30 Сәуір, 2011

Айғақты киноның атасы

622 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Қызметтен тәрбиеленетін ел басқару – әркімнің-ақ қолынан келеді, өнерпаз болу – Алладан. Ол – Алланың елін, жұртын жалпақ жалғанға таныту үшін жаратқан тұлғасы. Тұлғаларды сақтау, қолдау керек! Мұстафа Кемал Ататүрік Таңғажайып ел – Бутан Королдігінде әлем­дегі жалғыз министрлік – Бақыт министрлігі бар. «Сонда қалай, осындайда министрлік бола ма екен?» деп миығынан күліп, мысқылдайтындар да болуы ғажап емес. Оларға айтар уәжіміз: мәдениетті басқаруға болғанда, бақытқа бағдаршам болып, болы­суға неге болмайды? Күндердің күнінде еңселі елімізде сондай бір бекзат министрлік құрыла қалса, иә болмаса, бүгінде биліктің биік баспалдағында жүрген жақсы мен жайсаң бір ақыл жақсы, екеу болса бекем боладыға бекінсе, құдайға шүкір, қай мық­тыға да сүйеу болар, өмірде көпті көріп, көкірегіне көпті түйген қазына қарттар бар­шылық қазақта. Солардың бірі – бүгінде тоқсан бес жасқа толған, мерейтойын бүтін ел болып тойлап жатқан айғақты (деректі) кино­ның атасы, Қа­­зақ­стан­ның ха­лық әртісі, Мемлекеттік сый­лы­қ­тың лауреаты Ораз Әбішев десек, 1916 жы­лы бұрынғы Семей, қазіргі Шы­ғыс Қазақстан об­лы­сы, Абы­ра­лы ауданының Қай­нар ауы­лын­да өмір­­ге келген ол тегін кісі емес, тектілер тұ­қымы­нан. Әке­­­сі Әбіш заманында Абы­ралы, Қу аудандарында болыс болған, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Қарқаралы уездік сотында жауапты қызметтер істеген, кейінірек Семей қаласында адвокат болған, заңға ғана бағынған, тек әділдікке табынған, мық­тылардан ықпаған, ерлік туын жықпаған, елге сыйлы, халыққа аса қадірлі азамат бо­лыпты. Анасы Зағипа музыкалық аспаптар­ды еркін игерген, әнші әрі халықтың салт-дәстүрі мен тарихына жетік зерделі жан екен. Әншілігіне қоса алымды актер болған туған ағасы Нұрмұхамбет Әбішев Сергей Эйзенштейіннің әйгілі «Иван Грозный» филь­міне де түсіпті. Осындай өнерлі ортадан түлеп ұшқан Ораз еңбек жолын қазақ музыка театрында әнші болып бастап, Қ.Байсейітов, Қ.Жандарбеков, М.Ержанов, Ғ.Құрманғалиев сынды сахна саңлақта­ры­мен иықтаса жүріп, «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Айман-Шолпан» т.б. операларда бірқатар бейнелерді мінсіз мүсіндегені жа­йында өнер тарихын зерттеуші, белгілі ғалым Нәзира Рахыманқызы жеріне жеткізе жазды. Бүкілодақтық кинематографистер инс­титутының (ВГИК) режиссерлік факультетінде оқи жүріп «Райхан» фильмінің режиссері Моисей Левиннің ассистенті бол­ған, «Мосфильм», «Ленфильм» сынды кино­студияларда шеберлік мектебінен өткен Ораз Әбішев 1940 жылдан бастап деректі фильмге біржола бет бұрды. Алыс жылға созылған тынымсыз ең­бектің жемісі «Тастағы таңбалар», «Көгілдір арал», «Абсент», «Тарихпен сұхбат», «Сы­нақ», «Жетісу жұлдыздары», «Қалыбайдың бағы», «Жы­­раулар», «Аталар жолымен», т.б. тамаша деректі фильмдер десек, Дина Нұр­пейісова, Кенен Әзірбаев, Мұқан Төлебаев, Талғат Бигелдинов тәрізді тарландар бейнесін сомдаған Ораз аға Әбішев еңбегіне Елбасы Н.