30 Сәуір, 2011

Ұлыбритания тақ мұрагері үйленді

439 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кеше Лондонда ханзада Уильям мен Кейт Миддлтон некелесті. Әлем елдері көпшілігінің назарын аударған бұл оқиға Лондонның Вестминстер аббаттығында жү­зеге асты. Салтанатқа 1900 адам қатысса, ел астанасы көшелеріне туристерді қоса алғанда, миллионнан астам британдықтар шықты. Кейбір дерек көздері салтанатты рәсімді теледидар арқылы дүние жүзі бойынша 2 миллиардтан астам адам тамашалағанын көлденең тартып отыр. Ал үйлену тойынан кейін Уильям мен Кейт Кембридж герцогы және герцо­гиниясы атанды. Бұл атақты жас жұбайларға патшайым төңірегі сыйлады. Аталған оқиғаға орай кішігірім жанжал да туындады. Өйткені, елдегі бұрынғы премьер-министр Тони Блэр сияқты кейбір танымал адамдар салтанатқа шақырылмаған болатын. НАТО АВИАЦИЯСЫ БЕС МӘРТЕ СОҚҚЫ БЕРДІ Кеше НАТО-ның әскери-әуе күштері Ливия астанасына авиациядан бес мәр­те соққы берді. Триполи қаласының ор­та­лығына араларына бес минөт салып зымы­рандар мен бомбалар тас­тал­ған. Қаланың Айн-Зара ауданы бұ­ған дейін де бірнеше мәрте әуе соққысына ұшы­раған болатын. Ливия басшысы Муаммар Каддафидің үкіметі әуе соққысына байланысты ешқандай түсінік таратқан жоқ. Қаза тапқандар мен қираған ғимараттар туралы да еш­қандай мәлімет келтірілмейді. Жалпы, Ливия аумағына әуе­ден соққылар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қарар қабылдаған 17 наурыздан бері жасалып келеді. ТОРНАДОДАН 300-ДЕН АСТАМ АДАМ КӨЗ ЖҰМДЫ АҚШ-та, соңғы мәлімет бойынша, табиғи апат – торнадодан 305 адам қаза болған. Адам өлімі ең көп тіркелген штат Алабама болып табылады. Онда 204 адам опат болса, кем дегенде 1700 адам түрлі деңгейде дене жарақатын алған. Теннесси штатында – 34, Миссисипиде – 33, Джорджияда – 14, Арканзаста 12  адам бақилық болған. Сондай-ақ Вирд­жиния штатында – 5, Миссуриде – 2, ал Кентуккиде 1 адам көз жұмған. АҚШ-тың жаңа тарихында ең көп адам шығынына әкелген торнадо 1974 жылы тіркелген екен. Сол жолы табиғи апаттан 310 адам өмірімен қоштасыпты. ТУНИС ПЕН ЛИВИЯ ӘСКЕРІ «ШЕКІСІП ҚАЛДЫ» Ливия үкіметтік әскерлері мен оппозиция күштері арасындағы текетірес барысында алғашқылары соң­ғы­ларының ізіне түсіп қуған болатын. Қарсыластар қыз­ды-қыздымен Тунис шекарасынан өтіп, сол елдің Дахибу қаласына кіріп кеткен. Өзге егемен елдің шекарасынан аттау қарсы реакция туғызатыны түсінікті жәйт. Сөйтіп, Тунис басшылығы Ливиямен шекарасына өз әскер­лерін тартқан болатын. Артынша Тунистің үкіметтік әскерлері мен Ливия қарулы күштері арасында кескілескен ұрыс жүрді. Екі жақтан қандай шығын бар екені туралы нақты мәлімет жоқ. Тунис осы оқиғаға орай Ливияға наразылық білдірді. Ливияның ресми адамдары әзірше өз әрекеттеріне еш түсінік бермей отыр. ҚАДЫРОВТЫҢ ЖЫЛДЫҚ ТАБЫСЫ – 4,2 МЛН. Чешенстан президенті Рамзан Қадыров өткен жылы 4,2 млн. рубль табыс тауыпты. Бұл туралы республика үкіметінің ресми сайтында жарияланған. Қадыров барлық ақшасын өзінің жұмыс орнында отырып тап­қан. Қосымша табыскөзі жоқ көрінеді. Пәтерінің аумағы 36 шаршы метр дейді. Ал зайыбы болса, 210 шаршы метрлік пәтерде тұрады екен. Ресми сайтта президент зайыбы мен балаларының табысы туралы ештеңе айтыл­майды. Қадыровтың жеке меншік көлігі де жоқ көрінеді. Соны­мен бір мезгілде, Интернетте Чешенстан басшысының көлігі деп көрсетілген бірнеше қымбат мәшинелер пайда болған. ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНЫҢ ӨЗІ ҚЫЛМЫСКЕР Үш бұрынғы милиционер Мәскеудің «Вну­ково» әуе­жайында Дағыстан тұр­ғын­дарынан 31 миллион рубль ұрлағаны үшін бас бостандықтарынан айырыл­ды. Түр­мег­е қамалған Александр Адамов, Игорь Воронов және Сергей Чечель 5 жыл 3 айдан 7 жыл 9 айға дейінгі мерзімге түрмеге қамалды. Аталған бұрынғы тәртіп сақшылары 2008 жылдың 17 қыркүйегінде тексеру үшін Махачкаланың екі тұрғынын тоқтатады. Ал олардың сөмкелерінде 348 миллион рубль, 1,73 миллион доллар және 600 мың еуро бар екен. Алтын көрсе періште жолдан таяды дегендей, милиционерлер 31 миллион рубльді зорлықпен тартып алады. Ұрлықтарын жасыру үшін құжаттағы соманы төмендетіп көрсетеді... БЕНЗИН БҰЛАЙ ҚЫМБАТТАП КӨРГЕН ЕМЕС Германияда бензин құны рекордтық деңгейге көте­рілді. Бұрнағы күні 15 мың неміс жанармай құю стан­саларында 95-ші бензин орташа есеппен 1,604 еуродан сатылды. Сөйтіп, ГФР-де 2008 жылдың шілде айын­дағы рекорд «жаңарды». Сол кезде аталған маркалы бензиннің литрі 1,595 еуродан сатылған екен. Бұл қымбаттау жаз маусымының келуімен түсіндіріледі. Еуропада бензиннің осы жолғы маусымдық қымбаттауы орташа есеппен 20 пайызды құрап отыр. Бұған, сонымен қатар, АҚШ-та бензин қорының азаюы қосылған. Соның салда­рынан америкалықтар бензинді Еуропа рынок­та­рынан белсенді сатып ала бастаған. Аталған үдеріске Қытайдағы бензин тұтыну өсімі де өз ықпалын тигізуде көрінеді. ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА: Египет басшылығы жақын арада адамдар мен тауарлардың еркін қозғалысы үшін Рафах шекара өткелін ашатынын хабарлады. Осылайша Газа секторындағы тосқауыл алынып тасталатын болды. Мысырдың оңтүстігінде бортында жолаушылары бар паром апатқа ұшырады. Апат салдарынан кем дегенде 43 адам суға кетті. Оқиға Ніл арқылы Бени-Суэйф провициясына бет алған паромның аударылуынан орын алды. Интернет материалдары негізінде әзірленді.