Аймақтар • 02 Мамыр, 2017

Ортақ мұрат – отанның гүлденуі

136 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын талқылауға арналған отырыс өтті. Шараға еліміздің мәдениет қайраткерлері және аталған ұжымның қызметкерлері қатысты.

Ортақ мұрат  – отанның гүлденуі

Еліміз бойынша қызу талқыланып жатқан маңызды мақала мәдениет саласы мамандарының да назарынан тыс қалмады. Жиынға қатысушылар өз ойларын білдіріп, Президент белгілеп берген міндеттердің өзектілігіне тоқталды.

– Мақалада айтылған негізгі ба­ғыттарды жүзеге асыруда бәріміз бел­сен­ділік танытуымыз қажет. Себебі, еліміздің жарқын болашағы ертеңгі ұр­пақтарымыздың жақсы өмір сүру кепілі болмақ. Президентіміз «Жаңа тұрпат­ты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаң­ғырық­қа айналуы оп-оңай» деп, рухани жаңғыру рухани болмысымызды сақтауда жатқанын атап көрсетті. Өйткені, біздің барлық бай мұраларымыз тарихымыз бен мәдениетімізде, әде­биетіміз бен өнерімізде екені даусыз. Тарихтан терең тамыр алып, рухани құндылықтарымызды дәріптесек, кемел келешекке жарқын жүзбен жетеміз. Мақалада қамтылған бәсекелік қабілет мәселесі де өте орынды айтылған деп есептеймін. Елбасының «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи бай­лығымен емес, адамдарының бә­секелік қабілетімен айқындалады» де­гені бәрімізді ойландыруы тиіс. Мем­лекетіміз әрдайым өнер ұжымдары мен бірлестіктерін қанатының астына алып қолдау көрсетіп келеді.

– Мақалада нысанға алынған әр бағыт халқымыздың болашағы үшін қызмет ететін өміршең құ­жат деп түсінеміз. Еліміздің мә­де­ниет са­ласының биікке өрлеуі мем­ле­­ке­тіміздің саяси дамуы­мен тығыз бай­ла­­нысты, – дейді Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының ди­ректоры Жеңіс Сейдуллаұлы.

Жиын барысында «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Прагматизм», «Бі­лімнің салтанат құруы» сынды та­қырыптар жеке-жеке сөз болды. Қазақстанның Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов: «Дана халқымызда «Жаздың бір күні қыстың бір айына азық болады» дейтін керемет сөз бар. Президентіміздің халыққа серпін беруі, болашаққа деген қадамымызды нық­тап, бағытымызды айқындап берді. Елі­міздің дамуы, халқымыздың бейбіт өмірі, экономикамыздың өрістеуі, мә­де­ниетіміз бен өнеріміздің кеңге қанат жаюы − бәріміздің басты тілегіміз. Елбасымыздың жарқын бастамасын әрі қарай іліп әкетіп жүзеге асыруға атсалысу әр қоғам мүшесіне артылатын міндет деп есептеймін. Отанымыздың гүлденуі – бәрімізге ортақ мұрат», деп жиналғандарға ой салды.

Сондай-ақ, «Қазақстандағы 100 жа­ңа есім», «Қазақ тіліндегі 100 жа­ңа оқулық» сынды бастамаларға қа­тыс­ты ой-пікірлер ортаға тасталып, әр ба­ғыттың маңыздылығы туралы кең маз­мұнда айтылды.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