Ұлттық спорт • 28 Сәуір, 2017

​Қыранның – аяқ, тұмсық, сан, тырнақ сыны

1908 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Құстың аяғы мен тұмсығын: ақ аяқ-ақ тұмсық, көк аяқ-көк тұмсық, сары аяқ-сары тұмсық деп үшке бөледі. Оның сыртында қызыл аяқ-қызыл тұмсық бүркіттер де кездеседі. Осы қызыл аяқ-қызыл тұмсық бүркітті тек сәндік үшін ұстамаса, аңқағар қыран құс қатарына жатқызбайды. Тіпті көптеген құсбегілер қызыл тұмсықтыларды бүркіт нәсіліне қоспайтын кезі де бар.

​Қыранның – аяқ, тұмсық, сан, тырнақ сыны

Ақ аяқ-ақ тұмсық құстардың тұмсығы жылмағай майда, жылтыр, тұмсық сырты мен аяқ терісі ақшыл келеді. Көк аяқ-көк тұмсық құстардың тұмсығы мен аяқ терісі көгілдір көрінеді. Сары аяқ-сары тұмсық құстардың тұмсық мүйізгегі мен аяқ терісі күлгін қызылданып әдемі көрінеді. Көк аяқ-көк тұмсық құс негізінен қыран келеді. Сары аяқ-сары тұмсық бүркіттер бапшыл келеді, некен-саяқ болмаса көбі қыран бола бермейді. 

Бұдан басқа қазақ құсбегілері құстың аяғын: арық аяқ, оймақ аяқ, үкі аяқ, теріс аяқ деп те бөледі.

Арық аяқ – құстар сидамша серке сан болады. Мұндай құстардың аяғы етсіз сыйдам және жарақатқа төзімді келеді.

Оймақ аяқ – құстардың саусақ-тырнақтары барбиған етті, көзге бақалдау көрінеді.

Үкі аяқ – құстардың жембасарының арасы жақын бітеді, саласы қысқа болады. Бұндай құстар арық аяқты құстарда да кездеседі.

Теріс аяқ – құстарды кейбір құсбегілер қысқаш аяқ деп те атайды. Теріс аяқ құстардың шеткі жембасары алшақтау, жақтауы ашылған қысқаштай жайылып, теріс қарап тұрады. Бұл құстың өте қуатты күштілігінің белгісі.

Бұлардан басқа бүркітті аяқ терісіне қарап бұжыр аяқ және жарғақ аяқ деп бөледі.

Бұжыр аяқ – құстардың аяқ терісінің сырты қышырлы бұдырланып, қолмен сипағанда түйіршік бедері анық ілініп тұрады. Бұжыр аяқ құстар жаман болмайды, бұл да құстың қырандығының басты бір өлшемі.

Жарғақ аяқ – құстың сирақ терісі жылмағай жылтыр, сыйдам бітеді. Бұл құстың салымсыздығының белгісі. Сондықтан «жарғақ аяқ жарылтпас» деген сөз бар.

Қыранның санына қатысты сын. Құстың арық-семізі, яғни қоңы оның сан етімен өлшенеді. Ұябасарлардың сан еті әдетте бір тұтамнан артық болса,  сарша бүркіттің сан еті бір тұтамнан аспайды. Қарымды қыран құстың санына салалы саусақтың тұтамы екі елі жетпей тұрады. Бүркіттің аяқ саусақтары тұғырда отырғанда бүріспей, арасы алшақ шаршыланып тұрса, тегеуірі мен жембасары адамның бармағынан жуан болса, ол өте қуатты құс. Аяғы кішікене құс алымыр болмайды.

Сан еті біркелкі сыйдамша құсты серке сан дейді. Сан етінің толарсақтан жоғарғы жағы домалақтанып тұрса ондай құсты шоқпар сан деп атайды.

Қыранның тырнақ-тұяқ сыны. Бүркіттің әр саусағының үстіңгі қырында тізілген маржан тастары болады. Тастары көп болған сайын жақсы. Осы маржан тастарына қарап құсбегілер бүркітін «үштасы құс», «төрт тасты құс», «бес тасты құс» деп атайды. Әсіресе, жембасарынан кейінгі саусақтың үстіңгі маржан тастары бүркіттің сапасын анықтайды. Кейбір құсбегілер маржан тасты болат тас деп те атайды.

