Әдебиет • 28 Сәуір, 2017

«Жұмабек жолы» журналы жарыққа шықты

455 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

​«Қазақстан жазушылары» кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшеновке арналған «Жұмабек жолы» атты республикалық тарихи қоғамдық журналының ашылу салтанаты өтті.

«Жұмабек жолы» журналы жарыққа шықты

Басылымның алғашқы санында қазақ жерін тоталитарлық тар заманда бөлшектеп құртпақшы болған КСРО басшысы Н.С.Хрущевтің сұрқия саясатынан еліміздің солтүстік бөлігін сол кезеңде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болған Жұмабек Тәшеновтің қалай қорғап қалғаны жайлы нақты деректер келтірілген. 

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы жалпы ұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады, біз жат идеологияларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз», деген сөздеріне орай, халқымыздың рухани мұрасын жаңғыртуға атсалысу қай-қайсымыздың да міндетіміз. Біз Отанымызға адал қызмет ету жолында 1954-56 жылдары Қазақстанның солтүстік-теріскей 6 облысын Ресейге қосылып кетпеуі үшін жоғары лауазымды қызметін тәрк етіп қорғап қалған Жұмабек Тәшеновтей ел мен жер үшін күрескен қайраткерлерді үзбей насихаттауға тиіспіз», – деді академик Меңдібай Мырзахметов жиын барысында.

«Журналды ашудағы басты мақсатым – жастарды патриоттыққа тәрбиелеу, мемлекет тірегі – ұлт рухын көтеру. Жұмабек Тәшеновтің Отан алдындағы парызын адал орындағанын және сондай ұлт қаһармандарының өмір жолдарын, ел мен жерге сіңірген ерен еңбектері мен орасан ерліктерін жұртшылыққа паш ету», – деді журналды шығарушы әрі редакторы Ертіс Нұрқасым. Ал журналдың жауапты хатшысы Айым Арғынтегі «Журналымыздың бірінші саны мың данамен басылды. Халық тарапынан үлкен қызығушылық туындап отыр. Алдағы сандарын мыңнан асыратынымыз анық. «Жұмабек жолы» журналының жазылу индексі – 74967. Осы шараға белсене қатысқан ғалым ағаларымыз бен апайларымызға, ұйымдастырған кітапхана қызметкерлеріне көп рахмет», – деп өз ризашылығын жеткізді.

«Жұмабек жолы» журналы тек Жұмабек Ахметұлының өмір жолымен ғана шектелмей, Отанымызды қорғауда ерліктерімен, өнегелі істерімен көпшілікке үлгі болған өзге де алып тұлғалар жайлы естеліктерді жастар жадында жаңғыртып отыруды көздейтінін айтқан журнал басшылығы Мемлекет басшысының еліміздің рухани жаңғыруына бағытталған бастамасы бойынша қоғам және мәдениет қайраткерлерінің тағылымды өмірлері туралы да көптеп қалам тербейтіндерін жеткізді.

Қабдеш Жұмаділов ақсақал бастаған жазушы-журналистер қауымы, тарихшы Серікқазы Хасенов, Алматы қалалық «Тоспа су» коммуналдық су шаруашылығының басшысы Нұриддин Жарболов, кинорежиссер Қалила Омаров сынды зиялылар қатысып, пікір білдірген жиында тек жер мәселесінде ғана емес, ұлттың тілі, рухы саналатын басылымдар үшін де теңдессіз ерліктер жасаған, зиялы қауымға барынша қамқор болған, қарапайым еңбек адамдарына әрдайым жанашырлық танытқан Тәшенов тұлғасының қыр-сыры кеңінен сөз болды.

Мира БАЙБЕК,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Абай және жас ұрпақ

Абай • Бүгін, 19:55

Жаңа жылдың тарихы қандай?

Қоғам • Бүгін, 18:30