақты дәрігерлерді тартты. Солардың тәжірибесі, оқытуы негізінде өз кадрларының біліктілігін көтерді. Балалар кардиохирургиясында алғашқы 25 операция Польша дәрігерлерінің көмегімен жасалса, соңғы 17 операцияны облыстың өз кардиохирургтары жасаған.
Жас мамандар жетілді. Жаңа буын қалыптасты. Жүрегі ауыратын жұрт алысқа шапқыламайтын болды. Шет елде қыруар қаржыға жасалатын ота өз жерінде, үйінің іргесінде тегін жасалып жатыр.
Кешегі дертті жанның, бүгін ауруынан құлан-таза айыққан ағайынның жүзінен осыны ұқтық.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Шымкент.