Керемет қанды көз қырандардың тасы төрт саусақтың үстінде әрбірінде төрттен, жиыны он алты тасы болады. Егер ортаңғы саусағында ғана төрт тас болып, қалған саусақтарында үштен ғана тас болса, ондай құсты әурелемей аяқ бауын ағытып қоя берген жөн. Құстың аяғындағы тастары қаншалықты кесек, тастың астындағы тері қаншалықты көксауланған қатты болса, құс сапасы соншалықты жақсы екенін білдіреді. Тасы ұсақ құс онша қыран болмайды.

Құстың тұяғын – жирен тұяқ және қара тұяқ деп екі түрге бөледі. Қазақ бүркітшілері айтатын: «Жирен тұяқ жібермес, қара тұяқ қайтармас» немесе «шеге тұяқ құлтабан, шеңбер тұяқ ұлтабан, сырға тұяқ майтабан» деген сындарына қарап құсты тырнақ-тұяғына қатысты қалай жіктеуге болатынын аңғарамыз.

Бүркіт мейлі жирен тұяқ болсын, мейлі қара тұяқ болсын, тұяғының түбі жуан, ұшы жіңішкеріп, үшкірленіп бітсе, ортаңғы жембасары қалың әрі сол жағына жабысқан жалы қырлы өткір, шымыр, қысқа, томары шытты болса, ондай құсты шеге тұяқ құлтабан деп атайды.

Тұяғы салалы, доғасы тыныстау, жембасары етті, бедерлі келсе, шеңбер тұяқ ұлтабан делінеді. Бұл қыран құсқа қойылатын басты өлшемдердің бірі.

Қыранның мамық жүнінің сыны. Бүркіттің жүні негізінен екі түрлі болады. Біріншісі – терек жапырақ. Мұны кейде алма жапырақ, тораңқы жапырақ деп де атайды. Бұл түрдегі бүркіттердің пошымы дөңгелек пішінді болып келеді.

Екіншісі – тал жапырақ. Бұл құстың дене пошымы ұзынша болады. Бүркіттің жүні қалың болса, суыққа төзімді келеді. Жүні қысқа әрі тақыр бүркіт – тоңғақ. Яғни, етін ояздатып қайырғанда суықты көтере алмай қиналады. Жалпы жүні тақыр құстан шыққан қыранның алымы жүні қалың құстан шыққан қыраннан төменірек болады.

Балапан күнінде бүркіттің қаптал жүндері үшкіл тал жапырақты болады да, түлек сайын үшкілдері доғаланып, дөңгелек теңге жапыраққа айналады. Жапырақ жүндері бірінің үстіне бір қаттаса бітсе, мұны құсбегілер «қарға жүнді қаттасым» деп әспеттейді. Ал жүндері қалың, түсі үйрек жүндей құбылып тұрса, мұны «үйрек жүнді үттесім» дейді.

Бүркіттің желке жүні оның бітіміне лайық жаратылады. Алайда, желке шудасы қалың, жүндерінің ұшы ине сабақтайтындай үшкір болса, алғыр қыран болғаны. Егер, желке жүні қысқа, ұшы доғалдау болса, ол сынға онша тола қоймайтын құс. Желке жүні қалың құстар көп бап тілемейді. нашар бүркіттердің жүні қарға жүнді өлгек болады.

Қыран құстың сыртқы жүнін сыйпағанда сусылдаған қатқыл дыбыс шығарып, ажарланып тұрады. Ондай болмаса, өлқая, жасық құс есептеледі. Кейбір құстардың жүні қайратты болғанымен, қабырғасындағы кемер жүндері бір ыңғай, артына қарай жатаған бітсе, ол өлермен қыран болмайды. Тораңғы жапырақ жүнді құстардың қабырға жүндері алдына қарай қарсы бітсе, ол нағыз қанды көз қыран болғаны.

Бүркіттің оң аяғы: А – тегеуірін, Ә – жембасар, Б – сығым, В – шеңгел. 

1. Тұяқ, 2. Пышақ, 3. Көбе, 4. Без, 5. Табан, 6. Табан қышыры, 7. Болат, 8. Аяқ қабыршығы.

Бекен Қайратұлы,

«Егемен Қазақстан» 

Суреттер этнограф-зерттеуші Б.Қинаятұлының арихивінен алынды