Ұлттық кітапхана ұжымы күні кеше Наурыз мейрамын атап өтті. Арнайы іс-шараға еліміздің зиялы қауым өкілдерімен қатар, Кувейт елінен келген делегация, International Women’s Group ұйымының қадірлі қонақтары, араб елінің табысты әрі іскер әйелдері қатысты. Қадірлі қонақтар арасында «SOS балалар қалашығымен» меморандумға қол қою және Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуды мақсат тұтып келген Help4Love қайырымдылық қорының президенті, араб елдерінде қайырымдылық жұмыстарымен танымал болған Кувейт тумасы, «Ізгі ниет елшісі» атанған доктор Ахмад әл-Маскати де болды.
Алыстан ат арытып келген кувейттік меймандар Н.Дәулетова атындағы залда арнайы ұйымдастырылған көрмеден кітапхана қорында сақтаулы тұрған көне Құран кітаптарды, араб тіліндегі қолжазба мұраларды көріп, кітапхана ұжымына ризашылықтарын білдіріп, қазақ еліне деген риясыз алғыстарын жеткізді.
Кувейттен келген делегация кеңесшісі Наржес әл-Юсефи тілшілерге берген сұхбатында: «Бізді қазақстандықтар асқан қонақжайлылықпен қарсы алды. Алматы қаласының сұлу табиғатына қатты қызықтық. Ұлттық кітапханада өтіп жатқан Наурыз мейрамынан қазақ халқының салт-дәстүрімен, ұлттық тағамдарымен танысып шықтық. Алдағы уақытта да Қазақстан мәдениетімен, өркениетімен жақын таныссақ, қазақ елінің әлемге танылуына біз де үлес қоса жүрсек дейміз. Себебі, Қазақстан сияқты өте көркем, қонақжай елді, оның сұлу табиғатын бүкіл әлем білуі, көруі тиіс деп ойлаймын. Келешекте әйел кәсіпкерлердің қауымдастықтарымен ынтымақтастық орнатуға тырысамыз. Мамыр айында Кувейтте өтетін Халықаралық ұлттық киімдер көрмесінен Қазақстан делегациясын да көргіміз келеді», деді.
Жастары алтыбақан теуіп, ән айтып, би билеп, қыз ұзату, беташар, ақындар айтысы сынды ұлттық салт-дәстүрімізді көрсете білген Ұлттық кітапхана ұжымы шетелдік қонақтарға арнап киіз үйлер тігіп, наурыз-көжемен қатар, көптеген ұлттық тағам түрлерін де ұсынуды ұмытпады.
Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов өз сөзінде қызыл империяның саяси құрбанына айналған мәдени мұрамыз – Наурыз мерекесінің 70 жылдан кейін халықпен қайта қауышуына қатысты өз естеліктерімен бөлісті.
Шетелдіктерге қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін таныстыру мақсатында Ұлттық кітапханада аталып өткен Ұлыстың ұлы күнінде Марат Омаров, Айжан Нұрмағамбетова, Алма Аманжолова, Шахизада, Берікбол, Ардақ Исатаева, Айбек Мұхаметалиев сияқты эстрада жұлдыздары ән айтса, балалар би топтары өз өнерлерін ортаға салып, қонақтардың ризашылығына бөленді.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