Кез келген демократиялық және құқықтық мемлекет өз ішіндегі бұқаралық ақпарат құралдарын дамытып, азаматтық қоғамда оның басымдыққа ие болғанын қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабында сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндікке кепілдіктің бар екендігі көрсетілген. Осы ретте Еуроодақтың қолдауымен Қазақстан криминалогиялық ассоциациясы Алматы қаласында «БАҚ-тың халықаралық стандарттары және ұлттық заңнама» атты жобаны талқылауға арналған кездесу өткізді.
Кездесуге Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Т.Донақов, Конституциялық кеңес төрағасы И.Рогов, Парламент Сенатының депутаты Б.Имашев, Жоғарғы Сот төрағасы Б.Бекназаров, Бас прокурордың орынбасары И.Меркель, Сыртқы істер министрлігінің Алматы қалалық өкілдігінің басшысы Б.Оспанов, Байланыс және ақпарат министрінің орынбасары Н.Оразов, Қазақстандағы Еуроодақ өкілдігінің жобалаушы маманы Е.Левченко, БҰҰ-ның Орталық Азиядағы адам құқықтары жөніндегі аймақтық бөлімінің өкілі қатысты.
Жиналыстың басында-ақ сөз алған үкіметтік емес ұйымдар мен коммерциялық БАҚ өкілдері еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл мәселесін түсін өзгертіп өздеріне тиімді сипатта көтеруді көздеді. Олардың айтуынша, мемлекеттік тілде берілетін бағдарламалардың артуы жекелеген ақпарат құралдарының өзге тілде жұмыс істеуіне және экономикалық ахуалына әсер етеді-міс. Яғни, жарнама арқылы толығатын ішкі қаржылық жағдайына нұқсан келмек. Алайда, олардың мұндай ұшқары пайымына Конституциялық кеңес төрағасы И.Рогов «Ата Заңның 7-бабында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қазақ тілі деп көрсетілген. Мемлекеттік мекемелер мен жергілікті өзін-өзі басқару орындарында қазақ тілімен қатар орыс тілі де еркін қолданылып отыр. Конституциялық кеңестің 2004 жылғы 21 сәуірдегі шешіміне сәйкес радио және телевизиялық БАҚ-та апталық және тәуліктік хабар тарату ауқымына мемлекеттік тілді енгізу өзге тілдердің мәртебесі мен таралуына шектеу жасамайды» деген жауабын бере отырып, елімізде еркін таралып, жұмыс істеп отырған өзге мемлекеттік БАҚ-тар мен тәуелсіз сарапшылардың біздің заңдарымызды сыйлап және бағына отырып әрекет етулері керектігін қадап айтты.
Екінші бір қызу талқыға түскен тақырып журналистердің ақпарат алу мәселесі болды. Заң жүзінде кез келген мемлекеттік орган бұқаралық ақпарат құралдарының меншік түріне қарамастан мемлекеттік құпияға жатпайтын ақпаратты мерзімінде беруге тиіс. Десек те, кейінгі кездері адам өміріне қауіп тудырған мәселелер мен табиғи апаттарға қатысты мәліметтер, экология, денсаулық, білім, мәдениет, ауыл шаруашылығы, жемқорлық пен мемлекеттік қызметкерлер тарапынан болған заң бұзушылықтар жөніндегі оқиғаларға қатысты ақпараттарды алу мүмкіндігіне көрінбейтін тосқауылдар қойылған. Осы мәселе төңірегінде үлкен пікірталас туындап, нәтижесінде кейбір жекелеген шенеуніктерге қатысты заң бұзушылықтардың орын алатындығымен қатар БАҚ өкілдері тарапынан да өз құқтарын елемеушілік немесе кей ретте асыра пайдаланушылықтардың кездесетіндігі айтылды. Сонымен қатар, БАҚ-ты құру, тіркеу және хабар таратуға байланысты сұрақтар қойылып, оған Байланыс және ақпарат министрінің орынбасары Н.Оразов жауап беріп отырды. Осы тақырып аясында тұлғаны ғайбаттау және тұлғаға қатысты жалған ақпарат тарату, мағлұматты қасақана бұрмалау мәселесі жөнінде де айтылды. Мемлекет қауіпсіздігіне және жеке тұлғалардың моральдық құқығына нұқсан келтіретін осындай әрекеттерге қатысты әлемдегі көптеген елдердің тәжірибесінен мысалдар келтіріліп, бізде де бұқаралық ақпарат құралдарының ақпаратты тарату ісінде жауапкершілікті бірізділікке түсіру шарасын қолға алу ұсынылды.
Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов мырзадан елдегі сөз бостандығының жайы мен жаңа жоба туралы пікірін сұрағанымызда сөз бостандығы дейтін құндылық Қазақстан Республикасының Конституциясында маңызды орынға ие және айрықша қарастырылған. Осы бір ұғым болмаса ешбір демократиялық, құқықтық мемлекет толыққанды мемлекет бола алмайды. Алайда, кез келген қоғамда сын көтерерлік үздік жетістік болуы мүмкін емес. Мүдделер қайшылығы, жекелеген тұлғалардың құқығы туралы сөз қозғалғанда міндетті түрде мәселе заңға барып тіреледі. Тағы бір айта кететін жәйт, сөз бостандығы мен мемлекет қауіпсіздігінің аражігін анық білген жөн. БАҚ-та барлық пікірді қозғауға болады, мазалап жүрген ойды ашық білдіруге бәріміздің құқығымыз бар, бірақ мемлекеттік құпияны жария етуге ешкімнің қақысы жоқ. Барлық елде бұл мәселе мұқият қамтылған. Сондықтан да, сөз бостандығы дегеніміз мемлекеттік құпияны ашық айту, адам құқығына нұқсан келтіре беру керек деген сөз емес екендігін әрқайсымыз білгеніміз абзал, деп жауап берді.
ҚР ұлттық заңнамасы БАҚ саласында халықаралық стандарттарға сәйкес даму жолымен үздіксіз жылжып келеді. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақ елі сөз бостандығы мен адам құқығы жөніндегі көптеген халықаралық келісімдерге қол жеткізді. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен журналистік қауымдастықтар тарапынан лайықты бағаланып, болашақта дамудың жаңа кезеңдерінен көрінетіндігін байқатып отыр. Еуроодақтың қолдауымен Қазақстанда өткізіліп отырған «БАҚ-тың халықаралық стандарттары және ұлттық заңнама» атты жоба осы сөзіміздің айғағы бола алады.
Қанат ЕСКЕНДІР.