28 Сәуір, 2017

Ұлағатты жол

163 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

​Кешегі соғыс кезіндегі жоқ­шылық пен таршылықтың салқыны соғыстан кейін дүниеге келген ұрпақтың да санасынан әлі өше қойған жоқ. Оның ызғары әлі күнге дейін жанымызды түршіктіріп, денемізді қариды.

Иә, бір түйір дәнге зар болған сондай тор­ғай тірлікте алға ұмты­лып, болашаққа талпынып, оқу қумақ түгіл оған ұмсынудың өзі ол кезде ерлікке пара-пар еді. Тұлым­шағы желбіреген жауқазын қыз Болай­дың бойынан осындай ерлік табылды. Ол Ленгірде ашылған мұғалімдер училищесіне баруға бел буады.

Сол тұстағы адамдардың бір-біріне деген мейірімділігі мен бауырмалдығы бүгінгі күнге аңыз болып естіледі. Ауылдық кеңестің төрағасы мен мектеп директоры оның бұл ойын барынша құптап, құжаттарын қаттап, ақ батасын беріп, діттеген оқуына жібереді.

– Сол кезде Құдайдың өзі мені таусылмас ырзық-несібеге, бақ-берекеге итерген ғой деп ойлаймын. Өйткені, ұстаздықтан асқан қасиетті де, қадірлі мамандық жоқ қой, кім кімнің де ойында анасынан кейін ұстазы тұрмай ма! – деп еске алады бұл күнде қарт ұстаз.

Басқа да ер-азаматтардың қата­рында мұғалімдердің қару ұстап, жаппай майданға аттанып кеткен кезі. Маман тапшы. Училищені жақсы бітірген мұны білім басшылары Елтай мектебіне оқу ісінің меңгерушісі етіп жібереді. Сол кезде Болай Мәткерімқызы небәрі 13 жаста ғана екен.

Міне, көп жылғы еңбегі мен білім беру жүйесін дамыту және өскелең ұрпақты тәр­бие­леу ісіне қосқан үлкен үлесі үшін ұстаздардың ең үл­кен наг­радасы Ы.Алтынсарин белгі­сімен марапатталған Болай Мәт­керімқызы Қасымбекованың 40 жылға созылған ұлағатты ең­бек жолы осылай басталып еді. Ауылдастарының айтуынша, Нұр­лы­бай ата мен Болай апаның алдынан мың қаралы шәкірт білім алыпты. Бұл деген осы бір тау қойнауындағы аз ғана Абайыл ауылын­да өмір бойы ұстаздық еткен ол екеуі мың қаралы шаңыраққа білім шырағын жағып, осынша отбасын білім нұрымен нұрландырды деген сөз.

Осы арада, енді Болай апамыз­дың құдай қосқан қосағы соғыс және еңбек ардагері, Түлкібас ауданының құрметті азаматы, Халық ағарту ісінің озық қыз­меткері Нұрлыбай Тұңғыш­байұлы Қасымбеков туралы айтпай кетуге тіпті де болмайды.

Бір қызығы, ол кісі соғысқа алынғанда өзінің қазақша айт­қанда «айхай жерлесі», сол кезде-ақ атағы аспандап тұрған Бауыр­жан Мо­мыш­ұлының пол­кіне барып түседі.

Содан бір реті келгенде бұл «Асса­лаумағалейкүм» деп қазақ­ша сәлем береді ғой.

– Сен кімсің? –деп тіксініп қалады Баукең. Бұл жөнін айтады.

– «Қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді» деген ма­қалды білесің бе? – дейді батыр түсін сәл жібітіп, – білсең осыны ұмытпа!

Болды, бітті. Жерлесім деп ол да емешегі үзіліп емірене қой­ған жоқ, батыр деп бауырына кіруге бұл да бейіл танытпады. Ел тағдыры таразыға түсіп тұрғанда ағайынгершілікке жол жоқ екенін екеуі де түсінеді. Ақыры Нұрекең батыр ағасына берген сертінде тұрып, елдің де, жердің де намысын қолдан бермей, бес жыл Отан үшін от кешіп жүріп, соғыс біткен соң кеудесін орден мен медальдарға малып елге оралды.

Болай апамыздың айтуынша, олар соғыс жүріп жатқанда біреуі майданда, біреуі тылда жүріп хат жазысып, хабарласып, сол бір қиын-қыстау кездері бір-біріне дем беріп, демеу көрсетіп тұрғанға ұқсайды. Ақыры көңілдері жарас­қан екі жас, өмірлерін де жарастырып, бас қосып, шаңырақ көте­реді. Қос ұстаздың қосылып өткіз­ген ұлағатты жолдары осылай басталған.

– Біз екеуміз де мұғалім болд­ы­­­қ. Ауылымыздың барша ба­ла­сы алдымыздан өтті, – деп еске алады апамыз. – Соларды тәрбие­леуден асқан парыз жоқ деп ойладық. Құдай осы пейі­лімізді құптады ма, Нұрекең екеумізге он перзент берді. Айна­ламызды жоқшылық буып тұрса да оларды қалай ба­ғамыз деп қай­ғыр­ған жоқпыз. Алла асырайды дедік.

Қазақ үшін ененің жөні бө­лек. Ол шын мәнінде екінші анаң. Бұлардың шаңырақтары шат­тыққа толып, құт-береке даруына Нұрекеңнің шешесі Рәзия әже­міз­дің де зор шапағаты тигені анық.

Бүгінде Нұрекең мен Болай ананың шаңырағында дүниеге келген екі қыз, сегіз ұлдың бәрі де ұясына да, қиясына да қонған. Олар өсіп-өнген үлкен әулет. Осылайша, Болай ананың бейнетінің зейнетін көріп отырған жайы бар. 

Сәулебек ЖӘМКЕНҰЛЫ,

заңгер-журналист



Соңғы жаңалықтар