30 Сәуір, 2011

«Ан Арыстың» көзайымы

446 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан Жазушылар одағы­ның 75 жылдық мерейтойына және Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай «Ан Арыс» баспасынан ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің озық туындылары топтастырылған «Ал­тын қалам» сериясы жарық көрді. Оқырманға екінші рет жол тартқан серияның бұл жолғы топтамасына Төлеген Айбергенов, Тахауи Ахтанов, Әлжаппар Әбішев, Тәкен Әлім­құлов, Оспанхан Әубәкіров, Қа­лижан Бекхожин, Оралхан Бө­кеев, Хамит Ерғалиев, Ілияс Есенберлин, Сәкен Жүнісов, Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиев, Ба­уыржан Момышұлы, Сайын Мұрат­беков, Жұмекен Нәжімеденов, Әбу Сәрсенбаев, Бердібек Соқпақбаев, Әбділда Тәжібаев, Сафуан Шаймерденов, Қуандық Шаңғытбаев сын­ды қарымды қаламгерлердің классикалық шығармалары енген. «Алтын қалам» кітаптарын та­ныстыру рәсімін Қазақстан Жазу­шы­лар одағы басқармасының төр­ағасы Нұрлан Оразалин ашып, әде­биетіміздің төрінен орын алған бұл шығармалардың осындай сериямен қайта басылуы ұлт мәдениеті үшін үлкен қуаныш екенін айта келіп, болашақта бұл үрдіс жалғасын табатынын баян етті. Бұл көзайым кітаптардың лентасын қаламгерлер­дің қара шаңырағында отырған аяулы жарлары Зайда (Қалижан Бекхожин), София (Жұбан Мол­дағалиев), Нәсіп (Жұмекен Нәжіме­денов) жеңгелеріміз қиып, Қазақ­стан Жазушылар одағы мен «Ан Арыс» баспасына алғыстарын айтты. Сонымен қатар, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы, Қазақстан баспагерлері мен кітап таратушы­лар ас­социациясы «Алтын қалам» сериясы бойынша қазақ әдебие­тінің клас­сикалық шығармаларын насихаттап, Кітап палатасындағы мұрағат қорын үздік шығармалар­мен толықтырғаны үшін Жазу­шылар одағының басқар­масы мен «Ан Арыс» баспасын ар­найы дипломмен марапаттады. Бұған қоса, «Ан Арыс» баспасы осы серия үшін «Ұлы Жібек жолымен» деген атпен өткен VI халықаралық кітап және баспа өнімдері жәрмеңкесі аясында «Көркем әдебиет» номи­нациясы бо­йынша диплом еншіледі. Аталған екі дипломды Кітап пала­тасының президенті Жанат Сейдумановтың атынан осы меке­менің өкілі Қоңыр Мұқа­тайқызы табыс етті. Қорғанбек АМАНЖОЛ. ______________________ Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.