­Ә.Назарбаев: «Сіз түсірген шы­ғар­маларда әлемдік маңызы бар проблемалар терең фило­софиялық пайымдаулармен өріліп оты­рады. 70-тен астам фильмдеріңіз бен 300-ден астам киножурналдарыңыз – осы саладағы өнімді еңбегіңіздің нақты нәтижесі. Олар келешек ұрпақтың өз өткенін танып-білуіне, ұлттық рухты шыңдауға қызмет ететін құнды қа­зынамыз болып қала бермек» деп аса жоғары баға берген болатын. Кино өнерінің үлкен мектебінен өткен кірпияз талант Олжас Сүлейменов былай деп жазды: «Ораз Әбішевтің «Тастағы таңбалар» фильмін алғаш көргеннен кейін алған әсерім әлі күнге дейін есімде қалыпты. Бұл – ұлттық сананы жаңғыртқан талантты шығармамен кездесу бақытынан туған қуаныш болатын. Қазақ қоғамына үлкен серпіліс ала келген осы бір тамаша деректі шығармамен кездесу ба­қытынан туған қуаныш болатын. Қазақ қоға­мына үлкен серпіліс ала келген осы бір тамаша деректі шығармамен рухани үндес «Ашық алақан сыры» және «Тарихпен тілдесу» фильм­дерінің бірінен кейін бірі экранға шық­қанын да ұмытқан жоқпын. Бұл айтулы оқиға өткен ғасырдың 60-жылдарының соңы мен 70-жылдардың басында болған еді. Сол кезең­нің қырағы «қатал» цензурасына жалтақ­та­май, ата-бабамыздың тарихы, өнері мен мәде­ние­тін ежелгі ғасырлар қойнауынан аршып алып, халқына қайта ұсынған режиссердің тарапынан болған нағыз азаматтық және батыл қадам еді. Бұл – өз ұлтының тағдыры мен болашағына алаңдаушылық білдіріп, бейберекет қарамайтын үлкен жүректі тұлғаның ғана қолынан келетіні белгілі». Қазақстанның айғақты киноөнерінің негізін салушы Ораз Әбішевтің табиғи таланты мен табанды да табысты еңбектері жайлы құрдасы Кәукен Кенжетаевтан бастап, шәкірті Сергей Әзімовке дейін талай талант тебірене қалам тербеді. «Егер қазақ көркемсуретті ки­носында бас тұлға, бірегей режиссер Шәкен Ай­манов десек, қазақ деректі киносының тұңғыш режиссері, негізін қалаушысы Ораз Әбішев деуіміз керек. Екеуінің есімі қатар, қоса аталуға тиіс. Солай болды да». Бұл кино өнерінің білгір зерттеушісі Камал Смайлов­тың көзі тірісінде жазғаны. Сырт көз сын­шылар да Ораз Әбішев жайлы талай мәрте тамсана жазды. Мысалы, «Әрбір ұлттың маңдайында шоқ жұлдыз болып жанған өзінің біртума азаматтары болады. Қазақ халқының маңдайындағы сондай шоқ жұлдыздың бірі – менің досым, әріптесім, қадірлі Ораз Әбішев болса керек» дейді, әлемге әйгілі кинорежиссер, КСРО және Өзбекстанның халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Мәлік Каюмов. Өмірде есімі өзі жұмыс істеген саламен біте қайнасып, сол саланың символына айна­лып кеткен аса ірі тұлғалар болады. Сондай тұлғалардың бірі де бірегейі – Ораз Әбішев ағамыз. Деректі кино десек Ораз ағаны, Ораз аға десек деректі киноны еске аламыз. Себебі, екеуі бірінен-бірін айыруға бол­май­тын егіз ұғым. Ораз Әбішевтің өнері ұлттық идея мен рухқа, намысқа негізделген. Ол кісінің жасаған дүниелері қазақ халқының деректі шежіресі, яғни қазіргі заман үшін өте ба­ға­лы және бағасы ғасырлар өткен сайын арта түсетіні күмәнсіз. Өйткені, «біздің ата-ба­ба­ларымыз ХХ ғасырда қалай өмір сүрді, немен тыныстады, нені арман­дады» деп сұ­рай­тын келер ұрпаққа Ораз Әбішевтің шығар­малары адастырмай, анық жауап береді. Азаматтығы, адамгершілігі жоқ адамнан таза өнер тууы да қиын. Өйткені, өнер деген адамның жанынан, жүрегінен шығады. Өне­рі мен өмірі біте қайнасып кеткен Ораз Әбішев шығармаларының саф алтындай салмақты, таза болуының негізгі төркінін ол кісінің табиғат берген жанының жомарт­тығынан, жүрегінің кеңдігінен іздеу керек. Менің есіме шөл даланы гүлдендірген «Арман аралы» деген фильмі түсіп отыр. Қарап отырсаңыз, бұл шығарма қазіргі күн үшін де өте пай­далы деген ойдамын. Ол жастарды тазалыққа, еңбекқорлық­қа, отан­сүй­гіш­тік­ке тәр­бие­лейді. Қазір кез келген телеарнаның түймесін басып қал­са­ңыз, қа­тыгез­дік­­ті, жа­уыз­дық­­ты, атыс-ша­­быс­­ты наси­хат­­тай­­тын дү­ние­лер әлі күн­ге дейін тый­ыл­май келе жат­­­қанына куә бо­­­ласыз. Ба­тыс­­тың өзі бү­гінгі таңда ондай фильмдерінен бас тар­тып отырған бол­са, біреудің қаңсығы бізге таңсық болып отыр. Олай болса, оның орнына жас ұр­пақты отаншылдыққа тәрбиелейтін Ораз Әбішев­тің деректі фильмдерін неге көр­сетпеске? Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз білім адамның дұшпаны, оның басына қайғы келтіреді», – дейді. Біз әзірге жастарға білім беріп, ұлттық рухты сіңіре алмай жатырмыз. Дәл қазір келер ұрпақтың бойына өз халқын, оның өнері мен мәдениетін, туған жерін сүю сезімін ұялататын Ораз Әбішевтің фильмдерін кеңінен насихаттаудың уақыты келді. Ораз аға жан-жағына аспандағы ай мен күндей үнсіз сәуле шашып тұрған адам. Менің білуімше, ол кісі ешкімді ренжітіп көрмеген. Осындайда Тұрмағамбет ақынның бір өлеңі еске түседі: «Орынсыз аға-ініңді өкпелетсең, Өкінбес олар саған өртке кетсең. Қалады қалайда артыңда атың, Емпеңдеп елдің атын ерттеп-өтсең», – дейді. Ораз аға елдің атын емпеңдеп ерттеп өткен қазақтың ұлы, халқының құлы болған, жаны таңғы шықтай таза, кішіпейіл, адамгершілігін жоғалтпаған адам. Ораз Әбішевтің қарттыққа мойынсынбай, ширақ жүруінің құпиясы қайсы, сыры неде? Сол көп құпия­ның бірі әрі бірегейі – оның өмірге, өнерге де­ген құштарлығында. 95-ке келсе де Тә­уелсіздік жайлы фильм түсіремін деп құл­шынуы да содан. Ақсары жүзіндегі қызғылт шырай мен ойлы, мұңлы жанарынан нұрлы шуақ шашқан құштарлық оты, мейірімді сөзі, қайырымды ісі – қазына қарттың қуат көзі. Ораз аға Әбішевке Марсель Прустың: «Құдайдың алдына барғанда не айтасыз?» деген сұрағын қойғанымда, іркілместен: – Ата-бабамның арманы болған Тә­уелсіздігімізді мәңгілік ете гөр деп тілеймін, – деді. Сөз басында айтылған таңғажайып ел – Бутан Корольдігіндегі әлемдегі жалғыз министрлік – Бақыт министрлігінің Қазақ еліндегі іргетасы, абыз ата, аңыз адам – Ораз Әбішев айтқан осы ағалық ақ тілек емес пе? Иә, Тәуелсіздіктен қымбат ештеңе жоқ. Бақыт пен Тәуелсіздік егіз ұғым. Сол егіз ұғымның батагөй тілекшілерінің бірі – Ораз Әбішевке мерейтой құтты, денсаулық мық­ты болсын, айғақ киноның абыройлы атасы дейміз. Сәбит ДОСАНОВ,  жазушы.