30 Сәуір, 2011

Форумға қатысуға мүдделілік

490 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Қазақстан елшілігінің ха­барламасына қарағанда, аталған елдің өкілдері 4-ші Астана экономикалық форумына жоғары деңгейде қатысатын болады. Бұл мәселе Қазақстан елшісі Қайрат Лама Шарифтің САК индустрия және сауда министрі Абдалла бен Ахмедпен кездесу бары­сында талқыланған. Абдалла бен Ахмед Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші рөлін және форумның корольдік үшін ма­ңыздылығын ескере келе ел бас­шылығының үлкен делегация жіберу жөнінде ұйғарым жаса­ған­дығын мәлімдеген. Алдын-ала жасалған келісім бойынша елдің бірқатар мемлекеттік органдары мен даму қоры және ірі бизнес құрылымдарының басшылары ен­ген делегацияны индустрия жә­не сауда министрі Абдалла бен Ахмедтің өзі бастап келмек. Кездесу барысында министр екі ел арасындағы сауда эконо­микалық және инвестициялық ынтымақтас­тық жағдайына қана­ғат­танғандық білдірді. Сонымен қатар, ол екі елдің үлкен әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында көп салалы қарым-қатынастар арна­сын одан әрі тереңдете түсудің қажеттігін атап көрсетті. Астана экономикалық форумы міне, осы ынтымақтастық­ты одан әрі да­мытудың жақсы диалог алаңы бола алар еді. Қазақстан елшілігінің ха­бар­лауынша, Астанада өте­тін форум аясында Сауд Арабиясы индустрия және сауда министрі мен Қазақ­стан Республикасы Индустрия және жаңа техноло­гия­лар, Көлік және ком­муни­кациялар, Ауыл ша­руа­шы­лығы минис­тр­лік­терінің, сон­дай-ақ «Са­мұрық-Қа­зы­н­а» ҰӘҚ-тың бірінші бас­шыларының кез­десулері жос­­парланып отыр. Соны­мен қатар, Абдалла бен Ахмед Эко­но­микалық интеграция істері жөніндегі министр Жанар Айтжановамен де кез­десіп, еліміздің Бүкіл­әлем­дік сауда ұйымына өту мәселесін талқыламақ. Доктор Абдалла бен Ахмед Қазақстанның осы мәселе жөніндегі талпы­ныс­тарына корольдік та­ра­пынан қолдау көрсетіле­тіндігін мәлімдеген. Осылайша, Таяу Шы­ғыс жә­не Солтүстік Африка елдері ара­сында көшбасшы атанған ел Қазақстанмен қарым-қатынасқа түсуге үлкен ықылас танытып, Астана экономикалық форумының аясында өтетін іс-шараларға зор мән беруде. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.